Гранттар конкурсына құжат қабылдау басталады
Қазақстанда білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау 16 шілде күні басталады. Пандемия жағдайына байланысты құжат қабылдау электронды форматта жүзеге асырылады.
Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, оқуға түсушілер 6 мамыр мен 1 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін конкурсқа ұсына алады. Өтініш берген кезде талапкерлер аттестат, аттестатқа қосымшаның электронды көшірмелерін және электронды түрде көлемі 3х4 фотосуретті, сондай-ақ басқа да құжаттың көшірмелерін қоса тапсыруы қажет.
Егер талапкер «Алтын белгі» иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік бел-гісімен марапатталған болса, онда ол басқа үміткерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай артықшылықтар қарастырылған. Талапкерлердің мұндай жетістіктерінің ескерілуі үшін құжаттарды тапсыру кезінде растайтын құжаттардың көшірмелерін тіркеу қажет. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат болған кезде өтініш беруші сертификаттың атауын, балын көрсетеді және электронды сертификатты тіркейді.
Сонымен қатар биыл білім беру гранттарын бөлу кезінде Білім және ғылым министрлігі алғаш рет халықтың әлеуметтік осал топтарына квоталар бөлді. Енді көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардағы талапкерлердің грант алу мүмкіндіктері жоғарылай түсті.
Кәмелетке толмаған төрт және одан көпбала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардан шыққан балаларға 1%-ы, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан түлектерге білім беру гранттарының 1%-ы қарастырылған.
ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер Ұлттық жоғары оқу орындарына түсе алады. «Педагогикалық ғылымдар» – кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» − кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балл, басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл. Бұл ретте ҰБТ-ның әрбір пәні немесе шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинау қажет.
Талапкерлер мен олардың ата-аналарының денсаулығын қорғау мақсатында жоғары оқу орындарында виртуалдық қабылдау комиссиялары жұмыс істеп, талапкерлерге бейне байланыс арқылы кеңес береді. Бұл әрі құжат қабылдау процесін де жеделдетеді.