Жаңа ғасырдың жарқын белесі
Қазақстан Тәуелсіздігінің тоғызыншы жылы – жаңа ғасыр табалдырығын жаңарған мемлекет ретінде аттады. Ал бұл жыл – Елбасының Жарлығымен Мәдениетті қолдау жылы болып жарияланды.
2000 жылы атқарылған іс шын мәнінде тәуелсіз елдің мәдениет саласындағы түбегейлі жаңа сапаға көтеруге, сол арқылы отандық өркениеттің тың тынысын ашуға септігін тигізгені айқын. Соның арқасында елдегі мәдениет мекемелерінің жүйесі кеңейіп, түрлі шараның дәстүрі де артты. Сөйтіп тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындық еңсеріле бастағанда қазақ жұрты руханиятқа назар аударып, өзінің осы жолдағы кем-кетігін түзеумен болды.
Жаңа ғасыр табалдырығын аттағанда бұған дейінгі экономикалық дағдарыста орын алған олқылықтарды жоюға күш салып, тоқырау кезеңінде жабылған мұражайлар, кітапхана мен мәдениет сарайларын қайта ашу қолға алына бастады. Атап айтқанда, республика көлемінде 468 кітапхана, 239 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан 5 театр ашылды. Астанада Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, ҚР Президенті мәдени орталығы, ҚР Мемлекеттік мұражайы ашылып, елдің рухани-мәдени өміріне айтарлықтай оң өзгеріс әкелді.
Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы жылында халықтың асыл мұрасына бетбұрыстың куәсі ретінде қазақ ауыз әдебиеті 100 томдық жинақпен, Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштерінің 10 томдығы, белгілі ғұлама, академик Әлкей Марғұланның шығармалар жинағының 14 томдығы жарық көрді. Бұдан бөлек, Қостанайда – Ахмет Байтұрсынұлының, Павлодарда – Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Атырауда – Бейбарыс Сұлтан мен күй атасы – Құрманғазының, Алматыда – Абылай ханның ескерткіштері ашылды. Осы жылы Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұмысын бастады. «Ақындар айтысы», «Шабыт» жастар шығармашылық фестивалі осы жылы дәстүрлі конкурс ретінде қалыптасты.
Қазақстанның Мәдениет жылындағы шаралар республикалық ауқымда ғана емес, халықаралық деңгейден де көрініс тапты. Мәселен, осы жылы тұтастай түркі жұртының бесігіне айналған шежірелі Түркістан қаласының 1500 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланып, бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар түркі мемлекеттерінің басшылары да түгелдей қатысты. Жас Қазақстанның атын да атағын да әлемге танытқан спорттағы жетістіктің негізгісі – ХХVІІ Сидней Олимпиадасында болды. Осы олимпиадада Қазақстанның Туы әлемдік додада жоғары көтеріліп, боксшы Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов, желаяқ қыз Ольга Шишигинаның арқасында Қазақстанның Әнұраны Сидней аспанында шырқалды.
Дағдарыстан дамуға
Жалпы осыған дейінгі экономикалық қиындықтар еңсеріліп, жаңа ғасырда елдік дамудың даңғыл жолына түсуі мәдениет пен білім саласын жаңғыртудың үлкен септігі болды. Республиканың мұнайдан түсетін табыстары осы кезеңде күрт көтеріле бастады. Сол кездің ресми статистикасына үңілсек, Қазақстанда 2000 жылы 35 милллион тонна шикі мұнай өндірілген. Сол жылғы экспорт көлемі 4,2 миллиард АҚШ долларына тең болды. Салыстырмалы түрде қарағанда, 1995 жылы бұл көрсеткіштер 23 миллион тонна және 0,7 миллиард АҚШ доллары болған. Расында экономикалық дағдарыс еңсеріле бастаған осы жылы негізгі мәселе мұнайды сатудан түсетін табыстың көлемі емес, оның тұрақты өсу динамикасы болатын. Өйткені мұндай «пайданың» үрдісі сол кездері «мұнай доллары» ауруынан туындайтын «экономиканы ентіктіру» секілді мәселелерді туындатқан. Сондықтан осындай мәселеден құтылу үшін «қара алтынды» молынан өндіре бастаған осы жылы Қазақстанда Ұлттық мұнай қоры құрылды.
Бұл туралы «Қазақстанға мұнай долларынсыз немесе ел айтатындай «мұнай инесіне» дағдыланбай-ақ өмір сүруге үйрену қажет. Өндіріс таппаған ақшаны әлеуметтік салаға жұмсауға немесе жалақыны жөнсіз көтеруге әуестенбеу, оны әлде бір «қиын күндерге» сақтау өте маңызды. 2000 жылы біз құрған Ұлттық қор, атап айтқанда, осы мақсатты көздейді және жөнсіз жойымпаздық пен құнсыздану қысымын төмендетудің негізгі құралы болып табылады», – деп жазады бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында.
Саясаттағы жаңа серпіліс
2000 жыл тәуелсіз Қазақстанның халықаралық саясаттағы қадамы да нық болды. Әлем елдерінің назары Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Мыңжылдық Саммитінде болса, дәл осы жаһандық басқосуда Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеп, «Қауіпсіздік және ынтымақтастық – ғаламдық және аймақтық аспектілер» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Ал осы жылғы дәстүрлі Жолдауында Президент Н. Назарбаев: «Жиырма бiрiншi ғасырдағы Қазақстан – әлемдiк экономикалық және саяси кеңiстiктiң бiр бөлiгi. Мен бұл ғасыр Қазақстанның тарихындағы ең ғажап ғасыр болады деп сенемiн. Бұл бiздiң тарихымызға жасампаз iске толы, бейбiт өткен ғасыр болып енедi деп сенемiн. Лайым, осы ниет қабыл болғай!», – деп атап өтті. Сонымен жаңа ғасырдың алғашқы табалдырығын парақтайық.
Осы жылдың 25 қаңтарында Елбасы ТМД Мемлекет басшыларының саммитіне қатысты. Шара шеңберінде Н.Назарбаев және Өзбекстан басшысы И.Кәрімов халықаралық лаңкестікке қарсы күресте күштерді біріктіру қажеттігі, біртұтас үйлестіруші орталықтың құрылуы туралы ұсыныс жасады.
Сондай-ақ 7-11 сәуірде ел Президенті Әзербайжанға ресми сапармен барып, Бакуде өткен түркі тілдес мемлекеттердің – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия IV саммитіне қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев Президент Гейдар Әлиевпен кездесіп, оның барысында екі жақты ынтымақтастық келешегі талқыланып, Каспий теңізінің мәртебесіне қатысты ұстанымдардың ұқсастығы айтылды. Сондай-ақ Достық және өзара пайдалы ынтымақтастықты тереңдету туралы келісімге қол жеткізді. Түркі тілді мемлекет басшыларының VI Баку саммитінде қауіпсіздік, ғылым, денсаулық сақтау, әдебиет және өнер, спорт, мәдениет салаларындағы байланыстарға да баса назар аударылды. Терроризм мен экстремизм, заңсыз есірткі айналымы ортақ шаралар қабылдауды қажет етілді. Мемлекет басшылары бұл тұжырымды қолдап, саммит соңынан Баку декларациясына қол қойды.
Көп ұзамай Қазақстанға жұмыс сапарымен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Мадлен Олбрайт келді. ҚР Президентімен кездесу барысында демократияның дамуы, экономикалық, атап айтқанда энергетикалық саладағы ынтымақтастық сияқты кең көлемді мәселелер бойынша екіжақты қатынастарды күшейту жолдары талқыланды. Елбасы Каспий энергетикалық ресурстарды экспорттау үшін құбыр жолдарының көп вариантты бағыттар саясатын қуаттады.
Мемлекет басшысы 18 сәуір күні Ресейге ресми сапармен барып, В.В.Путинмен кездесті. Президенттер Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасында «Байқоңыр» кешенінің қызметін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге және меморандумға қол қойды. Екі көршілес елдердің басшылары сауда-экономикалық, мұнай-газ, энергетикалық, ғарыштық, әскери-техникалық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды дамытуға қосымша серпін беруге бекем бел байлағандықтарын мәлімдеді. Тараптар көмірсутегі шикізатын тасымалдау саласындағы ынтымақтастыққа қанағаттанушылық білдірді, КТК-ны уақытылы пайдалануға берудің маңыздылығын атап көрсетіп, Ресейдің құбыр желілерінің жүйесі бойынша экспортқа шығарылатын қазақстандық мұнай транзитінің квотасын 14 миллион тоннаға дейін ұлғайту туралы уағдаластық қуатталды.
«2000 жылғы маусымда Мәскеуге Н.Назарбаев келді. Ресей жағы бұл сапарға мемлекеттік мәртебе берді. Қазақстан басшысын бірінші рет Кремль апартаментіне орналастырды. Бұл сапардың маңызын одан да арттыра түсу үшін ресейліктер президенттердің бейресми кездесуін өткізді. Ол Мәскеу маңындағы мейрамханалардың бірінде өтті, және де ондағы жай келушілерге мұнда екі мемлекеттің мәртебелі басшылары келетіні ескертілген де жоқ. Н.Назарбаев пен В.Путиннің келуі мейрамхананы дүр сілкіндірді. Ал президенттер болса көпшілікке арналған залда отырып, емін-еркін әңгімеге кірісті. Егер күзет қызметкерлері мен еріп келген адамдар болмаса, оларды жұрттың байқамай қалуы да мүмкін еді. Ал келесі күні Н.Назарбаев зайыбымен В.Путиннің үйінде болып, отбасылық жағдайда таңертеңгілік ас ішті. Мұндай шаралар жөнінде бұрын тіпті, әңгіме болуы да мүмкін емес еді. В.Путин үшін араласудың мұндай түрі әдетке айналды. Ол Мәскеу мейрамханасының бірінде ГФР-дің канцлері Г.Шредермен түстік ішсе, Испания Премьер-министрі М.Аснарды тіпті үйіне қондырып шығарған. Алайда мұның бәрі Н.Назарбаевпен бейресми кездесуден кейін. Кім біледі, В.Путин Қазақстан басшысы сапары кезінде Ресей дипломатиясының жаңа үрдісін сынаудан өткізіп жүрген болар. Қалай дегенмен де әйтеуір, бұл істің алғашқы ізашары Н.Назарбаев болғаны анық. Н.Назарбаев пен В.Путиннің бір-біріне сенімді жеке қарым-қатынастары дәл сол жолы қалыптасты деп айтуға болады. Бұл жерде Ресей президентінің кісілігіне лайықты бағасын берген жөн. Ол Қазақстан Президентінен көп нәрсе үйренуге болатын тәжірибесі мол жолдас деп есептейтінін көпшілік алдында айтып салудан қаймыққан жоқ», – деп жазады Қасым-Жомарт Тоқаев, «Беласу» атты кітабында.
Маңызды мәміле
Елбасы осы жылдың 3 тамызында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. «Ұлттық қор құру туралы идея алғашында 1997 жылдың өзінде-ақ, «Қазақстан стратегиясы – 2030» дайындалып жатқан кезде пайда болған еді. Ол кезде халықаралық кеңесшілердің, отандық басқарушылардың және экономистердің көбіне бұл идея сандырақ сияқты болып көрінді. Сонымен қатар ақырында оны халыққа жариялағаннан кейін, біраз уақыт өткен соң, 1998 жылы тамызда Ресейді дағдарысқа ұшыратқан мұнай бағасының құлауы себеп болды. Сондықтан біз Ұлттық қорды құру мәселесіне тек 2000 жылы ғана қайтып келе алдық», – деп жазды Н. Назарбаев.
Ал 9 қазанда Қазақстанға алғашқы ресми сапармен Ресей Федерациясының Президенті В.Путин келді. Аталған сапар шеңберінде екіжақты ынтымақтастық мәселелерінің бірқатары талқыланып, Қазақстан Республикасының Астраханда консульдығын және Ресей Федерациясының Оралда консульдығын ашу туралы келісімге қол қойылды.
Елбасы қазан айында Испанияға ресми сапармен барды. Онда Мемлекет басшысы Испанияның Үкімет Төрағасы Хосе Мария Азнармен және іскер топтармен кездесті. Сапар нәтижесінде тараптар түрлі салалардағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға мүдделі екендіктерін қуаттады. Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім және 2000-2003 жылдарға арналған білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы секілді маңызды құжаттарға қол қойылды. «Тальго» компаниясының жүрдек жолаушы пойыздарын пайдаланып, «Алматы – Астана желісі бойынша жүрдек пойыздардың жүрісін 12-14 сағатқа дейін қысқарту», «Астана қаласының тұрмыстық қалдықтарын алысқа төгуді және экологиялық ахуалын жақсартуды жаңғырту» жобалары үшін мемлекеттік емес заемдарды тарту туралы уағдаластыққа қол жеткізу сапардың нақты нәтижесі болды.
ДайындағанА.БАҚЫТҰЛЫ