Қытайлық Vero Cell вакцинасы қазақстандықтарға салынады
Қазақстанның бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов Vero Cell вакцинасына қатысты жаңа қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Елімізде COVID-19-ға қарсы тұру үшін Sinopharm компаниясының Vero Cell вакцинасын салуға рұқсат берілді.
Қаулыға сәйкес, бұл вакцинаның SARS-CoV-2, 19nCoV-CDC-Tan-HB02 штаммынан жасалғаны, құрамында антибиотиктер мен консерванттар жоқ екені белгілі болды.
Бұл вакцинаны 18 жастан асқан кез келген азамат салдыра алады. Вакцина екі компаненттен тұрады. Екпенің әр компонентінде 0,5 мл өнім болады. Екі бөлігін салдыру аралығы – 21-28 күн.
Алайда вакцина бірқатар санатттағы адамдарға қарсы көрсетілген. Олар:
- Вакцинаның кез келген компонентіне аллергиясы бар адамдар;
- ойламаған жерден вакцинаға аллергиялық реакция байқалғандар;
- бақыланбайтын эпилепсия немесе жүйке жүйесінің басқа да үдемелі аурулары, сондай-ақ анамнезінде Гийен-Барре синдромымен ауыратын адам болса;
- 18 жасқа толмаған адамдарға.
- Егер вакцинадан кейін жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялар пайда болса, осы өнімді қайта пайдалануға тыйым салынады.
Сонымен қатар кейбір жағдайларда вакцинаны сақтықпен қолданған абзал.
Мәселен жедел ауруы, созылмалы аурулардың өршуі және қызбасы бар пациенттерге вакцина салғызбаған абзал. Қант диабетімен ауыратын пациенттерге және анамнезінде немесе отбасы анамнезінде құрысулар, эпилепсия, энцефалопатия, психикалық аурулары бар пациенттерге де вакцина салған кезде сақ болу қажет.
Вакцинаны бұлшықетке енгізу кезінде пайда болуы мүмкін қан кету қаупіне байланысты қанның ұюының бұзылуы және тромбоцитопения бар пациенттерге және қатерлі ісік, нефроздық синдром, ЖИТС-пен ауыратын науқастар сияқты иммундық функциясы бұзылған пациенттерге сақтықпен қолдану керек.
Құжат 12 тамыздан бастап күшіне енді.