Жас мамандарға арналған 5%-тік ипотека: маңызды 10 сұрақтың жауабы
Осы аптада жас мамандарға арналған "Алматы жастары" бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Бұл жолы жұмыс істейтін жастарға арналған 5 проценттік ипотека беру тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілді. Алдағы уақытта оған ұқсас "Елорда жастары" жобасы да іске қосылады. Sputnik Қазақстан биыл қайтадан қолға алынған бағдарламаға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады.
"Алматы жастары" бағдарламасының негізгі шарттары қандай
Өтінім берушінің жасы 35-тен аспауы тиіс. Алғашқы жарнаның көлемі – 10 процент. Қалған соманы 5 процентпен кредитке алуға болады. Соңғы бес жылда өтінім беруші мен оның отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы шарт. Бір отбасыдан бір адам ғана бағдарламаға қатыса алады.
Биыл қандай өзгеріс енгізілді
Осы жолы Алматы қаласында тіркеуде тұру міндетін алып тастады. Сондай-ақ қатысушылардың қатарына құқық қорғаушылар да қосылды. Ал ипотеканың шекті мөлшері 18 миллион теңгеге дейін көтеріліп отыр. Былтыр 13 миллион болған.
Бағдарламаға қандай мамандық иелері қатыса алады
Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік сала мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері өтінім бере алады. Бұдан бөлек, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары бар. Мәдениет саласындағы 10 шығармашылық одақ - Қазақстан жазушылар одағы, Композиторлар одағы, Суретшілер одағы, Жас суретшілер одағы, Дизайнерлер одағы, Қазақстан Республикасы театр қайраткерлері одағы, Қазақстан Республикасы сәулетшілер одағы, Кинематографистер одағы, Қазақстан Республикасы музыка қайраткерлері одағы мен Шеберлер одағының мүшелері, сондай-ақ, осы салада жеке кәсіпкер ретінде тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да құжат тапсыра алады. Еңбек өтілі – кем дегенде, 6 ай. Зейнетақы жарналары да аударылуы қажет.
Жастарға қанша ипотека беріледі
"Алматы жастары" бағдарламасы аясында 1 000 пәтерге ипотека беру жоспарланып отыр. Былтыр да солай болған.
Өтінім қалай беріледі
Өтінімдер мен тиісті құжаттар almaty-zhastary.kz веб-сайты арқылы 31 наурызға дейін қабылданады.
Сайт арқылы қандай құжаттарды жіберу керек
Өтініштің үлгісі сайттан жүктеп алуға болады. Ал барлық құжаттың мерзімі 10 күннен аспауы тиіс. Олар: азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеудің сканерленген куәлігі (балардың туу, қайтыс болу, неке (ерлі-зайыптылықты) қию, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу), өтініш берушіге және барлық отбасы мүшелеріне республика бойынша жылжымайтын мүліктің жоқ екендігі туралы анықтамасы, белгіленген үлгідегі ұйымның/мекеменің фирмалық бланкісінде анықтаманың берілген күнін, шығыс нөмерін, жұмысқа тұрған күнін мен қызметтік лауазымын көрсетіп берілген жұмыс орнынан анықтамасы (ресми бланкі болмаған жағдайда, анықтамада ұйымның мөрлері болуы тиіс), еңбек өтілін растайтын құжаттар, БАҚ-ты есепке қою куәлігі (аталған талап журналистер саласының қатысушыларына қатысы). Ал мәдениет саласында өзін-өзі жұмыспен қамтыған қатысушылар Алматы қалалық мәдениет басқармасынан қосымша анықтамалар жіберсе болады.
Іріктеу қалай жүргізіледі
Іріктеу балдық жүйеге негізделген. Атап айтқанда, тіркелген некедегі әрбір жылы үшін 2 ұпай беріледі, бір балаға – 1 ұпай, ал одан кейінгі әрбір бала үшін 2 ұпай саналады. Бұдан бөлек, еңбек өтілінің әрбір жылына 2 ұпай қосылады. Өтінім берушілерде ұпай саны тең болған жағдайда өтініш пен құжаттарды ерте тапсырған қатысушы басымдыққа ие болады.
Жолдама берілгеннен кейін не істеу керек
Жолдама алған өтініш берушілер 15 жұмыс күні ішінде төлем қабілеттілігін бағалаудан өту үшін "Отбасы банкі" кез келген қызмет көрсету орталығына баруы қажет. Үміткер Отбасы банкіне бармаған жағдайда Алматы қаласының әкімдігі жолдаманы жойып, оны тізім бойынша тұрған келесі қатысушыға беруге құқылы. Қатысушы төлем қабілеттілігінен өтпесе, жолдама басқа адамға беріледі.
Төлем қабілеттілігін растағаннан кейін не істеу керек
Қатысушы төлем қабілеттілігін растағаннан кейін хабарлама алады. Содан бастан 45 күннің ішінде тұрғын үйді таңдап, баспананың құжаттарын Отбасы банкіне тапсыруға міндетті. Егер қатысушы белгіленген мерзімде үй таппаса, әкімдік жолдаманы тізімде тұрған келесі адамға береді.
Ипотека тек жаңа үйлерге ғана беріле ме
Жоқ, үйді бастапқы нарықтан да, жаңа емес үйлерден де іздеуге болады.