Сталинмен жүздескен қаһарман қыз
Қазақ әйелдері ішінен алғашқы болып Қазақстанның Халық Қаһарманы атағына ие болған, КСРО-ның халық әртісі Роза Бағланова И.В.Сталинмен кездескен қазалылық екі адамның бірі. Алғышқысы, Қазалы ауданының 1938-1942 жылдардағы бірінші хатшысы Тұңғышбай Сегізов еді. Соғыстың алдында болған ВКП (б)-нің ХVIII сьезіне делегат болып қатысқанда қазақстандық делегаттармен бірге 1939 жылы 22 наурызда Cталинмен түскен суретін ертеректе көрген болатынмын.
Екінші бұл құрметке ие болу 100 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған жерлесіміз Роза Бағланова екен.
Соғыс жылдарында майдан даласында шырқаған «Ах, Самара городок» әнін орыстың атақты әншілерінің өзі Розадай орындай алмады. Осы ән бастапқыда орыстың ұлы әншісі Лидия Русланованың репретуарында болады. Оны Роза Бағланова орындағанда әнші: «Розочка, бұл ән сенің даусына лайық екен, әнді саған сыйладым» депті. Не деген қарапайымдылық, «Ұлық болсаң, кішік бол» деген сөз осындайда айтылса керек-ті. Бұл ән Бағланованың бағын ашып, «визиткалық карточкасына» айналады.
Әнші қоржынындағы Социалистік Еңбек Ері, КСРО халық артисі, екі мәрте Сталиндік сыйлықтың иегері В.Соловьев-Седой мен А.Фатьянов бірігіп жазған «На Солнечной поляночке» шығармасы 1943 жылы Роза Бағланованың даусына арнап жазылыпты.
Соғыс жылдарында ұрыс даласындағы концерттерде ғана емес, майданнан соң да осы екі әні үшін орыс халқы Розаны «маленькая казашка с чудесным голосом» деп құрмет тұтыпты.
Соғыс аяқталғанда атақты орыс әні «Веленкидің» орындаушысы Лидия Русланованың басына бұлт үйіріле бастады. Оған күйеуі генерал В.Крюков екеуінің маршал Г.Жуковпен достығы себеп болады. НКВД бастығы Л.Берия маршал Жуковтың көзін құртпақшы болып «соғыс олжасын орасан көп иемденген» деген жалған айып тағылып, Русланованы соғыс жылдарында 1120 рет қан майданда көрсеткен концерті үшін алған орден мен медальдарынан айырып, 1949 жылдың 28 қазанында атақты 58-ші баппен,10 жылға соттап жібереді.
Л.А.Руслановамен майдан даласында достасқан Роза өмір бойы байланысын үзбейді. 1945 жылдың 2 мамырында Рейхстаг алдында алғашқы концерт бермекші болғанда, бір офицер айқайлап: «Қайда барасыңдар? Жатыңдар өлтіреді» дегенде, қасында Роза мен басқа да әншілері бар Русланова: «Орыс әнінің жау алдында тізе бүккенін қашан көріп едіңдер?!» – депті қайсарлана.
1949 жылы 21 желтоқсанда И.В.Сталин 70 жасқа толуына байланысты Русланованың орындауындағы жақсы көретін «Валенки», «Светит месяц», «Степь да степь кругом» әнінің орнына Роза Бағланованың орындауындағы «Ах, Самара городок» және «На Солнечной поляночке» әнімен толықтыруды ойлап, концертке арнайы шақырылады.
Концерт шымылдырығы Д.Шестаковичтің Ленинград блокадасында жазған атақты симфониясымен ашылады. Артынша Сталин соғыс кезіндегі әндерді жақсы көргендіктен, алдымен Клавдия Шульженко шығып «Синий платок», «Давай закурим» әндерін орындайды. Екінші болып Р.Бағланова шығып, Сталинді тұңғыш рет көргендіктен қанша қобалжыса да, «Ах, Самара городокты» тамаша орындап шығады.
Ән орындалып болған соң, артқы жағынан жақындап келген жүргізшінің: «Сталин жолдастың қолынан алыңыз», – деген дауысын естісімен, алдыңғы қатарға ұмтылады. Осылайша Қазалының қаршадай қызы «бірінші тұлғаның» қолынан қос қолдап алып, туған күнімен құттықтайды. Сталин сәл жымиып, басын изейді.
Өмірінің соңына дейін Р.Бағланова Сталинді ардақтап өтіпті. «Караван» газетінің тілшісі: «Сіз әлі күнге дейін Сталинді ұлы адам деп есептейсіз бе?» – деген сұрағына әнші: «Әрине ол ұлы адам, артта қалған мешеу елді, алып индустриялды елге айналдырды, алапат соғыстан елді аман алып қалды» деп жауап беріпті.
Кезінде Ұлыбританияның Премьер-министрі Уинстон Черчелльдің: «Сталин Ресейді соқамен қабылдап алып, атом қаруына жеткізіп кетті» дегені Роза Тәжібайқызының пікірімен үйлесіп тұрғандай.
1950, 1951 жылдары Сталиннің туған күніне байланысты өткен концертке Роза атақты С.Лемешев, А.Вертинский, Г.Уланова, М.Плисецкая, И.Ильинский, А.Райкиндермен бірге қатысады. Өз сөздерінде де тарихи тұлғамен 3 рет жүздескенін мақтанышпен айтып жүреді. Кезінде маршал Г.Жуков, К.Рокосовский, И.Конев, ел басшылары Н.Хрущев, Л.Брежнев, Мао Цзедун, Д.Неру, Ким Ир Сен, И.Ганди сынды атақты адамдармен кездесіп, дәм-тұздас болған Роза Бағланова ұлт мақтанышы болып қала бермек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Қаһарманының есімін мәңгі есте сақтау үшін маңызды шараларды қабылдағаны белгілі. Соның аясында «Қазақконцерт» ұйымына әншінің есімі берілгендігі туралы хабарды өзі оқыған мектеп ұжымы зор қуанышпен қарсы алды.
Бақытжан АБДУЛ-ТҮМЕНБАЕВ