Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » "Тажал" тырнағындағы тіршілік

"Тажал" тырнағындағы тіршілік

«Тышқан жылында інге тығылумен болдық» дейді көпшілік. Олай деуге себеп – Covid-19. Жер-жиһанның зәресін алып, көптеген жанды келместің кемесіне орнықтырған ауруды бұқара әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан да бұл індетке халық үрке қарайды. Бүгінгі жағдай тұрақталды, ауруға шалдыққандардың саны азайды.

Дей тұрғанмен жер шарындағы кей елдерде індет іркілмей тұр. Әлеуметтік желідегі сәт сайын коронавирус жұқтырғандардың көрсеткіші жаға ұстатарлық. Бізді алаңдататыны, ауру жұқтырғандардың саны елде де көбейіп келе жатқаны. Әрине мұнымен ел ішінде үрей туғызып, «індет қайта келеді» деп айтудан аулақпыз. Есесіне осы тұрғыдағы жаңалықтан хабардар болып отырғаныңыз артық болмас.
Ең әуелі әлемдегі жағдай мүшкіл елдерге тоқталсақ. Оның бастауында – Боливия тұр. Ондағы вирустан қайтыс болғандар саны артқаны соншалық, ел астанасы Ла-Паседегі жерлеу бюросында қалың кезек. Ол аз десеңіз, мәйіттерді жерлейтін мола тапшы. Жергілікті билік осы мәселені жедел шешуге әрекет етуде. Коронавирустың етек алуы мемлекеттегі онсыз да сын көтермейтін денсаулық сақтау саласын тығырыққа тіреуде. Оңтүстік Америкадағы елдің тұрмысы бұрын да мәз емес еді. Енді шын мәнінде титықтап қалды. Ауруханалар құлдырау алдында.
Ал Ресей елі «Спутника V» екпесінің алғашқы партиясын ұсыныпты. Қазіргі кезде Боливияда қауіпті вирус жұқтырғандар саны 226 мыңға жетіп, оның 10 687-і қайтыс болды. Ресми деректерге сенсек, өткен тәулікте тағы 54 адам қауіпті вирусты жеңе алмаған.
Осындай қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан елдер қатарында Нидерланды да бар. Сәт сайын індетпен арпалысып жатқан бұл елде соңғы 24 сағатта 4130 адам коронавирусқа шалдығып, елдегі індет жұқтырғандар саны бір миллион адамнан асып кеткен. Бұл туралы Нидерландының Ұлттық денсаулық сақтау және қоршаған орта институты хабарлама жасады.
Ал Бразилиядағы ауруханаларда орын тапшы. Олай дейтініміз, Манаус қаласында коронавирус індеті сағат санап дендеп барады. Аймақтағы ауруханалар науқастарға лық толы. Жергілікті билік медицина мекемелеріндегі бос орындардың санын арттыра бастады. Шаһарда ауыр халдегі сырқат жандарға арналған оттегі балондары да тапшы. Салдарынан өңірдегі өлім-жітім көрсеткіші көбейіп кетті. Айта кетейік, қазір Манаус қаласында коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа штамы белең алуда. Мамандардың айтуынша, вирустың жаңа түрі Британия мен Оңтүстік Африкада анықталған штамдарға ұқсас. Вилсон Лима, Амазонас штатының губернаторы:
– Аурулардың саны артып барады. Осыған орай бір ғана аурухананың өзінде қосымша алпыс орын ашылды. Оның 22-сі жансақтау бөлімінде. Сондықтан аптаның соңына дейін басқа ауруханада да бос орындар пайда болады, – деп елді сабырлыққа шақырды.
Осындай мәліметтермен танысқан бойда, қазіргі Қазақстандағы жағдай көріп бір қуанып қалатынымыз рас. Аты жаман індеттің елді айналып өткенін тілеп, халықтың қайта қиыншылық көрмегенін қалаймыз. Өкініштісі, көп болмағанымен біздің елде де жұқтырғандар саны азаяр емес. Ол үшін мына бір деректерге шолу жасап көрелік.
Алтыншы ақпан күні Қазақстан сайттарына жария етілген ақпараттарға сүйенсек, сол кезде ПТР тесті оң шыққан 1146 науқас тіркелген. Осымен Covid-19 инфекциясын жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталғандар саны 195 112-ге жетіп отыр.
Деректерде аймақтар арасында жиырма алтыншы қаңтардан бері күн сайын Павлодар облысы бірінші орын алып келеді. Ал алтыншы ақпан күні осы облыста 221 науқас тіркелген. Қуанарлығы, көрсеткіш 28 қаңтардан бері тұрақты түрде төмендеп келеді. Оның алдындағы күні мұнда 296 науқас анықталып еді.
Аймақтар арасында алғашқы үштікке кірген Ақмола облысында осыған ұқсас жағдай байқалып отыр. 23 қаңтар күні 237 науқас тіркеліп, содан бері тіркелгендер саны біртіндеп азайған. Ал қалған аймақтардың көрсеткіші бір өсіп, бір төмендеуде.
Елдегі індет жұқтырып жатқандардан бөлек, одан жазылып шыққандар да бар. Олардың саны 1021 адамға артып, 175 901-ге жетті. Қайтыс болғандар сегіз адамға көбейіп, 2600-ге жуықтады. Одан бөлек вирус жұқтырғаны расталған, бірақ «ілеспе аурудан қайтыс болды» деген жүздеген адам бар.
Қазақстанда былтырғы тамыздан бері вирус жұқтырғандар ПТР тестімен расталмаған. Десе де ауру белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмония есебін жүргізіп келеді. Сол уақыттан бері коронавирус пневмониясымен 48 295 науқас тіркелді. 579-і қайтыс болып, 37 225-і жазылып шыққан.
Қазірдің өзінде коронавирус ифнекциясы мен пневмонияны қоса алғанда барлығы 27 107 адам емделуде. Оның 5771-і стационарда болса, қалған 21 336-сы амбулаториялық ем қабылдауда. Сондай-ақ 269 жанның халі нашар. 42 адам өкпені желдету аппаратына қосылған.
Елдегі барлық қалаларды зерттей келе Қызылордаға да тоқталдық. Ондағы зерттеулерге сенсек, өткен аптаның соңында коронавирус инфекциясын жұқтырған 1146 жағдай тіркелген. Шыны керек, бұл жағдайды естіп, қарап отыра алмадық. Аудан көрсеткішін іздеп, жергілікті жердегі жағдаймен таныс болуға ұмтылдық. Нәтижесінде 6 ақпан күні аудан әкімдігі парақшасында жарияланған жазбаны көз шалды. Ондағы деректе, ауданда 3 адамнан «COVID-19» инфекциясы анықталған. Ал оның үшеуі де Жанқожа батыр ауылының тұрғыны болып шықты.
Мән-жайдың байыбына барып білгендіктен, алаңдауға негіз жоқ екен. Олай дейтініміз уақытылы зерттеуге жүгінген аудан ақ халаттылары науқастарда ауру белгілері жоқ екенін дәлелдеп, үйлерінде оқшауланып, дәрігерлердің бақылауында болуын құптапты. Қазірде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы індет ошағын анықтау мақсатында зерделеу жұмыстарын жүргізуде.
Жасыратыны жоқ, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, бірнеше облыстарда науқастардың саны күннен-күнге көбеюде. Бұлай жалғаса берсе барлығы бәз қалпына түсіп, жат жердегі қорқынышты жағдай біздің де басымызға келері даусыз. Сондықтан бұқара карантин талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларын естен шығармауы қажет.

А.БАҚЫТҰЛЫ
09 ақпан 2021 ж. 2 279 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031