Жоғары оқу орындарында виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді
Үш күннен соң, яғни 16 шілде күні мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталады. Бұл шара электронды форматта жүзеге асырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
«Талапкерлер мен олардың ата-аналарының денсаулығын қорғау мақсатында жоғары оқу орындарында виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істеп, талапкерлерге бейнебайланыс арқылы кеңес береді. Оқуға түсушілер 6 мамыр мен 1 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның 2 нәтижесінің біреуін конкурсқа ұсына алады. Өтініш берген кезде талапкерлер аттестат, аттестатқа қосымшаның электронды көшірмесін және электронды құжат нысанындағы көлемі 3×4 цифрлы фотосуретті, сондай-ақ басқа да құжаттардың көшірмесін қоса тапсыруға тиіс», – деп мәлімдеді білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі. Талапкер «Алтын белгі» иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталған болса, онда ол басқа үміткерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай артықшылық қарастырылған. «Талапкерлерге мұндай жетістіктерінің ескерілуі үшін құжат тапсыру кезінде растайтын құжаттардың көшірмесін тіркеу қажет. Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат болған кезде өтініш беруші сертификаттың атауын, балын көрсетеді және электронды сертификатты тіркейді», – деп нақтылады министрліктің баспасөз қызметі. Биыл білім грантын бөлу кезінде білім және ғылым министрлігі алғаш рет халықтың әлеуметтік осал тобына квота бөлді. Соған сәйкес көпбалалы немесе толық емес отбасынан шыққан балалар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасындағы талапкерлердің грант алу мүмкіндігі жоғарылады. «Кәмелетке толмаған 4 және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасындағы балалар үшін гранттардың жалпы санының 5%-ы, кемінде 3 жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасынан шыққан балаларға – 1%, І, ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан шыққан түлектерге білім беру грантының -1%-ы көзделген», – деп жазды білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.