Сырқатты ауыздықтауға сақадай сай
Бүгінгі таңда ауданда COVID-19 бойынша жағдай қалыпқа түсті. Наурыз айынан бері ауданаралық жұқпалы аурулар бөлімшесіне 230 адам пневмониямен түсіп, 215 ауру дертінен айықты. 12 адам көз жұмды. Қалған 3-і провизорлық стационарда тиісті ем алуда. 28 науқас COVID-19 дертіне шалдыққан. Оның 3-і індетке қарсы тұра алмай қайтыс болса, 24 науқас жазылып шықты.
Қазір ауданаралық жұқпалы аурулар бөлімшесінің COVID-ке қарсы бөлімінде 1 науқас шипасын қабылдауда.
– Бүгінде маусым-шілде айларына қарағанда жағдай біршама жақсарды. Әрине ешқандай белгісіз бұрын-соңды болмаған аурудың жаңа түрі дәрігерлерді есеңгіретіп, халықты үрейлендіргені шындық. Дегенмен бұл қиындықты еңсердік деп бойымызды бос жібермейміз. Алда нағыз тұмаудың өршитін кезі күз бен қыс айы келе жатыр. Сол себепті де әлден дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни жан сақтау бөлімін 20, провизорлық стационарды 200 төсекке кеңейтудеміз. Реанимация бөлімі қажетті құрылғылармен жабдықталуда. Оттегі беру аппараты қойылды. Дәрі-дәрмек жеткілікті.
Сондай-ақ аудандық ауруханадағы балалар бөлімі де провизорлық стационар болмақ, – дейді ауданаралық жұқпалы аурулар бөлімшесінің бөлім меңгерушісі дәрігер-инфекционист Пазылбек Жәлімбетов.
Ақ халаттылар індеттің алдын алу мақсатында онлайн конференциялар мен телемедицина бағдарламаларына қатысып, біліктіліктерін арттыруда. Осылайша бір-бірімен білімдерін жетілдіріп жатқан дәрігерлер маусымдық сырқатты ауыздықтауға сақадай сай тұр.
Айта кету керек, бұл күндері карантиндік шаралардың әлсіреуіне қарамастан, демалыс күндері елде қатаң карантин сақталмақ. Бұл жөнінде ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында мәлімдеді.
– Неліктен демалыс күндері біз локдаунды сақтағымыз келеді? Алға қойған негізгі міндет – оң динамиканы сақтап қалу. Инфекцияның таралуына әсер ететін ең басты себеп – адамдардың бір-бірімен байланысы. Демалыс күндері байланыс күшейетінін жақсы түсінеміз. Халық қозғала бастайды. Сауда орталықтары, сауда үйлері, базарға адамдар ағылады. Біз демалыс күндері негізінен адамдардың жаппай жиналуына байланысты ірі объектілердің қызметін тоқтатуды ойластырғанда, азаматтардың байланысын мейлінше азайту қажет болды. Бұл инфекцияның таралуын тоқтатуды білдіреді. Сол себепті локудаунды енгізуді жөн көрдік, – деді Есмағамбетова.
Локдаун термині – ағылшын тілінен аударғанда lockdown – карантин, қатаң оқшаулау, әртүрлі жағдайларда қолданылуы мүмкін бұғаттауды білдіреді. Эпидемия мен пандемия кезінде бір қала, аймақ немесе ел аумағының басқа бөлігі тұрғындары инфекцияның таралуын болдырмау үшін үйде қалуы туралы биліктің өкімін қатаң орындауға міндетті.
Сондай-ақ мемлекет аумағындағы бүкіл жағдайлар бақылауда болады. Локдаун сөзі АҚШ-та “өзің қалған жерде, қорған, үйіңде қал” деген мағыналарда қолданылады.
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін демалыс күндері шектеу шаралары сақталады.
17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары жарияланды. Яғни жұмыс берушілерге қызметкерлердің кемінде 80 проценті үшін қашықтан жұмыс істеу форматын сақтау ұсынылады.
Қоғамдық көліктер аялдамада дезинфекциялау мен желдетуді қамтамасыз етумен отырғызу орындарының толуына қарай жүре бастайды. Ашық ауада жеке және топтық жаттығулар жасауға 5 адамнан артық емес және ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығулар жасауға рұқсат етіледі. Бірақ 30 адамнан артық емес, спорт базаларында тұру, эпидемияға қарсы және алдын алу шараларын сақтауға рұқсат етіледі. Індетті өршітпей тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА