Әсемдік әлемінің шеберлері
Халықтың салауатты өмір сүру, жас әрі әдемі көрінуге деген талпынысының арқасында сұлулық қызметтері нарықта танымал деңгейге ие болып келеді. Сұлулық салондар замана талабына сай сән үлгілерін қадағалап, жаңа технологияны игеруде көш бастап келеді. Сонымен қатар ерлер мен әйелдердің сұлулығына арналған өнімдер мен қызметтерді жақсартып жатыр.
Сұлулық салондарының ең көп сұраныс жасайтын қызметтеріне: шаш үлгісі және бет әрлеу, салтанатты шараға арналған бейнені жасауға бұрымға басты назар аударылады. Бүгінде ерлер де сақал-мұртын сәндеп, шаш қою және ерекше қырыну сияқты қызметтерді тұтынады. Өздерінің келбеттеріне көңіл бөлуге ерекше мән беруде. Сондықтан да сұранысқа орай сұлулық салондары тұрғындардың талабына сай көптеп ашылуда. Әрқайсысының өз тұтынушылары бар. Соның бірі орталық сауда орындарында орналасқан “Лилия” шағын салоны. Бибігүл Утеулиева 40 жылға жуық қазалылықтардың риясыз алғысына бөленуде. Ол кез келген сән үлгісіндегі шаш пен бояудың, бет әсемдеудің нағыз шебері. Көңіліңдегідей шашты қиып, әрлеп береді. Тіптен оларды емдеп беру де қолынан келеді. Бибігүлмен қатар мұнда Гүлсім Өтеміс те халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Ол да шаш сәндеп, әйелдердің бет-жүзін әдемілеу маманы. Шаштараз шеберлерінің қасында жүріп Толқын Утеулиева да өзге де сұранысы жоғары заманауи сән ісін атқаруда.
Атап айтқанда, қыз-келіншектерге маникюр және педикюр жасайды. Сонымен қатар түрлі қалыңдықтағы жасанды кірпікті жабыстырады.
– Бүгінгідей жылдамдықты талап ететін жұмыста жүргендер өзін жинақы әрі сырт көзге тартымды көрсету үшін әрленген қызметтің ұзағырақ тұрғанын қалайды. Соған орай нәзікжандылардың жүздерін әсемдеу барысында қолданатын ұзақ уақыт бастапқы қалпын жоймайтын өнімдерді қолданамыз. Олар сапасына қарай 1 ай кейде одан да көп уақыт өз қызметін атқарады. Тұтынушыларыма жасаған қызметім ұнайды. Алғысын айтып қайта келетіндері де бар, – дейді Толқын Жетпісекіқызы.
Оның айтуынша, ұсыныс түсіп жатса той тойлаушы немесе уақыты шектеулі тұтынушылардың тапсырысымен үйіне барып сұлулық қызметін көрсетеді. Сондай-ақ бет-бейнеңізді жасап, ерекшелігіңізді айқындай түсуге “Лилия” сұлулық салоны шеберлері көмектеседі. Ал салонды үлкейтіп, ондағы қызмет түрін кеңейту уақыт еншісінде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА