Індеттің іркілуі – ақхалаттылар арқасы
Ауру бір айналдырса, шыр айналдырадының керін өткен айдағы індет жұқтырудың шарықтау шегінде байқадық. Одан соң ел Президенті Үкімет басшысына жағдайды реттеуге тапсырма беріп, карантин режимі күшейтілді. Ал бірер күн бұрын Премьер-министр Асқар Мамин ауруханалардағы орындар жетіспеушілігі 46 процентке азайып, тәжді вирустан айыққандар 63 проценттен асқанын мәлімдеді.
Бұнымен қоса індет жұқтырушылардың тәуліктегі көрсеткіші 4 процентке төмендеген. Жедел жәрдем көмегіне жүгінушілер 3 есеге дейін азайды. Нәтижесінде тамыздың 3-нен бастап бірқатар көпшілік орындар мен кәсіпкерлік нысандардың жұмысына қойылған шектеулерді алып тастау жоспарлануда. Бұл – елдегі жалпылама жағдай.
Шілде айының аяғындағы мәліметке сәйкес Қазалыда Covid-19-бен ауырғандар саны жүзге жуықтаған. Оның жартысынан астамы қазірдің өзінде жазылып шықты. Ресми деректерде қайтыс болғандар туралы ақпарат жоқ. Десек те өткен айда пневмания мен пандемияның қайсысынан екені белгісіз, ондаған қазалылық қайтыс болды. Осы орайда індеттің қазіргі жағдайын, алдыңғы шептегі дәрігерлердің жұмыс барысын көру үшін аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына барған едік.
Сақтық шараларына аса қатты мән беретін аудандық жұқпалы аурухана бөлімінің мамандары ішке кірмес бұрын алдымен бірреттік комбинезон ұсынды. Бір байқағанымыз, арнайы униформа денені тұтастай тұмшалайды. Ал оны кигеннен кейін қас-қағым сәтте терлей бастадық. Ол аз болғандай бар күшпен ішке тартқан ауа біреу алқымнан алғандай өкпеге жетіп болмайды. Арнайы көзәйнек те біраз қимылдағаннан кейін көз алдын бұлдыратып жібереді. Кәнігі мамандар киіп жүрген резеңкі етіктің орнына бахиланы пайдалансақ аяқ алыс ауырлай түсті. Дәрігерлер таңнан кешке дейін шешілмейтін етіктің үштен бірі жұмыс аяқталар тұста терге толып тұратынын айтып шошытты. Арнайы форма ішінде жарты сағатқа ғана жанымыз шыдаған біз ақ халаттылардың темірдей төзіміне басымызды идік.
Бұдан кейін пневманияға шалдығып, ем алып жатқан науқастардың жағдайымен таныстық. Провизорлық бөлімшеде бір палатада екі, кейбірінде төрт адамнан орналастырылған. Жалпы бөлімде 2 жасанды тыныс алу аппараты мен 4 оттегі консентраторы бар. Дегенмен аталған бөлімшедегі он бестен астам науқас бұған мұқтаж емес. Олар дәрігерлердің өз туысына қарағандай қамқорлық танытып отырғанын, денсаулықтары қалыпқа келіп, үйге қайтатын күн жақындағанын айтты. Ал реанимация бөлімінде аса қауіпті жұқпалы ауруға шалдыққандар жатқандықтан онда кірмегеніміз дұрыс деп шештік. Дәрігерлер жан сақтау бөлімінде үш науқас ауыр хәлде келіп түскендігін, қазір салыстырмалы түрде жағдайлары жақсарғанын мәлімдеді.
Бүгінгідей көңіл көншітерлік нәтижеге жетіп, аурулар санын сауыққандар арқылы кеміткен ұжымның еңбегі орасан. Олар қиын сәтте жұдырықтай жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білді. Індет елді жайлаған тұста да жауапкершіліктен жаңылмай келеді. Соған сай тұрғындар тарапынан алғысқа бөленуде. Солардың қатарында бөлімде қызмет етіп жүрген 3 реаниматолог, 2 провизорлық және ковид бөлімшесінің дәрігері абырой биігінен түспей келеді. Ауруды емдеу, бақылауда ұстау қиындық тудырмас үшін үш бірдей реанимациялық, провизорлық және ковид бөліміне арнайы посттар қойған. Ақхалаттылар қазіргідей көрсеткішке жетіп, ауру санын азайтуда бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы қызметіне біраз уақыт бұрын тағайындалған Жасарал Оспановтың ұйымдастырушылық қабілеті мен білімі үлкен сеп болғанын айтады.
Білікті маман Жасарал Дәулетұлы Аспендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетін «Педиатр» мамандығы бойынша бітірген бірінші санатты дәрігер. Қазір физиатр, туберкулезге қарсы диспансер бөлімінің меңгерушісі. Жас та болса бас болып жүрген дәрігер жағдай ушыққан уақытта бәрінен бұрын науқастардың жақындарын жұбату, сауығып кететініне уәде беру қиынға соққанын жеткізді. Ол алдымен өткен айдағы пик туралы баяндап берді.
– Жалпы індет тарағаннан бері жұқпалы аурулар бөліміне 223 науқас келіп түсті. Оның 200-ге жуығы жазылды. Ал коронавирус жұқтырған 27 адамның 16-сы аяққа тұрып кетті. Әсіресе жұқтырушылар саны күрт өскен сәт дәрігерлер үшін ең ауыр кезең ретінде есте қалды.
Аурухана бөлімінде бос орын болмай қалған күндер де болған. Біз ол мәселені қосымша палаталар жасақтау арқылы шештік. Дегенмен күн сайын толастамаған науқастар саны шынымен үрейді ұшырды. Тізе қосып, коронавируспен күресіп жүрген әріптестерімізге дейін науқастанып, қайғылы жағдай да орын алды. Бұл ақхалаттылар психикасына әсер етпей қоймады.
Ең қиыны осында түскен науқастардың туыстарымен сөйлесу болды. Бір адамның жағдайын білу үшін бірнеше жақыны келіп, жағдайын сұрайды. Жұбаныш күтеді. Мәселені байыппен түсіндіріп, қиындықты бөлісе білу бір қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Бірақ бұнда үрейдің белең алмауы өте маңызды, – дейді Жасарал Дәулетұлы.
Жауапты дәрігер сонымен бірге бөлімнің материалдық базасы болуы мүмкін төтенше жағдайға дайын екенін айтады.
– Осы сәтте кислород балондары мен жасанды тыныс алу аппаратына аса қажеттілік жоқ. Сонда да медициналық құрылғылар барлық жағдайға сақадай сай тұр. Бүгінде провизорлық бөлімшеде 16, “Covid” бөлімшесінде 8 адам ем қабылдап жатыр. Денсаулық жағдайы бірқалыпты. Жансақтау бөліміндегі науқастардың да беті бері қарап келеді. Бұйырса, жақын күндері басқа бөлімшеге ауыстыруды жоспарлап отырмыз, – дейді ол.
Айта кетейік, індет елге келгелі ауданаралық ауруханаға қарасты бөлімдерден барлығы 17 дәрігер пневманияға шалдыққан. Оның екеуі кәсіби міндеттерін адал атқарып, көзге көрінбейтін жаумен айқаста жан тапсырды. Бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы дәрігердің сөзіне сенсек осы күнге дейін правизорлық бөлімшеде пневманиядан 12, коронавирустан 3 адам көз жұмған.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ