Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәби қалды сенделіп

Сәби қалды сенделіп

«Үйлену оңай, үй болу қиын». Бұл сөздің парқын білмегендер отбасылы болуды қызыққа балап, артынша 1 жылға жетпей ажырасып тынуда. Неліктен қоғамда осы мәселе кеңінен белең алып кетті? Бар кінәні бір-біріне жаба салып, эмоцияға ерік беріп, жеңіл шешім қабылдайды. Ол үшін түрлі себептің болатыны рас. Алайда шаңырақ көтеруді ойынға айналдырып, от баспаған жөн секілді. Мақсат – өзгелерге ақыл айту емес. Тек бүгінгі дертке айналған күрмеуі қиын түйткілге қатысты маман пікіріне құлақ түру. Мүмкін осы мақаладан соң жыл сайын көбейген көрсеткіштің азаюына титтей де болса септігіміз тиер.
Айыпты кім?
Ажырасудан ТМД елдері арасында алғашқы орындамыз. Зерттеулерге сүйенсек, Қазақстандағы әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады.
Білесіз бе, арыз беретіндердің көбі әйелдер. Неге? Психологтардың пікірінше, олар ақылмен емес, эмоциямен әрекет етеді екен. Қазіргі заманда әйел құқығы мен бостандығы әлдеқайда нығайған. Әйел адамның білім алуына, мансап жасауына толық мүмкіндік бар. Бұрын отбасы, бала-шағасы үшін шыдап, жарынан айырылмайтын әйел бүгінде өзі үшін өмір сүргісі келеді.
– Көбінесе ажырасуға бастама көтеретін әйелдер, өйткені олар ерлердің дәстүрлі патриархалдық көзқарасына, сонымен қатар экономикалық тәуелсіздікке көнуге келіспейді. Үшінші мәселе – неке жасының күрт өзгеруі. Бүгінде ерлер үшін некеге тұрудың орташа жасы – 27, ал әйел үшін 24 жас. Бес жыл бұрын қыздар 21 жаста құрса, жігіттер 24 жасында отбасын құратын. Отбасын кеш құру ажырасу санының артуына ықпал етуде. Тағы бір ерекше аспект бар. Қазақ отбасында әлі де жас отбасын құру процесіне туыстарының, әсіресе енесінің ықпалы зор. «Ажырасуымызға туыстары себеп болды» дегенді жиі естудеміз, – дейді әлеуметтанушы Махаббат Санжарқызы.
Кент тұрғыны Гүлмира ата-енесінің қазымырлығынан, екі ортаға от тастайтын ағайын-туыстың кесірінен ажырасқанын айтып налиды.
– Екі жыл бұрын шаңырақ көтердік, тойымыз өтті. Алғашқыда тату-тәтті өмір сүрдік. Дүниеге сәби келді. Басында пәтер жалдап тұратынбыз, кейін мемлекеттік бағдарламамен ­баспана алдық. Алайда арамыз бірте-бірте салқындай бастады. Үйде ұрыс-керіс жиілеп кетті, жанжалға себеп отбасылық мәселеге туған-туыстың араласуы болды. Ақыры ажырасып тындық. Қазір қызым екеуміз ата-анамның үйіндеміз. Әкесі қызын көруге келіп, көмектесіп тұрады. Жалпы, екі жастың мәселесіне туысқандары араласпаса екен деймін, – дейді келіншек.
Солай екен деп, ерлердің кінәсін де жоққа шығара алмаймыз. Амал нешік, жары мен бала-шағасын жәбірлеп, қорғаудың орнына қорлайтын азаматтар баршылық. Ең өкініштісі, тұрмыстағы зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Статистикаға сүйенер болсақ, елде жылына 400 ерлі-зайыптының бірін-бірі өлтіру оқиғалары тіркеледі екен. Әйел отбасында үнемі қорлық көрсе, онда мұның соңы ажырасуға әкеп соғары анық.
Ал бізде отбасындағы жарасымды қалыпқа келтіру үшін жасалатын шаралардың оң нәтижесі бар ма? Ажырасу жаппай белең алғанын байқаған сәтте Қазақстанның жоғарғы соты «Отбасылық сот» атты жобаны қолға алды. Үш жылдан бері жүзеге асырылған бастаманың мақсаты – күйзеліске түсіп, тығырыққа тірелген жұптың ойланып, отбасын ойрандамауына ықпал ету. Осы орайда, ажырасуға арыз бергендерге құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде отбасы сақталып қалады немесе ажырасқан соң, жақсы қарым-қатынаста қалуына көмектеседі. Отбасылық өмірдің негіздерін үйретумен қатар, отбасылық психологтарға ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптыларды жіберу артық болмайтын сияқты. Бірақ бұл отбасыларға тегін көмек беретін тұтас институт ­болуы керек.

Бала болашағы алаңдатпай ма?
Қазіргі ажырасқандардың 90 процентке жуығының балалары бар. Психологиялық зерделеудің нәтижесінде сол балалардың бақытты балалық шақтан гөрі өмірге ашу-ызасы басым болады. Ата-ананың мейіріміне қанып өспеген баланың кемшілігі көрініп тұрады. Дәл қазіргі күні елде 500 мыңдай кәмелетке толмаған бала әкесіз өсуде. Отбасыдағы мұндай қиын жағдай ең әуелі балаға зиянын тигізері даусыз. Осы мәселе төңірегінде №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының тәлімгері, психолог Сабира Тұрғанбайдың пікіріне құлақ түрдік.
– Ертеректе бабалар отбасы мәселесіне асқан жауапкершілікпен қараған. Жар түгілі, жетім-жесірін де қаңғытпаған. Қазір ата салтынан адасқанымыз сонша, шаңырақ шаттығын бұзуға шімірікпейтін болдық. Бүгінде дәстүрлі отбасылық құндылық бұзылып, материалдық игілік алға шықты. Ажырасу салдарынан балалардың сабағы төмендеп, тәртібі нашарлайды. Ал 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, сол арқылы ата-анасына күйзелісін білдіруге тырысады. Бұл – баланың жанайқайы. Ал оны ұғынғысы келетін үлкендер жағы азайып барады.
Бірде бес жасар балаларға психолог ретінде «отбасы» ойынын ойнауды ұсындым. Сонда қыздар жағы аналарының, әжелерінің, қыздардың рөлінде ойнап шықты. Сенесіз бе, ер балалар әкенің рөлін ойнамай қойды. Ақыры бір баланы әке рөлін ойнауға көндірдік. Сонда ол қолына теледидардың пультін ұстап алып, жантайып қана жатты. Бүкіл ойында өзін осылай ұстады. Енді балабақшадағы бір ғана топтың бұл жағдайына қарап, бүкіл отбасындағы ахуалды саралауға болмайды. Дегенмен бұл – шындықтың бір ұшын көрсетіп тұр, – деген ойын білдірді.

Ауданда ахуал қалай?
Бұл өзекті мәселе біздің ауданда да өршіп тұр. Олардың басым көпшілігі жас отбасылар екен. Бұл жайында Қазалы аудандық сотының судьясы Қуаныш Мыханов:
– Кейде сот залына ажырасу үшін өрімдей жастар келеді. Бір-бірімен қосылмаса болмайтындай, асығыс шешім қабылдайды. Бірақ аз уақытта күліп тұрып ажырасып жатады. Демек, олар әу баста отбасын құруға дайын болмаған. Тағы бір қынжылатыным, әрбір шайқалған шаңырақ біздің қоғамда қанағаттың, кешірім сұрау мәдениетінің азайғандығын дәлелдейді. Кейде бір-бірінің кемшіліктерін тізбелеп, сот залына қыз бен жігіт секілді жанжалдасып келетін орта жастағы ерлі-зайыптылар да бар. Ортақ баланы ойлайтын жағдайда емес. Сот тәжірибесіне жүгінсек, ажырасудың негізгі себебі – ерлі-зайыптының тұрмыста бір-бірін түсінбеуі, бірінің араққа салынуы немесе опасыздық жасауы, зорлық-зомбылық көрсетуі, сондай-ақ отбасындағы материалдық қиындықта, – деді.
Жоғарыда сөз еткендей, ажырасқандардың 80 проценттен астамының ортақ балалары бар. 400 000 ана балаларын жалғыз тәрбиелесе, 60 000 жалғызбасты әке бала тәрбиесімен айналысуға мәжбүр. Заңгер Перизат Бақытқызының айтуынша, отбасы институтын күшейтпей бұл үрдісті тоқтату қиын.
– Бұрынғы ата-бабамыз сүйенген дәстүрлі ислам, имандылық қағидалары әр отбасында қайта үстемдік құруы қажет. Әйел мен ер азаматтың орны, олардың жекелеген міндеттері өз ретімен жүруі тиіс. Әйел отағасын, ері отанасын сыйлап, бір-біріне кішіпейілділік пен құрмет көрсетпей отбасында береке болмайды. Ер азамат сол отбасы алдындағы материалдық, моральдық жауапкершіліктердің бәрін орындауы қажет. Сонда ғана біз ежелгі ата-әжелерде болған сыйластықты табамыз. Қазір біз көптеген істен көріп жүрміз, ері бүгежек, есесіне әйелі адуын. Әркім өзінің орнын жауапкершілігін әу бастан сезіну керек, – дейді ол.
Тарих тереңіне үңілсек, қазақ қоғамында ажырасу өте сирек кездескен. Тіпті жоқтың қасы болған. Бұл жайында 5-ші квартал тұрғыны Қалдыбай ақсақал баяндап берді.
– Бұрындары «Пәленшенің қызы қайтып келді, ұлы әйелін жіберіпті, ата-енесі сыйдырмапты» дегенді есту қиын болатын. Келген келін сол үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Әлде ол кездегі тәрбиенің мәні зор болды ма білмеймін, әйтеуір ажырасу деген ұғым ара-тұра кезігетін.
Жалпы «талақ» деген сөз құқық нормаларында айтылып, көрсетілгені болмаса XVII және ХХ ғасырдың бас кезеңіне дейін «талақ» айта салып, ажырасып кету кездеспейді. Яғни дәстүрлі ортада мұндай екіге бөліну болмаған. Қазірден айырмашылығымыз сол. Ол уақытта қазіргідей «сүйіп қосылды» деген әңгіме де кезікпеген. Ертеден атастырып, айттырып, үйлендіріп, құдаласқан екі ру арасындағы бітімгерлікпен келген дүние болғандықтан ажырасу мүмкін емес.
Расында ажырасудың себебі өте көп. Әр отбасында әртүрлі. Мұны дөп басып ешкім айта алмайды. ­Жастар мұндай әрекетке бармас бұрын, жауапкершілікті терең сезініп, бала жағдайын, оның тірі жетім қалып, жәутеңдеп өспеуін ойласа игі.


А.БАҚЫТҰЛЫ
24 тамыз 2021 ж. 308 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 75

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031