Абырой биігінен аласармаған азамат
«Ақыл – адам көрігі, ақылдың сабыр серігі» деген. Парасаты мен пайымы келіскен бұл азаматты аудан халқы ерекше құрметтейді. Мұның сыры Малкайдар Дүйсеннің атақ пен абыройды алыстан іздемей, өскен жерінен тамырын үзбегендігінде жатса керек-ті.
Тау баласы тауға қарап өссе, қыр баласының аспанға қол созатыны ертеден белгілі. Майдакөл елді мекенінде дүниеге келген бала Малкайдар жастайынан ауыл тіршілігіне қанығады.
Алдымен №98, кейін №24 Ү.Түктібаев атындағы мектептен білім алады. Көзін ашқалы төл кәсіп – мал шаруашылығының жай-күйін жіті қадағалап, бейімделіп өскен жас үлкен өмірге таңдау жасарда да өзінде бар қабілет пен қарымды дамытуды көздеді. Көп ойланбай Алматы Зоотехникалық – малдәрігерлік институтына құжат тапсырады.
Жоғары оқу орнында тағылым алып жүрген жалынды жасқа бас қалада қалуға да, басқа өркендеген өңірлерге қызметке орналасуға да талай мүмкіндік туады. Алайда ол алған білімі мен мүмкіндігін өзі өскен ортаға төгіп, туған жердің туын тіктеуге жұмылдырмақты мақсат тұтады. Жоғары білімді маманның еңбек жолы 1972 жылдың қыркүйегінде Бозкөл совхозында басталады.
«Ферманың меңгерушісі Алдаш Жаныбеков, зоотехник Қарлыбай Сағыновтар мен үшін басшы, әріптестер ғана емес, ағалық ақылы мен әкелік мейірімін аямаған ардақты жандар. Осы кісілерден алған тәрбием мен сол жерде қалыптастырған машығым өміріме жететін азық болды», – деп веттехник болған күндерін еске алады.
Кейіпкеріміздің он жылға жуық «Октябрь» совхозының бас малдәрігері болған тұсында тәжірибесі толысады. Қазіргі Ү.Түктібаев ауылының тұрғындары мақтаулы маманның совхоздағы малдардан тарайтын жұқпалы ауруларды болдырмай, өлім-жітімге жол бермеуге күш салғанын жарыса айтады. Нәтижесінде үй жануарлары арқылы адамға жұғатын аурулардың тіркелмеуіне қол жеткізіледі.
Кез келген мәселеге байыппен қарап, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» жауапты жанды басшылық тарап 1981 жылдың маусымында осы ауылдағы кәсіподақ комитетінің төрағасы етеді. Ар мен ақы, ақыл таразыға түскенде жұмысшының алдымен адвокаттай жанашырлығына жүгінетіні осы кәсіподақ комитеті болатын. М.Дүйсен бұған да үлгеріммен үлгіреді. Барлық мәдени шаралардың жүргізілуі, фермаларда егін бригадалары арасында социалистік жарыстар ұйымдастырып, еңбек адамдарының жұмысқа деген қызығушылықтары артып, шаруашылық көрсеткіштері едәуір көтеріледі. Тындырымды тірлігімен танылып жүрген маманды 1982 жылы аудандық партия комитетінің бірінші секретары Қаһарман Табынбаев ауданда ең соңғы орында келе жатқан фермаға меңгерушілікке жібереді.
Өзімен қатар шаруашылықтар қатарынан көш ілгері қалған ұжымды ұйыстыру, тіктеу оңайға соқпайды. Иығына жүктелген міндет пен сенім меңгерушіге жол іздеуді талап етеді. Бұл үш жылдың ішіндегі Малкайдар Дүйсеновтің еңбегі соңғы орындағы ферманың тұңғыштар тізіміне тіркетіп, ауданда чемпион атанғанында ақталады. Жастар комсомол бригадасын ұйымдастырып, сүт өндіруде жүйелі жоспар түзіп, ауданға үндеу көтереді. Шаруашылық жоспардан артық 500 литр сүт өндіру межесімен бірге төл алу, ет өткізу, қосымша салмақ алудан аудандағы көрсеткіштер тақтасынан түспейді. Мал өсіру де, оны күту де үлкен маңызға ие. М.Дүйсеннің бастамасымен облыс бойынша төлдерді суықта өсіруді бірінші болып қолға алып, қанатқақты жобаны облыс көлеміне таратып, семинар кеңес өткізеді.
Малкайдар Дүйсен Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозда партком секретары болғанда ауылдың әлеуметтік-мәдени тынысы ілгерілетеді.
1989-1995 жылдары Үрмәш Түктібаев совхозында директор болған кезеңі де жемісті жылдар тізбесінен орын алады. Жеті жыл бойы совхоз 2500 гектар күріштің әр гектарынан 56-62,5 центнер өнім жинап, облыстағы алдыңғы қатарлы, табысты шаруашылықтарының біріне айналады. Бұл кездегі қолданысқа келген қалдықсыз сүт өнімдерін өндіретін израйлдық кіші сүт цехы үлкен жаңалық еді.
Қазалы ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне жоғарылағанда да қиыншылыққа қарамастан, егістің көлемін өсіріп, алынатын өнімдердің көтерілуіне, мал шаруашылық саласында қолдан ұрықтандыру жұмыстары жолға қойылады. 2000-2005 жылдары азық-түлік келісім шарт корпарациясының №6 Астық базасының директоры кезінде де шаруашылықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз етеді, олардың астықтарын сақтап, өздеріне сапалы тұқым беру жайын жолға қояды.
2005-2010 жылдары пошта байланыс торабының бастығы кезеңінде мекеме жыл сайын 25-35 миллион таза пайда табуға қол жеткізіледі.
Қызметте жүріп, Қызылорда қаласы Гуманитарлық заң университетінің заңгерлік мамандығын қоса алады.
2010-2012 жылдары Әйтеке би кентіндегі 7 көшеге аяқсу жеткізіліп, көшені асфальттау, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Кенттің 5 квартал аумағына бағдарлама түзіледі. Бұл М.Дүйсеннің кент әкімі болған уақыты еді.
АШМ ветеринариялық бақылау, қадағалау комитетінің Қазалы аудандық инспекциясының басшысы, «Қазалы аудандық ветеринариялық станциясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директоры қызметінде де оның жиған мол тәжірибесі жас мамандардың қалыптасуына арналады.
Кейіпкеріміз туралы ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Есенгелді Мәли: «Малкайдар Дүйсен – ауданға белгілі ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы. 1995 жылы Бірлік ауылы алғаш рет күріш егіп, өнім ала алмады. Келер жылы осы шаруаны жөнге қоюға мені ұсынып, сол ауылға агроном болуға ұсыныс жасады. 1995 жылы шаруашылық 500 гектар күріш егіп, одан 52 центнерден өнімге қол жеткізіп, аудандық сабантойда бірінші орынға, мәшинеге ие болғанымыз бар.
Мәкең қай қиындыққа салса да шарболаттай шыңдалып шыға келетін сан қырлы азамат. Бір ғана мысал, 1997-1998 жылдары су тапшылығынан туындаған қиындықтан аудан дәл осы маманның ізденісі арқасында құтылғанын айтпауға болмайды. Біздің ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «Дүйсенов 25 мамырдан кейін тұқым себу техникаларының бәрін жинап алады» дейтіні бар. Бұл өз кезегінде жинақылық, еңбек өнімділігіне қол жеткізуге бағытталған бастама еді», – дейді.
Абырой биігінен аласармаған азаматтың жүрген жолы мен жеткен жетістіктерін мерейлі жетпіс жасқа толатын қуанышты сәтінде еске оралтып, жас ұрпаққа насихаттауды жөн деп таптық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА