Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойхана жұмысы тұралап тұр

Тойхана жұмысы тұралап тұр

Елде той өткізуге түбегейлі тыйым салынды. Бұл наурыз айынан бастау алған карантиндік режимді қатаң түрде сақтай отырып бекітілген жарлық. Осыған сәйкес тойханалар жабылып, қашан ашылатыны да жұмбақ болып келеді. Бірнеше айдан бері есігі ашылмаған мейрамханалардың ішін шаң басып, кәсіпкерлердің кәсібі тұралап қалды. Осы негізде аудандағы тойханаларды аралап, ғимарат иелерінің жай-күйін білмекке ұмтылдық.

Ең әуелі ауданда іргетасы 1997 жылы қаланған «Ақтілек» мейрамханасына бас сұқтық. 23 жылдан бері халыққа жұмыс жасап, талай тойдың куәсі болған тойхана бүгінде қаңырап тұр. Иесі Шакразат Жұманқызы әлемді жайлаған індеттің өз кәсібіне көп зиян тигізгенін айтып налыды.
– Әлемді жаулаған вирус қазақ елін айналып өтпеді. Халықтың әл-ауқаты нашарлап, талай жан келместің кемесінен орын тапты. Адамдар көптеп бас қосатын орындарға шектеу қойылды. Той тыйылды. Мейрамханалардыңжұмысы алты айдан бері тоқтап тұр. Өйткені заң солай, бағыну керек. Бастысы елдің амандығы. Десек те бұрындары қыс айында той аз болатындықтан жарық, су, жылудың ақшасын жазғы уақытта есептесетінбіз. Неге десеңіз, жазда той-жиын көп өтетін. Қызу жұмыс жүріп содан түскен қаражаттан берешектерімізден құтылатынбыз.
Одан бөлек қазіргі ахуал тек менің ғана емес, аудандағы бірқатар кәсіпкерлерге зиянын тигізуде. Мейлі той жасауға болмайды делік. Бірақ оны құп көріп жатқан халық жоқ. Тығылып думандатып, асаба, даяшы, әншілер сол жақтан табылады. Оның үстіне бүгінге дейін біршама орындардың шектеу шараларын жеңілдетіп, іске қосты. Сонда тек тойхана иелері ғана зардап шегуі қажет пе? Басқалар секілді мейрамхананы да адам санын шектеп, санитарлық ережелерді қатаң түрде сақтай отырып ашуға рұқсат беру керек, – деген жанайқайын жеткізді кәсіпкер.
Рас. Карантиндік режимде ел арасында той болып жатқанын көзіміз көрді. Ол жағдай одан әрі көбеймесе, кеміген жоқ. Өйткені той – халықтың қазынасы. Думанға үйренген бұқара тым-тырыс отыра алмайды.
Шакразат Жұманқызы төтенше режим енгізілмес бұрын тендерге түсіп, бірнеше мектептің асханасын тамақпен қамтамасыз етуді ұтып алған. Алайда кейіннен білім ошақтары жабылып, оқушылар қашықтан оқуға көшті. Жеке кәсіпкер сол уақыттан бері көптеген шығынға ұшыраған.
– Жыл басында тендерден жеңіп, бірнеше мектептердегі жағдайы төмен отбасындағы оқушыларға ыстық тамақ беретін болғанбыз. Еншілеген қаржының 3 процентін кепілдікке қойып, қағаздарын дайындауда көптеген қаражат жұмсалды. Дегенмен мұның барлығы зая кетті.
Осы ретте менің білгім келетіні, сол кездері мектептен ыстық тамақ ішетін аталған отбасындағы балалардың хәлі қазір не болып жатыр? Тым құрығанда білім ошақтарынан ас ішетін жас өскіндердің жайын ойлап, үйлеріне жеткізу жағын қарастырып берсе екен. Сонда менің кәсібім жолға қойылып, қызметкерлерім нәпақаларын тауып, сол балалардың да қарнын тоқ қылған болар едік, – дейді ол.
30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер, қарамағындағылардың да жағдайын ойлап, жақын арада мәселенің біржақты етілгенін қалайды. Қаражат көзінен алыстаған ол, қазірде тығырықтан шығудың жолын іздеп әлек. Тойханамен табыс түсіріп отырғаннан кейін ахуалдың жуық арада жолға қойылмайтынын сезгендіктен басқа да кәсіптің көзін қарастырайын десе банктер несие беруден бас тартқан. Себеп – алдыңғы қарыздың өтелмеуі. Несиені жабайын десе той тоқтап тұр.
Өткен аптада Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №20 Қаулысы жарық көрді. Онда бұл қаулы 2020 жылдың 17 тамызынан бастап күшіне енетіні және бірқатар шектеу мен карантиндік шараларға жеңілдіктер енгізілетіні айтылған. Сондай-ақ қандай шараларға тыйым салынатыны да қозғалды. Рұқсат берілмегендер қатарында мейрамхана да бар. Демек әзірге тойханада той өткізудің ауылы алыс.
Абзал ЖОЛТЕРЕК
18 тамыз 2020 ж. 1 166 0

Байқаңыздар, балақай!

28 желтоқсан 2024 ж. 44

Форум: Прогресс һәм жастар

28 желтоқсан 2024 ж. 46

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031