Дәрігерлер covid-19 жұқтыру қаупін арттыратын жайтты атады
Адам бір нәрсені уайымдап, қатты үрейленіп жүрсе, ағзадағы физиологиялық процесстер бұзылады. Ал эмоциялық тұрақсыздықтан иммунитет төмендейді.
"Коронавируспен ауырып қаламын" деген үрейлі қорқыныштың өзі адам денсаулығына кері әсер етеді. Бұл туралы sputnik.kz радиосына сұқбат берген психотерапевт Игорь Салынцев айтты.
Адам бір нәрсені уайымдап, қатты үрейленіп жүрсе, ағзадағы физиологиялық процесстер бұзылады. Ал эмоциялық тұрақсыздықтан иммунитет төмендейді.
"Орынсыз мазасыздық мен уайымшылдық күшейсе, емделу керек. Себебі ондайда психиканың тұрақтылығы төмендейді, адам ағзасындағы зат алмасу процесі баяулайды. Соның салдарынан иммунитеттің сан алуан патологияларға қарсы күші төмендейді. Мазасыз адамның осал жері осы. Әрине, оның ағзасы вирустық патологияға қарсы тұра алмайды", - дейді Салынцев.
Осы орайда психотерапевт коронавирусқа қатысты сан алуан алыпқашпа әңгімелерге көп мән бермей, тек сенімді ақпарат көздерінен ғана қажетті мәлімет алуға кеңес берді. Себебі адамда, көбінесе, білмейтін нәрсеге үрей-қорқынышы көп болады.
"Қажетті ақпарат болса, мазасыздық мен қорқыныш та азаяды", – деп атап көрсетті Салынцев.
Дәрігердің сөзіне қарағанда, коронавирусқа қарсы екпе екі бірдей проблеманы шеше алады. Біріншіден, ағзаны коронавирустан қорғайды. Екіншіден, мазасыздық мен үрейді төмендетеді.
Коронавирустың күтпеген белгілері
Бұған дейін медицина мамандары COVID-19 әдеттен тыс белгілерін атаған болатын. Соның ішінде жүрек қағысының жиілеп кетуі – минутына 100-ден артық рет соғу бар. Бұдан бөлек, ықылық ұстап қалады да, екі күндей кетпейді.
Сосын COVID-19 пациенттері үрейге жиі салынатынын айтты. Денеге бөртпе шығады, адамды ұйқы мен жалқаулық басады.
Мамандар коронавирустың "британдық" штаммына тән симптомдарды да жариялаған. Әсіресе, бабаларда ондай белгілер анық байқалады. Олардың жартысынан көбі шаршап жүреді, тұйық бола бастайды. Ал сәбилер жылап, ұзақ уақыт тынышталмайды. Сосын коронавирусқа шылдыққан балалардың 53 проценті бас пен іш ауруына шағымданған.
Шай коронавирусқа қарсы қалай көмектеседі
Шай жапырақтарында "катехин" антиоксиданттары бар. Ал жапырақтарды өңдегенде басқа да биологиялық қоспалар бөлініп шығады. Киотодағы медициналық университеттің ғалымдары дәл осы заттар SARS-CoV-2 вирусын жоя алады деген жорамал жасап отыр.
Ғалымдар өз болжамын дәлелдеу үшін алдымен шайдың түрлі сұрыптарын алып, түтіктегі вирусқа құйып көрген. Сонда қара шаймен араласқан вирустың көлемі бір минуттың ішінде анықталмайтын деңгейге дейін түсіп кетті. Осы уақыттың ішінде маття, ходзича мен улун сияқты көк шай да вирустың мөлшерін азайтқан. Алайда қара шаймен салыстырғанда әсері төмендеу болды.
Сосын ғалымдар шай арқылы өткен вирусты басқа түтікке салып, оның басқа жасушаларға қалай жұғатынын тексеріп шықты. Сонда вирус мүлдем көрінбеген, я болмаса, оның мөлшері тым аз болған.
Алайда зерттеудің авторлары шәймен коронавирусты емдеуге болмайтынын ерекше атап өтті. Себебі қара шайдың құрамындағы биологиялық белсенді заттар қанға дұрыс сіңбейді. Ал оның мөлшері аз болғаннан кейін бүкіл денеге тараған вирустың белсенділігін төмендету қиын.