Құстар қайтып барады...
Жылдың төрт мезгілі адам жанында төрт секундтай түрленіп, өзінше әсер сыйлайды. Шырқалар ән, оқылар жыр қаншама?! Мезгілдің ауысар сәті көз алдыңа әкелетін ұшқан құс, қаққан қанаттар өнер туындысына айналып, күн суығында жаныңа көктем орната да алады, сап-сары жапыраққа шомылтып, күзге де апарып тастайды.
Осы бір табиғи құбылысты сазгер Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» деп шырқаған еді. 1965 жылы ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағы бар ұлы сазгер «Қазақфильм» киностудиясында музыкалық бағдарламаның бас редакторы қызметін атқарған екен. Бірде жұмыстан шығып, көңілсіз үйіне қарай тартады. Сірә, жұмыста бір дүниеге көңілі толмаса керек.
Алматыдағы 28 Панфиловшылар саябағына аяңдай келіп, орындыққа отырып, айналасына көз тастап, үнсіздікке шомады. Кенет көзі ұшып жүріп, ағашқа келіп қонақтаған тырнаға түседі. Жаңа қонған құсқа ағашта отырған өзге қанаттылар, оның ішінде қарға тыныштық бермейді. Қайта-қайта жанына келіп, шоқып, мазасын алады. Құстардың бұл әрекетін көрген сазгер: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас» деген ой түйеді. «Жер бетіндегі пенде бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол беріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай беттедім», – деп табалдырықты аттаған бойда саябақтағы жағдайды жары Дариғаға айтып береді. Бақтағы оқиға сазгер жүрегінде қалып, көңіліне тигені соншалық, бір мезетте «Құстар қайтып барады» әнін дүниеге әкеледі. Кейін Тұманбай Молдағалиевті шақырып алып, әннің шығуына ықпал еткен жағдайды баяндап, көңілі босағанын айтып береді. Ақын інісі ағасын мұқият тыңдап, ән мәтінін жазуға бел буады.
Бұл әннің алғашқы орындаушысы – ҚР халық әртісі Роза Жаманова. Кейін қос дауыста өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова есімді жас әншілер шырқады. Осы әннің арқасында олардың есімдері кеңінен таралды. Ән танымалдылыққа ие болып, «Құстар әні», «Бара жатыр құс қайтып», «Құстар қайтып бара жатыр» деген атаумен тарады.
Сазгер жүрегінен шыққан әуенді сарынды бұзбастан тек шебер орындаушы ғана жеткізе алады. «Құстар қайтып барады» әнін ҚР халық артистері Майгүл Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды саз өнерінің майталмандары шырқады. Нұрғиса Тілендев көзі тірісінде жеке концерттерінің барлығын осы әнмен аяқтайды екен. Өзі шығарған туындылардың ішінен бұл әнді жанына жақын тартып, ерекше санаған. Қайтпас сапарға аттанар сәтінде: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат еткен екен...
Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.
Зымырайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан сезімдей.
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал, адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай қалады.
Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,
Тамаша әнмен келіп еді көктемде.
Өскен жерге сыймай кетіп барады,
Өскен жерін қимай кетіп барады.
Дайындаған Дина БӨКЕБАЙ