Шетелде оқитын студенттер еліміздің университеттеріне ауысып жатыр
2021 жылы шетелде білім алған 11 мыңнан астам қазақстандық еліміздің жоғары оқу орындарына ауысты. Бұл туралы Orda.kz Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзіміздегі ЖОО-ларға ауысқан студенттердің көбі Ресейде оқығандар. Олардың арасында бұрын АҚШ, Қытай, Франция, Мажарстан, Чехия, Польша, Түркияда оқыған, бірақ Қазақстанда оқуын жалғастырғысы келетін студенттер бар.
— Қысқы және жазғы сессияның қорытындысы бойынша бұрын шетелде білім алған 11 мыңнан астам студент қазақстандық жоғары оқу орындарына ауысуға ниет білдірді. Олар жеңілдетілген ауысу тәртібі бойынша қабылданып, қазір отандық жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Мәселен, олар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Нархоз университеті, Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ және басқа да жоғары оқу орындарына қабылданды. Өткен жылы шетелдік жоғары оқу орындарынан 15 мыңға жуық студент біздің университетімізге ауысты, – деді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев.
БҒМ студенттер санының артуына байланысты жаңа жатақханалар салу және бар жатақханалар реттеу тетіктерін қарастырып жатқанын атап өтті. Олардың мәліметінше осы жылдың соңына дейін елімізде 37 жаңа студенттік жатақхана пайдалануға беріледі.