Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлікке бастаған жыл

Бірлікке бастаған жыл

Ел тарихында даму мен дағдарыстың тайталасқа түскен уақыты тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығына тиесілі. Біз төменде тоқталатын маңызды мәселелер 1995 жылдың еншісіне тиесілі тарихи күндердің бір парасы ғана. Тарихты парақтасақ, осы жылы Елбасының шетелдерге дипломатиялық сапары, Абайдың 150 жылдығы, Қазақстанның Ислам конференциясына кіруі сынды бірқатар оқиғалар орын алған.

Халықтар ассамблеясы құрылды
1 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халықтарының ­Ассамблеясы құрылды. Бүгінгі таңда конституциялық органның басты ерекшеліктерінің бірі – парламентте этникалық топтардың мүдделерін білдіру болып табылады. Ассамблея Мәжілістің тоғыз депутатын сайлауға құқылы.
1995 жылы дәл осы Ассамблея қоғам бірлігін сақтау және саяси-әлеуметтік жағдайдың терең айырмашылығын алдын алу мақсатында «Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту бойынша республикалық референдум өткізу туралы» ­бастама көтерді.

Ел тарихындағы екі референдум
1995 жылы 29 сәуірде қазақстандықтар: «Сіз 1991 жылы 1 желтоқсанда халық сайлаған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзартуға келісесіз бе?» деген сұраққа жауап беруі керек болды. Референдумға қатысу тізіміне елдің 9,1 миллионға жуық тұрғыны кірді. Бұл күні 8,3 миллион тұрғын референдумда дауыс берді. Бұл сұраққа 7,9 миллион қазақстандық оң жауап берді. Басқаша айтқанда президент өкілеттілігін ұзартушылардың саны 95% құрады.
30 тамызда таңғы сағат 7-де бүкіл ел бойынша 10 000-нан астам сайлау учаскелері өз есіктерін айқара ашып, дауыс берушілерді күтті. Оған себеп осы күні Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау бойынша жалпыхалықтық референдум басталған еді. Өз болашағы үшін алаңдаулы белсенді халық арасынан келген сайлаушылардың 89 % –і республиканың жаңа заңын қабылдауға дауыс берді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың мойындауы бойынша Қазақстанның қазіргі Конституциясы француз заңнамасына жақын болып көрінуі мүмкін. «Конституциямыздың барлық ережелерінде біз өзіміздің қазақстандық қолжазбамызды, яғни қазақстандықтардың менталитетіне, қазақ халқының өткен дәстүрлеріне және біз басшылыққа алатын болашақты кірістіруге тырыстық» деген Елбасы бір сөзінде.
Елдің басты заңын әзірлеу кезінде президент жиырма елдің конституциясын өзі зерттеп, белгілеп бергені белгілі.
1 тамызда жаңа Конституцияның жобасы жарияланғаннан кейін пікірталастар басталды. Нәтижесінде 3,3 миллион қазақстандықтан 32 000-ға жуық ұсыныс пен ескерту алынды. Негізгі заң жобасына 1100 түзету енгізіліп, 98 баптың 55-і өзгертілді.

Өндірістік нысандар жекешелендірілді
Алғашында қазақстандық жас кәсіпкерлер өнеркәсіп алпауыттарын басқаруға тырысты. Осылайша «Карметкомбинат»-қа қатысты жергілікті кәсіпкерлер австриялық «Fest Alpina» компаниясымен бірге қаржылық мәселелерін шешуге және заманауи менеджментті енгізуге уәде берді.
«Эйр Қазақстан» ұлттық әуе тасымалдаушысының жағдайы да ол уақытта ауыр болды. Қарыздары үшін қазақстандық ұшақтар шетелдік әуежайларда қамауға алынды. Казкоммерцбанк металлургия кәсіпорындарын басқаруға тырысты. «Шымкентнефтеоргсинтезді» (SHNOS) сатып алды да кейін бәрі қайта сатылып кетті.
Нәтижесінде бұл тұйықтан шығу жолы шетелдік капитал мен әлемдік тәжірибеден табылды.
1995 жылы шетелдіктерге Қазақстанда жекешелендірілген кәсіпорындардың акцияларын сатып алуға жағдай жасалына бастады. Оның орнына инвесторлардан өндірісті дамытуға, оның көлемін ұлғайтуға және кәсіпорынның қарыздары бойынша міндеттемелер қабылдау үшін қаражат салуға тура келді.
«Карметкомбинат» шетелдік инвесторларды қызықтырған алғашқы өнеркәсіптік компанияның бірі болды. Сатып алу кезінде компания банкроттықтың алдында тұрғанымен үнділік «Mittal Steel» компаниясы бұған қарамастан кәсіпорынды өз қанатының астына алды. Үнділіктер шикізат пен көлік қызметтерін, электр қуатын жеткізушілерге және қызметкерлер алдындағы қарыздарды бірден төледі. Жалпы қарыз сомасы 350 миллион долларды құраған. Мұнан бөлек алдағы сегіз жыл ішінде өндірісті дамытуға шамамен миллиард доллар инвестиция салынған.
«Жезказганцветмет» – болашақ Қазақмыс корпорациясының байырғы нұсқасы болып табылады.
1995 жылы оның 170 миллион доллар қарызы болған. Оның 10 миллионы тек жалақы бойынша берешек.
1996 жылы Samsung корпорациясы кәсіпорынды сатып алу жөніндегі тендерде жеңіске жетіп, қарыздарын төлейді және кәсіпорынның дамуына елеулі қаражат салады. Бірақ кейінірек ол өз үлесін сатып жібереді.
Инвестициялардың арқасында 1995 жылы ­республикада өнеркәсіп өндірісі 13,6% өсті. Сатып алынған кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы 18000 теңгеге жетіп, орташа республикалық деңгейден үш есе жоғары көтерілді.

Тоғыз айға толмаған...
1995 жылы «Казахстанская правда» газетінің журналисі Татьяна Квятковская басылым бетінде Орталық сайлау комиссиясын өзі сайлауға түскен Абылайханов сайлау округінде парламенттік сайлау өткізу заңдарын бұзды деп айыптады. Бұл мәселемен Конституциялық сот айналыса бастады. Нәтижесінде сот «Орталық сайлау комиссиясы енгізген дауыстарды санау әдісі «бір сайлаушы – бір дауыс» конституциялық қағидасын өрескел бұзуға әкеп соқтырып қана қоймай, сонымен бірге сайлау нәтижелерін бұрмалауы мүмкін» деген қарар шығарды.
Депутаттар қызметінің заңдылығына күмән келтіріліп, мемлекет басшысы мен Жоғарғы Кеңестің төрағасы Әбіш Кекілбаевтың Конституциялық сотқа жіберген қарсылығына қарамастан, шешім күшінде қалды.
Кейінірек Т.Квятковская бір сұхбатында «іс парламенттің тарауына дейін алып барады деп ешқашан күткен емеспін...» деп мәлімдеді.
Наурыз айында даулы мәселеге нүкте қойылып, жұмысы тоғыз айға толмаған Жоғарғы Кеңес таратылды. Кейін екі палаталы парламенттің жаңа сайлауы тек желтоқсан айында өткен еді.
Жоғарғы кеңес депутаттарының көпшілігі жоғарыдағы шешіммен келіспей, қарсылық танытты.
14 наурызда О.Сүлейменовтің төрағалығымен 130 парламент мүшесі «Қазақстан сайлаушыларына, парламенттеріне және халықаралық ұйымдарға» үндеу қабылдады.
1995 жылы 12 наурызда Қазақстанның Сыртқы істер министрі шет мемлекеттердің елшілерімен кездесуде Қазақстан парламенті «өзін-өзі тарату» туралы шешім қабылдады деген мәлімдеме жасады.
Дәл осы күні қарсылық ретінде 72 депутат үш күндік аштық жариялады. 16 наурызда 22 депутат Жоғарғы Кеңес ғимаратынан шығудан бас тартты.
Осы жағдайға байланысты АҚШ-тың сол кездегі Қазақстандағы елшісі В.Кортни мәлімдеме жасап, онда ол Конституциялық Соттың шешімін республикадағы демократияның салтанат құруы деп атаған еді.

Дайындаған
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ

23 ақпан 2021 ж. 2 476 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 107

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930