Жауапкершілік күшейтілді
«Пара беру мен парақорлыққа делдал болу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға қатысты жауапкершілік күшейтілді.
Бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерсейтов Ардақ Жайдақұлы 2020 жылғы 19 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістер бойынша БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
Шара барысында департамент басшысы Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде заңнамалық шаралар жайлы және өткен жылдың 19 желтоқсанында Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тұжырымдамалық шаралар көздейтін Заңға енгізілген өзгерістер жайлы баяндады.
Аталған Заңда Мемлекет басшысының 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және оған қарсы іс-қимылдың жаңа құралдарын енгізу туралы тапсырмалары іске асырылған.
Мысалы, енді қарапайым пара берушілер үшін(50 АЕК дейін) айыппұлдың ең төменгі мөлшері 2 есеге, параның 10 еселенген мөлшерінен 20 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды.
Делдалдар үшін де айыппұлдың мөлшері 2 есеге ұлғайтылды.
Сонымен қатар, егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген "айтарлықтай мөлшерде пара беру" қылмысы үшін ең жоғары санкция 5жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса тиісінше, бұл әрекет орташа ауыр қылмыс деп танылды.
Ал қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды, бұл автоматты түрде ауыр құқықтық салдары бар санатқа – яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу және қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі көзделген.
Парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін бірнеше рет, не қылмыстық топпен немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адамдарға да осындай, қауіпсіздігі төмен қоныс-колониясында жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі және шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу түріндегі қатаң шаралар қолданылатын болады.
Бизнесті қорғауды күшейту контексінде, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында Қылмыстық кодекске жауапкершілікті күшейтетін түзетулер енгізілді.
Енді құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бизнеске араласқаны үшін 2 жылдың орнына, 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қауіпі бар.
Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы одан да қатаң жазаға – яғни, 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғатындығы жайлы хабарлады.
Кездесу соңында азаматтар сыбайлас жемқорлықпен күрестің ауырлығын түсінуі керек екендігін атап өтіп, соңғы өзгерістерді назарға ала отырып, бүгінгі күні пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын болатындығын хабарлады.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат