Қажетті саладан неге қашықтадық?
«Өмірде жар мен мамандық таңдаудан қателесуге болмайды» деп айтады көпшілік. Болашақ нәпақасын ойлаған жас үшін мұның екіншісі маңызды. Шынымен университетте оқуды мақсат тұтқан студент мамандық таңдауға салғырт қарамауы қажет. Көптеген жастар сұранысқа ие маман болудың орнына, ата-анасы таңдаған жолға түсіп немесе көпшілік көз тіккен орталардан табылғанды құп көреді. Оның үстіне мұғалім, заңгер, медицина саласына таңдау жасайтын жасөспірімдер саны жетіп артылады. Дегенмен олардың барлығы дерлік диплом жемісін көріп жүрген жоқ. Соның ішінде ауыл шаруашылық саласына бет бұрыпты деген жеткіншекті ести бермейсің. Елдегі жастардың жұмыссыз жүруі күн тәртібінен түспейтін басты мәселеге айналып отырғаны да сондықтан болар.
Ауылшаруашылығы қазақтың байырғы кәсібі мен нәсібі. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Біз әлі де болса есею мен кемелдену кезеңінен өтуіміз, Қазақстандағы азаматтық қоғамның босағасын бекіте беруіміз керек. Бұл үшін агроөнеркәсіп кешенін түлете дамытып, ауылға айрықша назар аударылуы, жеткен биігіміз бен жинақтаған тәжірибемізге сүйеніп, ауылдағы ағайынға өмірдің жаңа сапасына жетуіне қол ұшын беретін уақыт туды», – деуі осының айқын дәлелі. Дегенмен қазір бұл салаға сұранған жастардың қатары аз. Кезіккен бірен-сараңының өзі тұрақты жұмыс істемейді.
Ал бұған аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Асылхан Дәрібаев келіспейді. Оның айтуынша, көп жеткіншек бір мамандыққа қарай бет бұрды деп, өзге сала мамандардан кенде деп айтуға болмайды.
– Қазір балық, мал, егін шаруашылығында жастардың көп екенін бүкпей айта аламын. Бір қынжылтатыны, олардың тіркелмейтіндігі. Мәселен, балық аулап нәпақасын тауып жүрген жан оны пұлдап, қалтасын қомпайтса болғаны, тіркелуді құп көрмейді. Сол сынды кей жастар салық төлеуден жалтарып, өзгенің шаруа қожалығында егін егіп, жемісін сатумен айналысады, – дейді Асылхан Жұмабекұлы.
Мұнан бөлек мамандық таңдауда ата-ананың да рөлі басым екенін айта кету керек. Соның ішінде өз баласының таза жерде жұмыс істеп, жылы жүргенін қалайтындар басым. Әуелден таңдауды университет қабырғасына аяқ басқан баласына бермей, өз дегеніне салады. Ақырында қаламаған мамандықтың дипломын алған жас, оны сандық түбіне тастайды да, нәпақасын өзге кәсіптен іздейді. Шындап келгенде төрт жыл оқып алған құжат жарамсыз қалады. Ал біз кезіктірген Бақытхан Әлібеков дипломды алған күйі агросаладан жұмыс таппай, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған.
– Жасым 25-ке келсе де әлі күнге дейін 2016 жылы алған дипломды құшақтап жүрмін. Кейде «бұл мамандықты неге таңдадым?» деген ойға келемін. Мектеп қабырғасында жүргеннен бері осы саланың майталманы боламын деп шештім. Қазір оным бекер екен деймін. Сөйтіп диплом жарамсыз болып қалды. Кейін оны түсініп, күнделікті табыс үшін жұмысқа жегілуге тура келеді. Құжаттың жарамсыз екенін білгеннен бері, көріп келе жатқан күнім осы, – деген жанайқайын жеткізді ол.
Одан бөлек Бақытхан «Сұранысқа сай мамандықты таңдадым деп ойлаймын. Бір көзім жеткені, жұмысқа орналасуда дипломның маңызы бар. Дегенмен көбіне-көп тамыр-таныстың да рөлі мәселені бір жақты етеді», – дейді. Бұл азаматтың ашынғаннан айтқаны. Осындайда Дінмұхамед Қонаевтың «Адамға жазаның ең үлкені – жұмыссыз қалдыру» дегені ойға оралады.
Осы орайда аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры: «Тереңіне үңілсек, кейде барлығы жастардың өзінен болатын секілді. Костюм-шалбарды киіп, жайлы креслода отырғанды құп көреді деген өз ойымен бөлісті.
Жоғарыда айтқандай, егер көп жас мұғалім, заңгер, медицина саласына ағыла беретін болса, ауыл шаруашылығының даму жағдайы қалай болады? Осыған қатысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбаев: «Кез келген саланы оқытқан білім ошағы дипломды қолға берген бойдан оларды жұмысқа орналастырып бергені дұрыс. Қазір осыны қолға алатын уақыт келді», – дейді.
Төрт жыл бойғы білімді растайтын құжат құнсыз деп айта алмаймыз. Тиісінше бір мамандықты алып, мансабы жоғары қызметте еңбек етіп жүрген азаматтар да ел ішінде жүр. Ол қатарда ауыл шаруашылығы саласында білек сыбанып жүргендер де жетерлік.
Абзал ЖОЛТЕРЕК