Сапалы тауар – басты басымдық
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 24 қаңтардағы кеңейтілген отырыста Қазақстан Республикасының Үкіметіне жаңа редакциядағы техникалық реттеу туралы заңды дайындау және оны 2020 жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырған болатын. Өйткені техникалық реттеу туралы заңнама 10 жыл бұрын қабылданған және бүгінгі күннің шынайылығына сәйкес келмейді.
Бұдан басқа «Өнім сапасы екінші орында қалмауға тиіс. Ұлттық сертификаттау жүйесін дамыту, ұлттық стандарттардың беделін қайтару қажет», – деп атап өткен еді. Осылайша, отандық техникалық реттеу саласы түбегейлі қайта қаралып, оны қайта жүктеу үшін барлық объективті жағдайлар мен шарттар қаралды. Нәтижесінде, 2020 жылғы 30 желтоқсанда Президент «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының жаңа редакциядағы Заң жобасына қол қойды. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап Заң күшіне енеді.
Негізгі мақсат – өнімнің қауіпсіздігі, оның сапасының сәйкестігі, нормативтік құжаттардың талаптары тұрғысынан республика тұрғындарының, яғни тұтынушылардың мүдделерін қорғау және сынақ зертханаларының және басқа субъектілердің сәйкестігін растаушы органдардың қызметін бақылау.
Кәсіпкерлік кодексі бақылаушы мен бизнес арасындағы құқықтық қатынастарды қатаң реттейді. Бірақ тұтынушыларды қауіпсіз тауармен қамтамасыз ету маңыздылығы ескеріле отырып, инспекторға аккредиттелген зертханаларда сынақ жүргізу үшін өнім үлгілерін іріктеу мақсатында субъектіге кедергісіз баруға мүмкіндік беретін тиісті түзетулер енгізілді.
Зерттеу нәтижелері бойынша өнім техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталған жағдайда, оны айналымға шығаруға тыйым салу түрінде жедел ден қою, ал қауіпті өнімге қатысты оны алып қою көзделген. Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сот арқылы одан әрі жою, кәдеге жарату немесе қайта өңдеу үшін иелік құқығынан айыруға дейін шара көріледі.
Алайда бұл жағдай біздің инспекторлардың мұндай іріктеуге талдаусыз шығатынын білдірмейді. Сондықтан құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бармай профилактикалық бақылау тетігі енгізіледі. Ақпараттық дереккөздерге камералдық талдау жүргізіледі. Дәл осы өнім айналымы мен мемлекеттік бақылау процестерін цифрландыру бақылау-қадағалау қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықты және адал бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша өзінің оң әсерін беруі тиіс. Басты басымдық Қазақстан нарығына қауіпті өнімді айналымға шығаруға жол бермеу болды. Осыған байланысты уәкілетті органның құзыреті кеңейтіледі. Бұл қауіпті өнімді дүкендердің сөресіне түскенге дейін тоқтатуға мүмкіндік береді және оны барлық дүкендер бойынша бақылау қажеттілігі туындамайды.
Халықты қауіпсіз өніммен қамтамасыз етумен қатар, басты мақсаттардың бірі отандық өнім өндірушіні қорғау. Нарықта қауіпсіз емес өнімнің болуына тікелей әсер ететін барлық жоғары және төмен тәуекелдер бағаланып, сертификаттау саласының осалдығы анықталды.
Сертификаттау сапасын арттыру арқылы еліміздегі сапалы өндіріс қамтамасыз етіледі. Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін өнімдерді айналымға шығаруға алып келген, сертификаттау кезінде жіберілген қателік үшін өндіруші зардап шекпеуі керек. Осыған байланысты сертификаттауды жүзеге асыратын органдар мен зертханаларға, сарапшы-аудиторларға, бүгінгі күні осы кадрларды даярлауды жүргізетін оқу орталықтарына дейін бақылау күшейтіледі.
Енгізілетін мемлекеттік бақылау және қадағалау тетігі кәсіпкерлік субъектілерінің көпшілігіне бармай профилактикалық бақылау арқылы (бұл ақпараттық құралдарды пайдалана отырып, камералдық бақылау жүргізу) қамтиды. Заңнама талаптарының бұзылуы туралы мәліметтер болған жағдайда бақылау жүргізу үшін тауар үлгілерін сатып алу жүзеге асырылады.
«Техникалық реттеу туралы» жаңа редакциядағы Заңды қабылдаудан: ішкі нарықтағы өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті және сапалы отандық өнім үшін жағдай жасау, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыру, сәйкестікті бағалау рәсімдерінің дұрыстығын қамтамасыз ету, техникалық реттеу саласындағы ұлттық заңнаманы ЕАЭО шеңберіндегі ұлттықтан жоғары заңнамаға келтіру көзделеді.
Қабылданған Заң аясында құқықтық салдар бөлігінде қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қосымша заңға ілеспе нормативті-құқықтық актілер қабылданатын болады. Жаңа редакцияда қабылданған Заң талаптары жөнінде қосымша туындаған сұрақтар болса Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне хабарласуға болатындығын жеткіземіз. Департаменттің мекен-жайы: Қызылорда қаласы, И.Журба көшесі, 12: телефондары: 27-87-21, 27-44-82, электрондық поштаcы: gosnadzor@ bk.ru.
Бауыржан ҚАРСАҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология
комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы