Коронавирусты ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы жеңеміз
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі және халықты жаппай вакцинациялау шараларын күшейту мәселелеріне арналған жедел штаб отырысы өткізілді. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары және қала, аудан әкімдері онлайн режимде қатысты.
Аймақ басышысы эпидемиологиялық жағдайдың күннен-күнге тұрақсыз болуы салдарынан тәулігіне 20-дан астам науқас тіркелетінін қаперге салып, вирусты шектеу шараларын күшейтуге жете мән беруді қатаң тапсырды. Сондай-ақ, індетті ауыздықтау үшін ұжымдық иммунитетті қалыптастыру керектігін жеткізді.
- Республика бойынша жаңа Дельта штаммы тіркеліп, өкінішке орай біздің облысымызда да анықталды. Жағдайды бақылаудан шығарып алмауымыз қажет.
Пандемияны жеңудің бірден-бір жолы тез арада ұжымдық иммунитетті қалыптастыру, яғни вакцина салғызу. Коронавирус инфекциясын азайтуға мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін кем дегенде облыс халқының 401 мың тұрғыны вакцинациялаудан өтуі қажет,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова аурушаңдық көрсеткіштердің тіркелуі жиілігін айтып, өңірдегі індеттің ахуалын таразылап, шектеу шаралары бойынша негізгі басымдықтарды атап өтті. Сондай-ақ, жаңадан енген қаулыдағы негізгі талаптарды саралап берді.
Қаулыға сәйкес 16 шілдеден бастап ұйымдардың вакцинацияланбаған жұмысшылары жұмыс орнына кіруі үшін ПТР-тестілеуді міндетті түрде тапсыруы керек. Сондықтан қызметкерлер 15 шілдеге дейін вакцинациялаудан өтуі қажет.
Отырыста облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова вирус індетін тоқтатуда адамдар арасындағы қарым-қатынасты мейлінше азайту үшін той-жиын мен жылдық астарға тұрғындардың бармауын шектеу мақсатында мониторинг жүргізіп, карантин талаптарын сақтау мәселесін ортаға салды. Бұл ретте соңғы 3 күннің ішінде мониторингтік топтың есебі бойынша карантиндік талаптардың бұзылуы дерегі азайған.
Жиында Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшысы Бектөре Сұлтан 1 шілде күні 167 мониторингттік топпен 15 рейдтік тексеру жүргізіліп, 45 нысан тексерумен қамтылып, карантин талаптарын бұзу әрекеттеріне талдау жасалған.
Жедел штаб отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жангелді Шаймбетов тұрғындардың вакцина салдыру қарқыны туралы баяндаса, Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан «Ashyq» жобасы арқылы жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандардың белсенділігін атап өтті.
Бүгінде облыс көлемінде вакцинаның I компоненті бойынша 158 358, II компонент бойынша 85 935 тұрғынға екпе салынды. Ал, «Ashyq» жобасында 510 кәсіпкерлік нысандарының 260-ы QR-код алып жоба шеңберінде кәсібін жүргізуде.
Штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі облыстық санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысына эпидемиологиялық ахуалды күшейтілген түрде бақылауға алуды, науқастармен қарым-қатынаста болған тұрғындарды шұғыл түрде анықтап, аурудың таралуына жол бермеуді тапсырды. Сондай-ақ, полиция департаменттерімен бірлесіп мониторингтік топтардың жұмысын қайта бейімдеп, жұмыс беруші ұйымдардың барлық қызметкерлерін вакцинациялаудың базасымен салыстыруды, мониторинг жүргізетін топтардың белсенділігін күшейтуді жүктеді.
Облыс әкімі мониторинг топ мүшелері өкілеттілігін асыра пайдаланып, азаматтар мен бизнеске қысым көрсету және олардың қызметіне заңсыз араласу фактілеріне жол бермеуі қажеттігін қатаң ескертті. Ал, денсаулық сақтау басқармасының басшысына вакцинациялау жұмыстарын күшейітуді және барлық медициналық мекемелердің коронавирусты инфекциясының жаңа толқына дайындығын тексеруді міндеттеді. Ал, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасының басшыларына «Ashyq» жобасының аутсайдерлері мен «Көшбасшыларының» тізімін қалыптастыру бойынша жұмыстардың мерзімінде орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді. Берілген тапсырмалардың орындалуын бақылауға алуды облыс әкімінің орынбасары Балжан Шаменоваға тапсырылды.
Қызылорда облысының әкімдігі