Онкүндіктің оң әсерлері көп
Қызылорда гарнизонында «2021 жылы Әскерде қылмысқа орын жоқ» бағдарламасының жоспарын жүзеге асыру мақсатында тұлғалық және отбасылық конфликттердің алдын алу онкүндігі аясында түрлі сала өкілдері қатысқан іс-шара ұйымдастырылды.
Онкүндіктің негізгі мақсаты – алдағы уақытта әскери қызметшілердің қаржылық қиыншылықтары, отбасы жағдайының бұзылуы сынды жағдайларды болдырмау, алдын алу. Жиын барысында жеке құрамға психикалық сауықтыру мен отбасылық амандықты сақтау бойынша көптеген баяндамалар оқылды. Онкүндік шеңберінде жеке құрамның депрессивті мінез-құлқын анықтау бойынша психологиялық зерделеу жұмыстары жүргізілді.
«Қарулы Күштерімізде әрбір әскери қызметшінің психикалық сауықтығы мен отбасылық амандығы маңызды. Осы бойынша Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде, басқармасында және бөлімдерінде кешенді жоспарға сай шаралар өткізіліп келеді. Алда, осы онкүндік ішінде әскери қызметшілердің қаржылық және заңдылық сауаттығын арттыру бойынша дәрістер өтетін болады», – деді өз баяндамасында Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің психологиялық қызметінің бастығы, майор Нэлля Искакова.
Жиынға Қызылорда гарнизоныда қызмет көрсету жөніндегі әскери полиция бөлімшесінің өкілі, әділет лейтенанты Ақерке Жакипова, дін басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының өкілі Бахтияр Оспанов және Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің психологиялық қызметінің бастығы Нэлля Искакова қатысты. Аталған шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып өткізілді.
Мұхит ҚОНАРОВ,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
сержант