Сүрленген сүр бойдақ, Жүр екен кімді ойлап?
Жаһандану заманы уақыт өткен сайын «Жалғыздық құдайға ғана жарасады» деген қағиданың өткірлігін өшіріп келе жатқан сияқты. Өйткені дамудың алғы арбасы саналатын Батыс халықтары осы күндері жан рақаты үшін өмір сүргенді, жалғыздықты өмірлік девиз етіп алған. Ақырында Еуропа елдері тек кәрі құрлық ретінде ғана емес, халқының басым бөлігі қартайған жұрт ретінде танымал бола бастады. Бұл мәселеге келгенде қамшының екі ұшы бары ескеріле бермейді. Көбіне әңгіменің уыты «отырып қалған қыздарға» даритынын білеміз. Бірақ жасы отызға тақалса да қыр басында қыздармен сауық құрғаннан әріге аса алмай жүрген жігіттерді қайда қоямыз? Алдымен қаракөздердің көз жасына қалып, кейін шетелдіктерге ұзатылып кетуіне солар себеп болып жүрген жоқ па? Олай болса Бауыржан Момышұлы өз заманында: «Жиырма жасқа келіп, үйлебеген жігіт – халық жауы», – деген сөзін мақұлдамасқа шара жоқ. Бүгін осы жайында ой толғаймыз.
Серілік серуені бітпеген
Қазір Қазақстанда 14 пен 29 жас аралығында жастар саны бес миллионның айналасында. Оның 3 миллионнан астамы жиырма бестен асқан бойдақтар екені белгілі болды. Қайбір жылдары «Айқын» газеті сыңарын таппағандар үлесін жариялаған. Онда жұпсыз нәзік жандар үлесі 28,2, серілік серуені бітпеген жігіттердің 39,6 процентті деп көрсеткен. Демек, босағада отырған қыздан бұрын үйдегі балаға «келін әкел» деген құптарлырақ естілетін секілді. Бұл халықтың қартаюынан бөлек, басқа да мәселелердің өршуіне әкелуі мүмкін.
– «Қазақстанда, бүкіл әлемде сияқты, отбасы институты белгілі бір қиындықтарды бастан кешуде. Ажырасу саны артып келеді. Алғашқы неке жасы ұлғайып келеді. Жалғыз тұратындардың саны тұрақты түрде өсім алған. Соңғы жылдары некеде тұрған адамдардың үлесі 10,3% төмендеді. Сонымен бірге, үйленбеген ерлер мен тұрмыс құрмаған әйелдер саны он процентке өсті. Бұл жақсы жаңалық емес, – дейді «ҚазГосЖенПУ» әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеу институтының директоры Замза Қодар.
Негізі қазақылық барынша сақталған өңірлердегі тұрмыс құру жасы басқа аймақтарға қарағанда төмен. Мәселен Маңғыстау, Атырау, Қызылорда өңірлерінде ер баланың еш себепсіз үйленбеу жүруі үлкендерге ерекше ерсі көрінеді. Бірақ бұл қалаларда мұндай мәселе жоқ деген сөз емес. Ал елдің солтүстігінде жар-жар әні сирек естіледі. Әсіресе Павлодар, Қостанай сияқты қалалардың жігіттері жас дәуренді жалғыз өткізгенді жөн көреді. Осының бәрін есепке алған статистиктер елдегі ерлердің отбасы құрудағы орташа жасын 27-28 жас деп белгілеген. Ойлана қалсаң, арқалы алпыстың бел ортасы. Бұл баланы өмірдің қызығына балаған халық үшін жаға ұстатар жағдай еді.
Бойдақтар туралы мәселе көтермес бұрын, статистика комитетітің мәліметін де шолып шықтық. Шошыдық. 2019 жылы шаңырақ құрған екі отбасының бірі ажырасып, шаңырақтары ортасына түскен екен. Сосын жігіттердің жүрегі дауаламай жүр ме деген ой қылаң берді.
«Қатын болатын қыз қалмады»
Жасы отызға жақындаған таныс жігіттерден той қашан екенін сұрай қалсақ, көбіне осылай жауап береді. Уақытын өткізіп алғасын айтылған әңгіме шығар деп топшылаймыз. Әйтпесе басы бос нәзік жандылардың бәріне бұлай күйе жаға салуға болмасы анық. Солай бола тұра жігіттер арасында жиырма бестен асып, тұрмыс құрмаған қыздар көп серімен бақта серуендеген деген рас-өтірігі аралас стереотип барын да жоққа шығара алмаймыз. 28 жасар Еділ есімді кент тұрғыны мұндай жағдаймен бетпе-бет келу ақ некеге отыруға деген ниетті бұзатынын айтады.
– Бұған дейін ата-анама лайықты келін болады-ау деген бірнеше қызбен көңіл жарастырып көрдім. Бірақ тағдырдың жазуы шығар, тойға дейін жетпеді. Соңғы рет отау құруға 25 жасымда бекіндім. Бірақ таңдауымнан қателескенімді ұқтым. Қыз-жігіт болып жүргенімізге біраз уақыт өтсе де ұялы телфонынан басқа да жігіттермен сөйлесіп жүргенін көріп қалдым. Ақылға салып қарасақ, мұны қыз баланың лайықты жар іздеуімен түсіндіруге болатын шығар. Бірақ дәл осы жағдайдан кейін бұрымдыларға шынай сенім білдіре алмайтынды шығардым. Әрбір таныстық сайын сол келеңсіз оқиға ойға оралып, толыққанды сезімге бөлене алмай жүрмін. Мұндай жағдайда жүрген адамның отау құру туралы ойы тым күрделеніп кетеді екен, – дейді ол.
Мәселенің жалғыз себебі бұл емес. Қазір қыз балалар бұрынғыдай құлай сүйгеннің етегінен ұстап кете бермейді. Жайлы, үй-күйі бар азаматтың аяулы жары болғанды дұрыс санайды. Неге десеңіз, болашақ балаларының таршылық көргенін қаламайтындарын айтады. Бұл жаңа отау санының өсуіне қолбайлау болып отырғаны даусыз. Үйленуден үміті бар жігіттер де алдымен жағдайын жасап алғанды жөн көреді.
– Жиырма бес жасты анау айтқандай кеш деп ойламаймын. Жастықтың жалындап тұрған шағы. Бірақ келін болуға лайықты қыз болса қанекей. Әзірше, ондай жанды кездестіргенім жоқ. Өзім де іргетасын көтерген үйімді толық аяқтап, жұрттан ұялмайтын той жасағым келеді. Бірақ ол үшін алдымен тұрақты жұмысқа орналасып алу керек. Кейде әлеуметтік желідегі сұлулармен таныстық жұмыс орның мен көлік туралы сұрақтан кейін түгесіліп қалады. Заман талабы ғой, оған ренжімеймін. Бірақ кейде ертеректегі көзсіз сезімді, махаббаттағы үйлесімділікті аңсап кететінім бар. Бұйырған күні біздің үйде де той болар, – дейді Азамат есімді құрдас.
Бірер жыл бұрын белгілі болған статистикаға сүйенсек, Қазақстанда отау құрған жастардың 70-80 проценті баспанасыз жүр. Әншейінде статистикаға күдікпен қарайтын көңіл әлгі «екінің бірі ажырасып жатыр» деген әңгіменің шынайылығына осыдан кейін еріксіз сенеді екен. Бойдақтардың бұл тобының ісін дұрыс емес деп те айталмайсың. Ештен кеш бақыт жақсы емес пе?!
Сүрбойдақ пен сүннет
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдағы ағайын арасында бойдақтар сирек кездеседі. Сосын жеті жасар баласынан бастап келешекте қатын алуға қамданады. Мұны Қазалы ауданындағы Лақалы ауылына барғанда әке мен бала арасындағы келелі әңгімеден байқадым.
– ... Ұлымды оқуға түсіріп, білімді азамат еткім келеді. Содан аудан орталығынан үй, ер қанаты ат емес пе, астына көлік алып беріп үйлендіргім келеді, – деп еді, арты орындықта отырған ұлы тосыннан: «Әке қаладан үйдің де, көліктің де керегі жоқ. Тек ертерек үйлендіріңізші, – деп көлік ішіндегілерді күлкіге қарық қылды. Рөлдегі әкесі еркелете боқтап алып еді: «Әке, менікі келіншек алып, қартайған шағыңызда рақатымызды көрсе екен деген тілек қой», – деп ұтқыр жауап берді. Балада не айла болсын?! Мұны ел ішіндегі, ошақ қасындағы тәрбие шығар теп топшыладық. Ауылдағы жігіттердің ерте есейетіні, даладағы отбасы институтының жетілгені осындайда анық байқалады.
Ақ неке қиып, үй болу – Мұхаммед пайғамбардың сүннеті, үйленуге шамасы жеткендер үшін Ислам дінінің әмірі. Бір хадис шәрифте: «Үйлену – менің сүннетім» десе, басқа бір хадисте: «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын» деп, бойдақтарды үй болуға шақырған. Әрдайым айналасындағы сахабаларын дүниеге қатты қызығушылықтан сақтандырып, шаңырақ көтеруге үндейтін. Бірде пайғамбар сахабаларын дүние-мүлікке беріліп кетуден сақтандырған кезде хазреті Омар (р.а.): «Сонда өмірден не алайық?» – деп сұрайды. Алла елшісі: «Зікір айтатын тілі, шүкіршілік ететін ділі бар, ақырет үшін сендерге жәрдемші болатын салиқалы мұсылман әйел алыңдар» – деп мұсылмандық тәрбиемен сусындаған, үлкендерді, ерін сыйлайтын, кішілерге мейіріммен қарайтын иманды, ибалы әйелдердің дәрежесін көтеріп, мағынасы терең сөзімен сүйіншілеген. Бойында тақуалығы бар, сенімі кәміл ер азаматтар жасы келгенде некеге салмақты қарағау шақырған.
Бойдақтар санын азайту мемлекет тарапынан жасалатын қолдауға да тәуелді екені даусыз. Соңғы кездері жас отбасыларға, мамандарға арналған тиімді жобалар іске қосылды. Мұның игілігін көріп жатқандар жетерлік. Бірақ бұл да мәселені шешудің ұтымды әдісі емес сияқты. Қай бір жылы демограф Мақаш Тәтімов «бойдақ салығын» жандандыру арқылы халық санын көбейтуге болатынын айтып еді.
– Ай сайын 5 мың теңгеден салық салса, азаматтар өздері ойлана бастайды. 25-тен асқан қыздар мен 30-дан асқан жігіттер өздерінің өмірлік серіктерін таппағаны үшін мемлекетке салық төлеуі керек», – деді ол. Артынша көпшілік бұған қарсылық білдіргені есте. Алайда қазіргі зайырлы қоғамда әркімнің өз өміріне өзі жауапты екеніне таласа алмаймыз. Біреуге «отау құр» деп ақыл айту да жанашырлықтан басқа ештеңе емес. Түбінде адамзат ұрпағымен сыйлы екенін ұмытпайық дегіміз келеді. Ал оған ертерек қамданғанның аты озатыны анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ