Сталин соғыс мүгедектерінен қалай құтылмақ болды?
Соғыстан соң Сталин совет одағының маршалдарына мемуар жазуға тыйым салды. 1950 жылы маршал А.Василевский «Воениздат» баспасына екі қолжазбасы «Сталинградтан Венаға дейін» және «Берлинге шабуылын» тапсырғанымен «мұртты көсем» өлген соң ғана жарық көрді. Себебі Сталин «В мемуарах не будет обьективности» деген тұжырым жасаған болатын, оны да түсінуге болады. Бас қолбасшы ретінде Ұлы Отан соғысындағы жеңісті ешкіммен бөліскісі келмеді.
Сондай-ақ 1947 жылы Ленинград блокадасына арналған мұражайдың ашылуына рұқсат берген жоқ және сол жылдан бастап 9 мамыр «Жеңіс» күнін атап өтуге тыйым салды. Ол аздай соғыс кезінде алған әр ордені үшін тиісті ай сайынғы 1 сом 20 тиын жеңілдіктен де айырды. Ең сорақысы, соғыс мүгедектерінен бас тартты. Ал кемтар солдаттарды соғыстан кейінгі жылдары көшеде әр қадам сайын кездестіруге болатын.
1970 жылы маршал И.С.Конев генерал-полковник Степан Кашкуринге өзі дайындаған құпия ақпаратты көрсетеді. Онда: «Соғыста 46 млн 250 мың адам жараланған. Оның ішінде бас сүйегі сынған 775 мың, бір көзінен айырылған 155 мың, екі көзі жоқ 54 мың, бет сүйегі сынған 501 мың 342, мойны сынған 157 мың 565, ішек қарнының жартысы жоқ 444 мың 046, омыртқасы сынып жүре алмайтындар 143 мың 241, жамбасы сынған 630 мың 259, бір қолы жоқ 3 млн 147, екі аяғынан айырылған 1 млн 121 мың, аяғы мен буынынан жұлынып кеткен 418 мың 905, екі аяғы мен екі қолынан айырылғандықтан халық оларды «самаурын» деп аталғандар 85 мың 942 адам болған», – делінген.
Соғыстан соң жаудан азат етілген қала мен ауылды қалпына келтіру жүріп жатқандықтан соғыс мүгедектеріне тағайындалған жәрдемақы мардымсыз еді. тіпті бір айдың тамағына да жетпейтін. Сондықтан олар Мәскеу, Ленинград, Киев, Одесса сияқты ірі қалаларға қарай ағылып, базар, дүкен, вокзал сияқты адамдар көп жерлерге барып, қайыршыға айналды.
1949 жылы «халықтар көсемі» И.В.Сталин 70 жасқа толғанын атап өту үшін, Мәскеуге дүние жүзінен салтанатты шараға делегация келетіндіктен, «жеңімпаз совет солдатының келбетін бұзатын мүгедектерден» құтылу керек болды. Совет үкіметі оларды Карел-Фин АССР-нің Кириль-Белозерск, Александр-Свирск, Горицк, Валаамский архипелаг-аралдарындағы қаңырап қалған монастырға орналастырды. Оларға тамақ тауып беру үшін аз жәрдемақысының тең жартысын интернат әкімшілігі ұстап қалатын болды.
Қаңырап қалған нысанды интернатқа айналдырғанымен ешқандай жағдай болмады. Жылу жүйесі болмағасын тоңып қалмау үшін, екі «самаурын» адамды бір корзинаға салып, үстіне көрпе жаба салды. Мүгедектердің жүре алатындары қаша бастады.
1951 жылдың 23 маусымында СССР Жоғарғы Кеңесінің «О мерах борьбы с антиобщественными паразитическими элементами» деген жабық Қаулысы шықты. Осылайша соғыс кезінде фашистерді жеңіп, дүниежүзін құлдықтан құтқарған солдаттар «қоғамға жат паразитке» айналып шыға келді.
МВД министрі Сергей Кругловтың құпия бұйрығымен милиционерлер көпшілік орындарда «каталка» деп аталатын қол арбамен және балдақпен жүретін мүгедектерді «тап беру» (облава) әдісімен машинаға тиеп, келген жағына күштеп жіберетін болды.
Осы жерде мүгедектердің жақындары, не отбасы болмаған ба деген заңды сұрақ туады. Олардың отбасы бомбылаудан немесе фашистер қолынан қаза тапқандықтан жалғыз еді. Кейбіреулері «самаурын» күйге түскесін, сүйген жарына немесе ата-анасына масыл болғысы келмей, өзі туралы үйінің «қара қағаз» алғаны дұрыс деп интернатты таңдады.
Сондай жігіттің бірі Совет Одағының батыры атанған Волошин еді. Ол туралы «Әскери ұшқыштар» энциклопедиясында: «Григорий Андреевич Волошин 06.02.1922 ж -16.01.1945 ж истребитель асс ұшқышы, лейтенант. 1945 жылы 16 қаңтарда әуе шайқасында командирін құтқарып қалу үшін өз ұшағымен жаудың «Фокке-Вульф-190» ұшағына таран жасап, қаза тапқан соң Совет Одағының батыры атағы берілген». Алайда, екі аяғы мен екі қолына ампутация жасағандықтан 23 жастағы жас жігіт келіншегіне масыл болғысы келмей, интернатты тұрақтап, 1974 жылы қайтыс болды. Өлер алдында Валаамский архипелагқа жолын тауып жасырын келген суретші Генадий Добров (1937-2011) осы Волошиннің суретін салады. Cуретші жұмысын түнде салғандықтан, еңбегін «Ночные летописи» деп атап, совет одағы құлағасын осы атаумен көшпелі көрме ұйымдастырып жүрді. Арада 20 жыл өткенде, 1994 жылы Волошиннің ұлы әкесінің суретін көрмеде қойған жерінен танып, аралға келіп әкесінің басына ескерткіш белгі қойды.
1947 жылы 9-мамыр Жеңіс күнін атап өтуге Сталиннің тыйым салған Жарлығының күшін, 1965 жылы Жеңістің 20-жылдығына орай Л.И.Брежнев жойды. Содан бастап 9-мамыр демалыс күні болып келеді.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЕВ,
тарихшы, журналист-дайджест