Қызылордадағы тұрақтандыру қорында 1072,2 тонна өнім бар
Өңірде картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат бағасының өсуі өткен жылғы қордың азаюына және маусымаралық кезеңге байланысты болып отыр. Бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен 1,4 млрд. теңге бөлінді. Оның 500 млн.теңгесі әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік өнімдерін сатуға кәсіпкерлерге қарызға беріледі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев баяндады.
«Жыл сайын сәуір айынан бастап шілдеге дейін көкөніс, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат өнімдерінің бағаларының өсуі орын алады. Бұл қоймалардағы күзгі өнімдердің таусылуы және жаңа өнімнің жаппай пісуі күзгі айларға келетіндіктен.
Осы маусымаралық кезенде оңтүстік өнірлердің ерте пісетін өнім сорттары жеткізіліп нарық бағасымен сатылады. Бүгінде халықты көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасыз ету мақсатында оңтүстік облыстардан және көршілес Өзбекстан республикасынан жеткізілуде»,- деді Талғат Тұрсынұлы.
Бүгінгі күнде аймақтың тұрақтандыру қорында 1072,2 тонна өнім бар. Бұл өнімдер 29 дүкенде және 5 ірі сауда үйінен ашылған әлеуметтік бұрыштарда белгіленген бағада халыққа сатылуда. Мұнан өзге, биыл қосымша тағы 10 әлеуметтік дүкен ашылатын болады.