Вакцинациялау: халық қашан ірі сыйлық береді деп күтіп отыр
Билік блогерлердің тәсілін қолданса, вакцинациялау жоспары артығымен орындалады. Қазақстанда вакцинациялау науқаны төмен қарқынмен жүруде, деп жазады Inbusiness.kz.
ДСМ-ның ресми дерегіне сәйкес, 2021 жылғы 16 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналардың I компонентімен тек 2 млн 587 мың 884 адам егілген. II компонентті 1 млн 480 мың 309 адам алды. Салыстыру үшін айтсақ, бір күн бұрын, 15 маусымда вакцинаның I компонентін – 2 млн 547 мың 363 адам, II компонентін – 1 млн 435 мың 334 адам салғызған. Яғни, бір тәулік ішінде 40 мың 521 адам вакцинацияланды. Ел Үкіметі оқушылар дәстүрлі оффлайн форматта білім алуға көшуі үшін жаңа оқу жылы басталғанға, қыркүйекке дейін 10 миллионға жуық адамға КВИ-ге қарсы екпе салынатынын жариялады. Қыркүйекке дейін 76 күн қалды. Бұл жоспарды орындау үшін күн сайын 130 мыңнан астам адам вакцина алып отыруы керек. Ал қазіргі қарқын бұдан 3,2 есе аз. Ырғалып-жырғалып жүруге жағдай мүмкіндік қалдырмауы мүмкін: іргедегі Ресейде коронавирустың тарауы қайта өршіді. Солтүстік көршіде өткен аптамен салыстырғанда COVID-19 жұқтыру саны 1,5 есе – тәулігіне 9 мыңнан 14 мыңға дейін өсті. Мәскеу індетті тосқауылдауға бағытталған қосымша шектеу шараларын енгізді. Бұл мәселе күні кеше Үкімет отырысында талқыланған. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осыны ескере отырып, облыстардың және үш мегаполистің әкімдерінен вакцинациялау қарқынын арттыру бойынша жаңа шаралар қабылдауды өтінді. Ал бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цой мырза вакцинаның жеткілікті екенін мәлімдеді. Тек салушылар сапы селдір. 2021 жылдың ақпан айынан бері өңірлерге 6,2 миллионнан астам вакцина жеткізілді. Оның ішінде 3 миллионы – ресейлік «Спутник V» вакцинасының І компоненті және 1,6 миллионы – ІІ компоненті. 100 мың дозасы – қазақстандық «QazVac» вакцинасы. Тағы 1 млн дозасы – Қытайдың Sinopharm компаниясы БАӘ-мен бірлесіп, шығарып жатқан «Hayat Vax SARS-CoV-2 Vero Cell» вакцинасы. Бұған қоса, 500 мың доза қытайлық «CoronaVac» вакцинасы (Синовак) егіле бастады. Қытайда өндірілген бұл вакцина осы аптада қазақстандықтарға қолжетімді болды. Бұл 18 жастан асқан адамдарды вакцинациялауға арналған белсенді емес вакцина. Оның екі дозасы 14–28 күн аралығында салынады. Жалпы алғанда, бүгінде вакцинаның 4 млн дозасы ғана пайдаланылды, оның ішінде бірінші компонентпен халықтың небары 26%-ы егілген. Ұтыс өткізсе, бірнеше рет егілуге дайындар табылады Фармокология маманы, сарапшы-аудитор Елтай Естаев елді вакцинациялауға ынталандыру шараларын қабылдаған жөн дейді. «Ресейде індет қайта өршіп кетті. Оларға пандемияның үшінші толқыны келді. Бұл жағдай таяуда бізде де туады. Одан вакцинациялау қарқынын өрістету арқылы құтылуға болады. Ендеше егілушілер арасында автомашиналар мен баспана ұтысын ұйымдастыру керек. Қазақстандықтар мұндайды жақсы көреді. Екпе салғызуға ұзын-сонар кезек қалыптасатынына кепілдік беремін! Өкінішке қарай, біздің халыққа басқа ешқандай үгіт-насихат, үндеу әсер етпейді. Адамдар тек «халява» үшін жапатармағай жүгіреді», – деп ащы шындықты айтты сарапшы. Расында, дәл осы тәсілді блогерлер, «гив» (Giveaway) ұйымдастырушылар, букмекерлік кеңселер, тіпті қаптаған қаржы пирамидалары кеңінен қолданады. Оларға алданатынын біле тұра, бұқара өкілдері бәрібір тез баюды мақсат тұтып, үнемі үймелеп жатады. Айтпақшы, дәл осы тәсілді салықшылар қолданды: көлік ұтып алу үшін жұрт жандәрмен чек жинай бастады. Дегенмен, ақыр соңында ол көлікті қанжығалап кеткен адамның адал жеңгеніне күмән туды. Сөйтіп, қазір жұртшылық чек талап етуге қайтадан немқұрайлы қарайтын болды. Сондықтан соңынан шу, жанжал және түңілушілік тумауы үшін әкімдіктер көзбояу етіп емес, шын көлік пен пәтерді ұтысқа салғаны жөн. Сый тартудың бір үлгісін өткен аптада елорда көрсетті: «Абу Даби Плаза» сауда ойын-сауық орталығында вакциналанғандар арасында кәсіпкерлерден түрлі сыйлық ұтысы ойнатылды. Ұтысқа қатысудың шарты – екпе алу. Мұндағы егу пункті 22 сәуірде ашылыпты. Содан бері 6 100-дей ғана адам вакцина салғызған. «Бизнес иелері вакцина алушыларды акциялар, ұтыс ойындары арқылы ынталандыруға көшуде. Біздің екпе пунктінде 7 маусымнан бері арнайы приз қарастырылған: егілгендерге сауда орталығымыздағы 24 сауда орнында әртүрлі жеңілдік ұсынылады», – деді «Абу Даби Плаза» СОО бас директоры Хакан Нильсон. Мұны естіп, соған дейін екпе салғызғандар өкпелеп қалды. Әлеуметтік желілер олардың қынжылыс пен қыжылды сөздеріне толды. «Вакцина салғызғандарға ақша төленеді екен деген сыбыс былтырдан бері толастамай тұр. Ауыл-аймақтағы адамдар «қашан қомақтырақ сыйлық не ақша береді, сонда барамыз» деп артын бағып, күтіп жүр. «Абу Даби Плазада» сыйлық таратқанда онда тегін салғызып қойғандар сан соғып, өкінді. Бірақ қазақстандықтардың көпшілігі мұндай қымбат, сән-салтанатты сауда орындарында сауда жасай алмайды. Ендеше оның жеңілдік карталарына бұқара қызықпайды. Өңірлерде, ауылдарда басқа акциялар ұйымдастырған жөн. Мысалы, егілгендерге екі тонна шөп, бірер тонна отын мен көмір, немесе қапшық ұн таратылса, жұртшылық белсенді егіледі. Тіпті бірнеше рет салғызуға құштарлар табылуы мүмкін», – дейді қарағандылық Жарасбек Қамал. Ынталандыру емес, итермелеу жолдары іздестірілуде Әзірге вакцинациялау мәжбүрлеу жолымен жүруде. «Мен антиковидтік вакцина көмегімен иммундаудың қызу жақтаушысымын. Ұжым арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Алайда вакцинациялау қарқыны тым шабан. Себебі, екпеге қарсы қозғалыстың өкілдері жан-жақтан белсенді қимылдауда. Олар әлеуметтік желі, интернет, мессенджерлер арқылы әлдебір ғалымдардың «вакцинаның зияны» туралы жалған байламдары мен фейк ақпараттарды ұдайы таратып, елді қорқытады. Дезинформациямен күрес, оны әшкерелеу өте күрделі іс. Бұл еңбек қауіпсіздігі саласындағы қарапайым қызметкердің қолынан келе бермейді. Соның кесірінен басшылығымыз осы бағытта нашар жұмыс жүргізетінімізді айтып, үнемі айыптайды. Үгіт-насихатымыз сәтсіздікке ұшырау қарсаңында тұр. Сол себепті вакцинацияны ілгерілету саясатын қайта қарау қажет», – деп жазды еңбек министрлігіне өтінішінде квазимемлекеттік ұйымның еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі маманы Ғ.Ізбасаров. Ол министрлікке бірнеше ұсыныспен шықты: «Біріншіден, Денсаулық кодексіне сәйкес, вакцинациялау ерікті жүргізіледі. Бірақ ұйымның қызметін және ұжым мүшелерінің денсаулығын қорғауға міндеттіміз. Осыған орай қарсыласушыларды екпе алуға итермелейтін белгілі бір шарттар туғызуға бола ма? Мысалы, вакцинацияланбаған қызметкерлерді жұмысқа кіргізбей қою заңды ма? Екіншіден, екпе салғызбаған жұмысшылардан жұмыс орнына кіруі үшін апта сайын өз қаржысына ПТР-тесттен өтіп тұруын талап ете аламыз ба?» – деді квазимемлекеттік кәсіпорын өкілі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов өз жауабында бұлай жасауға болмайтынын қадап айтты. «Денсаулық кодексінің 85-бабының 9-бөліміне сәйкес, міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесіне кірмейтін профилактикалық вакцинациялауды жүргізу ерікті болып табылады және ақылы негізде жүзеге асырылады. Сондықтан вакцинациялаудан өтпеу жұмыскерді жұмыстан аластатуға негіз бола алмайды», – деді министр. Ал бұл талапты жұмыс берушілердің бәрі бірдей сақтап отырған жоқ. «Бізде жұмыс берушіміз вакцина салғызуды талап етіп жатыр. Жыл сайынғы демалыстан шыққандарға және егілмегендерге өз есебінен ПТР-тест тапсыру міндет», – дейді елорда тұрғыны Әлия Құлжатаева. Айта кетер жайт, ДСМ қоғам белсенділерінің сауалына жауап берді. Олар министр А.Цойдан вакцинациялауға шынында қанша жұмсалатынын нақты айтуды сұраған болатын. «ҚР Үкіметі резервінен қаражат бөлу туралы» 2021 жылғы 31 наурыздағы №190 Үкімет қаулысына сәйкес, биыл 9,9 миллион адамды КВИ-ге қарсы вакцинациялау үшін 50,2 миллиард теңге жұмсалады», – деп сендірді министрлік. Бұл қаражат әзірге толық игерілмепті.