Шашың өртенсе, 101-ге хабарлас
Қазіргі таңда әлемнің қай елін қарасаңыз да көше, орталық алаңдарының дені көлемді баннер, билвордтармен көз тартады. Заман айнасына баланатын бұл құрал өз өміршеңдігін, тиімділігін танытып, үлкен үдерістің бет бейнесіне айналған. Сол арқылы елдегі саяси маңызды шаралар, дамуға үлес қосқан тұлғалар таныстырылады, брендттер танылып, сан мыңдаған компаниялар мен кәсіпорындар, кәсіп иелерінің ісі ілгерілейді. Сонысымен «менмұндалаған» жарнама тақталары әлемдегі ең маңызды және ықпалды өнер түріне саналады. Ал біздің ауданда бұл жағдай қандай? Байыптап көруді жөн санадық.
Назарға алған нысандарымыз аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі маңызды Әйтеке би және Жанқожа батыр көшелері болды.
Бұл ауданға келген қауымды күлімсіреп қарсы алып тұрған отбасылы кәсіпкерлерді жергілікті тұрғындармен бірге қонақтар да танып үлгерген көлемді баннер. Қазалы теміржол вокзалы жанында бірнеше жылдан бері тұрған жарнамашылар жұмысына ешкім шек келтірмейді. Дегенмен халықты жалықтырмай, орнын жаңа ақпараттармен ауыстыруға болар еді. Бұрын бұл жерде аудандағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат ілінетін. Әр кез оны көрген сайын түрлі бағыттағы тірлік тіктеліп, одан санаулы болса да тұрғын жұмыс тауып, туған жерінің түлеуіне атсалысуда деген түсінік ерекше әсерге бөлеп, ауданның болашағына деген сенімді нығайта түсетін. Бұрын дегеннен шығады, өткен ғасырдың екінші жартыжылдығында туып-өскен біздің буын қазіргі Қорқыт ата атындағы балалар музыка мектебі жанындағы «Тәртіп – табыс тұтқасы» деген милиционер ағайдың суретін жақсы таниды.
Сондай-ақ «Жеңіс» паркі мен «Шағала» лагеріне бас сұққан адам, шын мәнінде, рухани кемелденіп қайтатын. Себебі ұран болар ұлы сөздер мен мағыналы ойлар санасында саңылауы бар жанды бейжай қалдырмайтын. Одан жас буын кемімеді, кеңіді, кемелденді, кешегіні біліп, келешектен көрікті көрініс күтті. Бұл жағдайды бүгінмен салыстыруға келмес. Себебі қазіргі заман – нарықтық кезең. Моральдық құндылықтан гөрі, материалдық байлықты жоғары қою үрдісі тұтас қоғамда қалыптасуда. ҚР Жарнама туралы Заңында жеке кәсібін өрістетушілерге кеңшілік молынан берілген. Осыны білсе керек, мына бір тапсырыс берушілердің «жүректен жол табатын талғамы» таңдай қақтырмай қоймады. «Sapaly bilim» оқу орталығының бала тәрбиелеу бағытында жаңашыл, шетелдік тиімді тәсілді ұстанатындарын оңай аңғаруға болады. «101 – басыңдағы шашың өртенсе, 102 – басыңнан ұрып кетсе, 103 – басың ауырса». Жоғарыда атап өткен Заңда: «Жарнама тарату (орналастыру) нысанына немесе пайдаланылатын құралына қарамастан шынайы, оны ұсыну сәтінде арнаулы білімсіз-ақ немесе арнаулы құралдарды қолданбай-ақ нақ сол күйінде танылатын болуы тиіс» делінген. Сонда өсіп келе жатқан өскін өрт сөндіру қызметіне тек шашы өртенгенде, полиция қызметіне басынан жарақаттанғанда, жедел жәрдем қызметіне басы ауырғанда ғана жүгінуі керек пе? Ондай жағдайға тап болғанда хабарласу мүмкін бе? Ақылға сыйымсыз. Онсыз да ықшам ақпарат алып, тура ойлауға дағдыланған ұрпақтың санасын барлығын жеңіл қабылдауға баулу кімге тиімді? Келешек үшін қауіпті емес пе?
Бақылаған қос көшедегі көрікті тақтайшалардың дені осындай қызметтерге шақыру мақсатына арналған. Ал саяси мемлекет екендігімізді ойға түсіретіндерін саусақпен санау да артық. Қатарларындағы «Ядросыз әлем құру – адамзаттың аңсарлы арманы», «Күнсұлу Закария – Қазақстандық «QAZVAC» вакцинасының әзірлеушісі» дегендерді көріп, көңіліміз жарыды. Қандай жақсы жайлар қамтылған. Ұрпақты ойлантып, отансүйгіштік қабілетін арттырады.
Бұл жолы күн әбден қақтап, көшелер мен кент келбетіне көріксіздік туғызып тұрған маңдайшалар мен хабарландыру жарнамалары да жанарымыз бен жанымызды жабырқатты. Қытай тәмсіліндегі «Кімде кім күлімсірей алмайтын болса, ол адам сауда-саттықпен айналыспауы тиіс» дегеніндей өнімін өткізу, ұсынуға жол табу жарнама иесінің еркінде. Алайда тіл түзелмей, ел түзелмейді дегендей, ортақ мүлік болғандықтан, оның мағынасы мен мазмұны, сапасы, көркемдігі құзыретті органдар мен баршамызды алаңдатуы тиіс.
Маржан ҚУАНЫШБАЕВА