Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салғырттық салқынын тигізуде

Салғырттық салқынын тигізуде

Әлемге қауіп төндірген «COVID-19» инфекциясының таралып, өз қаупін көрсеткеніне қарамай, көпшілік арасында оған немқұрайлы қарайтындар әлі де азаймай келеді. Себебін өткен тәулікте аймақ бойынша коронавирус инфекциясымен тіркелген 166 жағдайдан ұғынуға болады.
Жыл басынан аталмыш инфекциямен Қызылорда облысында 13 528 науқас тіркелсе, олардың 10 550-і уақытылы тиімді ем шара алу нәтижесінде отбасыларына оралған.
Тәуліктік тізімдегі 166 науқастың 7-уі ­ауданда анықталған. 2021 жылғы 16 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасынада Қызылорда облысымен бірге Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары «Қызыл» аймаққа енген. «Сары» аймақта: Түркістан облысы бар.
«Қазақта «Әлекке ауру салғанда, Қадірін жанның білерсің» деген сөз бар. Қатердің еліміге төнгеніне қарамай, оған бейжайлық танытып, санитарлық талаптарды сақтамай жүрген жерлестеріміз әлі де көптеп кездеседі. Қауіптілік деңгейі толық анықталып бітпеген вирустың жаңа түрін түбегейлі жоятын ем жоқ. Алайда қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, адам жанына араша болып, өмірін сақтап қалу үшін патогенетикалық және симптоматикалық ем жүргізіледі. Алдын алу үшін вакцина егіледі.
Анықталғандай, барлық жастағы адамдардың вирусты жұқтыру қаупі бар. Алайда басқа да жұқпалы респераторлық аурудың көпшілігі сияқты, балалар мен 65 жастан асқандар, иммундық жүйесі әлсіреген жандар үшін өте қауіпті. Маска кию мен вакцина алу ауру қаупін толық сейілтеді деп денсаулыққа немқұрайлы қарамау керек», – дейді дәрігер Күншығар Әбіл.
«Өлімнен ұят күшті» деп эпидемияның өршіген шағында той-томалақ, қазалы жиындарда басқосуға қанша тосқауыл қойып, айыппұл төлетіп, шара көрілгеніне қарамай, тоқтамай келеді. Осындай көпшілікке қосыламын деп, дертті дендеткендердің бірі Амангелді Асанов.
«Ауру айтып келмейді деген рас екен. Бұрын баспасөз құралдарынан небір адам шошырлық ақпарды естісек те, басымызға түспеген соң сезінбеген екенбіз. Қазақпыз ғой. Бір ұялатын жерге барып, дәм ауыз тиіп шыққаным сол еді, үйге келісімен мазам кетті. Ел айтып жүрген ауру менің денеме де ұялапты. «Ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады» деген. Қазір, шүкір, дәрігерлердің арқасында қалыпты өмірге оралдым. Алайда сол аурудан қалған әлсіздік ұдайы сездіріп тұрады. Өздеріңді күтіңдер», – дейді ол.
«Өткен аптада сап-сау жүрген әпкеміз әлсіреп, ауруханаға жеткізілді. Алғашында амандық-саулық, өз амандығын айтып жатқан адам күн санап жағдайының аурырлап бара жатқанын жеткізген. Жақындарына дәрігерлер өкпесінің 85 процентін жарамсыз деп танылғанын айтқалы бәріміз уайымда отырмыз. Байқауымызша, жасанды тыныс алатын қондырғыға таңылған мұндай тағдырлар көптеп кездеседі екен. Әзірге үмітімізді Алла мен ақ халатты жандарға жалғап, күндіз-түні тілек тілеуден басқа әркет қолымыздан келмей тұр. Сондықтан әрбіріміз өзімізге, жақындарымызға алаңдасақ, оқшауланып, санитарлық талаптарды сақтағанымыз маңызды», – дейді Жұлдыз Дінмұхамбетқызы.
Ауданда құрылған арнайы штаб күн сайын тойхана мен үйлерде жиын мен тойлар өткізіп, қуанышты сәтін тойлаған тұрғындарды анықтауда. Салдарынан қаншама адам денсаулығын жоғалтып, кейбірі өмірмен қоштасуда. «Ораза намаз тоқтықта» деген бар. Салғырттық салқыны саулықтан айырып, жағдайды одан әрі күрделендіруде. «Сақтансаң сақтаймын» дегенді қаперге алып, аз күнгі қызықты тыйсақ, одан да үлкен қуаныш күтіп тұрғанына әрбіріміз өзімізді сендіруіміз ­керек.

А.МЕЙІРХАНОВА
17 тамыз 2021 ж. 325 0

Ғайып болған елес ауыл

14 мамыр 2024 ж. 118

Қамыс басындағы қыз

14 мамыр 2024 ж. 105

Қарақұмға қой көшкенде

14 мамыр 2024 ж. 86

Аналар ардақталған күн

14 мамыр 2024 ж. 97

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031