Қазақстанда қандай мамандар сұранысқа ие?
Маусым айында Электрондық еңбек биржасында 96,4 мың бос жұмыс орны және 49,2 мың түйіндеме орналастырылған. Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Өткен аймен салыстырғанда ЭЕБ-дағы бос жұмыс орындарының саны 28%-ға, ал түйіндемелер саны 6%-ға өсті. Бос жұмыс орындарының саны елдің оңтүстік облыстарында көбірек ашылды.
Бос орындардың үштен бір бөлігі төмен біліктілікті талап ететін кәсіптерге жатады. Сұраныс бойынша екінші орында – өнеркәсіп жұмысшылар, үшінші орында – кәсіби мамандар.
Сала бойынша жіктейтін болсақ, маусым айында ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары және өзге де қызметтер сұранысқа ие үштікті құрады. Осы үш сала бойынша бір ай ішінде 20 мыңнан астам бос жұмыс орнын жарияланған.
Орталықтың жазуынша, білікті емес жұмысшылардың еңбекақысы 7,9 мыңға, өнеркәсіп жұмысшыларыныкі - 3,9 мыңға, қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлердікі 2,9 мыңға өскен.
Атап айтқанда, біліктіліктің болуын талап етпейтін кәсіптер арасында бір ай ішінде қосалқы жұмысшыларға, көгалдандыру жөніндегі жұмысшыларға, әртүрлі жұмыстарды орындаумен айналысатын жұмысшыларға сұраныс артты, өйткені ауыл шаруашылығы мен құрылыста маусымдық жұмыстар жанданды.
Өнеркәсіп жұмысшылары арасында тігіншілер, слесарь-жөндеушілер, автослесарьлар және электромонтерларға сұраныс көбірек өсті.
Қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлер арасында күзетшілерге, аспаздарға және тәрбиеші көмекшілеріне сұраныс артты.
Жекелеген білікті мамандықтарды қарастыра отырып, маусым айында консультант-сатушы (323 түйіндеме және 1581 бос жұмыс орны), автомобиль жүргізушісі (872 түйіндеме және 1854 бос жұмыс орны) жетіспейтінін атап өткен жөн.
Мейірбикелерге/мейіргерлерге деген сұраныс та жоғары (628 түйіндеме және 1249 бос жұмыс орны).
Біліктілігі жоқ қызметкерлердің арасында жүк тиеушілер, қосалқы жұмысшылар, түрлі жұмыстарды орындаумен айналысатын адамдар, ас үй жұмысшылары жетіспейді.
Маусым айында ең тапшы мамандықтар қатарына біліктілігі жоқ құрылыс жұмысшылары мен ферма шаруашылығындағы түрлі жұмыстарды орындаумен айналысатын жұмысшылар қосылды.
Ал маусым айында артық деп табылған мамандар ішінде мал өсірушілер, заңгерлер, фирма директорлары және техник-бағдарламашылар, елді мекендерді абаттандыру бойынша жұмысшылар, вахтерлер мен консьерждер, курьерлер, сондай-ақ аумақтарды абаттандыру бойынша жұмысшылар кірді.