Эстониялық ғалымдар буаз сиырдың сүтінен коронавирусқа қарсы спрей жасап шығарды
Эстонияда мамандар буаз сиырдың сүтінен мұрынға арналған спрей жасап шығарды. Айтуынша, спрейде коронавирусқа қарсы антидене бар деп хабарлайды РИА Новости.
Ғалымдар спрей - сиырдың уыз сүтінен алынған коронавирусқа қарсы антиденесі бар табиғи өнім екенін айтады. Препарат сатылымға түсетін Benu дәріханалар желісінің баспасөз қызметінің дерегінше, буаз сиырларға коронавирустың ақуызы енгізіліп, нәтижесінде олардың организмі антидене өндіре бастаған. Дәріханалар желісінің мәліметінше, мұрынға арналған спрей дәрілік зат емес. Сондай-ақ, ол вакцинация мен маска тағудың орнын алмастыра алмайды. Тек коронавирустың таралуының алдын алуға арналған қосымша ретінде ғана қолданылады. Сонымен бірге, сүт ақуызына аллергиясы барларға өнімді пайдалануға болмайды. Бұл өнімді Тарту университеті, Эстония жаратылыстану ғылымдар университеті және ветеринарлық медицина және мал шаруашылығы институты бірлесіп құрастырған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Калифорния университетінің мамандары жеке қорғаныш заттары маска мен қолғапты алмастыра алатын спрей ойлап тапқанын жазған едік. Қоғаныш құралына AeroNabs деген атауы берілген. Оны жасап шығарғандардың айтуынша, спрей организмге коронавирустың енуіне жол бермейді. Сонымен бірге, Оңтүстік Кореяда биологтары да спрей түріндегі коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан болатын.