Жабайы жарыс жарға жықпасын

– Күндіз көшеде көлік көп жүреді. Сол себепті бұл уақытта көлік жүргізушілері жылдамдықты асырмайды. Аламан «атжарыс» кешкі сағат оннан кейін басталады. Немерелерімді ертіп парк маңында, осы Қ.Пірімов көшесінің бойында серуендейміз. Сондайда балаларымның қолын жетектеумен жүремін. Ерсілі-қарсылы жарысқандар жазым қылар деп қорқамын. Әсіресе, балаларға арналған субұрқақ жанындағы жүргіншілер жолын жүйткіген көлік жүргізушілері байқай бермейді. Ал одан кейінгі Сүлейменов көшесімен қиылысатын бағдаршамды елеп жатқан ешкім жоқ. Қос-қос көлік үлкен жылдамдықпен келіп, қызыл түстен өтіп кетеді. Осы Пірімов көшесіндегі қозғалысты полицейлер назарға алса екен, – дейді кент тұрғыны Анар Сүлейменова.
Сондай-ақ Жеңіс паркінің алды кешқұрым көлікке толады. Бұл жер сауық құрған жастар мен жарыс қуған жүргізушілердің жиын алаңына айналған. Осы маңда тұратын адамдар күшенген матор даусынан ұйықтау мүмкін емесін айтады.
– Өзім де көлік жүргізгенді жақсы көремін. Бірақ сенің қызығушылығың біреудің мазасын алмауы керек екенін түсінемін. Осыны парк алдына келіп, дрифт жасайтын жігіттер неге ұқпайтынына таңғаламын. Кешкі сағат он бірден кейін түнгі тыныштықты бұзуға бола ма? Көлік дөңгелегінің асфальтқа үйкелген дауысы бесіктегі баланы шошытып, үлкендердің мазасын кетіреді. Әлсін-әлі полиция көлігі келіп қайтарып жіберетінін білеміз. Бірақ сонда да өнер көрсеткіш көліктер саны азаяр емес, – дейді сол маңда тұратын Тәңірберген есімді жігіт.
Бұған дейін аталған көшелерде бірнеше рет жол көлік оқиғасы тіркелгенін білеміз. Одан көліктер жарамсыз жағдайға түсіп, жарық бағаналарының бастары салбырап қалған еді. Мұндай келеңсіздік жиі орын алып жатса да көлік жарысына құмар жандар сабақ алар емес. Ал аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов осындай жол ережесін бұзушыларды құрықтау полицейлердің негізгі жұмысына айналатынын жеткізген. Сөзіне сенсек, жақын арада кенттегі қозғалыс қиындығы бар көшелеріндегі бейнебақылау камералар жөндеуден өткізіліп, оны үздіксіз қадағалап отыратын полиция пункті жақын арада жұмысын бастайды. Бұл туралы өткен аптада аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен бұрынғы МАИ ғимаратымен таныстыра барғанда мәлімдеді. Қазіргі таңда есігіне құлып салынған нысанды мамандандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, жастар арасында автомобиль жарысына қызығушылық бар. Әсіресе қозғалтқыш көлемі жоғары көліктер орнынан айналып, айналаны көк түтінге тұндырып қойғаннан ләззат алады. Бұл ресми спорт түрі саналатындықтан, «қаздырғыштар» айыбы түнгі тыныштықты бұзуында. Ал көшедегі жабайы жарысты адамдардың бәсекеге түсуге дайын тұратындығымен түсіндірген дұрыс. Әйтпесе төрт жолақтан жол таба алмай жүрген адам жоқ. Өкініштісі сол, біреудің қызығының құны екіншінің өмірімен есептелінуінде.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ