Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал еңбекпен келген абырой

Адал еңбекпен келген абырой

Уақытында белжазбай жұмыс істеп, маңдай тер, адал еңбектің арқасында озат комбайнер атанған Құдайберген Қалиевтің ауылшаруашылығы саласына қосқан ұшан-теңіз еңбегін елдің бірі білсе, бірі білмес. Заманында аты аңызға айналып, ауыл-аймақтан асып, қалаберді республика көлеміне танылған еңбеккердің шаңырағында болып, өткен күннен сыр шерту бұйырды.

Құдайберген ақсақал әңгімесін: «Біз ерте есейдік. Жетімдік пен жоқшылық бұғанасы бекіп, буыны қатаймаған бес жасар маған бала болып еркелеуді бұйыртпады. Әкем Қали өмірден озғанда анам отызға да толмаған жас келіншек еді. Әп-сәтте тағдыр жолымыз басқа арнаға бұрылды», – деп бастады. Аз-кем үзілістен соң терең күрсініп алды да көз алдында көлбең ете қалған балалық шағына еніп кетті.
Ол қазіргі Ақтан батыр ауылындағы орта мектепте оқыған. Оқыды деген аты болмаса, киер киім, оқу-құралдың жоқтығынан қанша мәрте сабақтан қалып, ұстаздан ұрыс естіді. Олар әкеден төртеу еді. Отбасында екі қыз, екі ұл өсіп-жетілді. Қаршадайларынан жетімдіктің ащы дәмін татты. Жастай жесір қалған Үрзада ананың тапқан табысы шиттей бала-шағаның ішім-жеміне әрең жететін. Жығылғанға жұдырық болып егіс басында жүрген ана қайғылы жағдайға душар болды. Екі қолынан жараланып, қабырғасы мен бауыры ауыр зақым алып, қапыда еңбекке жарамсыз болып қалды. Бірінші топ мүгедегі атанып, бүтін отбасы үкіметтің 20 сом жәрдемақысына қарап қалды.
– Ол кезде бір қап ұн 14 сом еді. Үйге анамның жәрдемақысынан басқа кіріс кірмейді. Қатты қиналдық. Шешем жарықтық өте еңбекқор жан. Мені ертіп масақ теруге баратынбыз. Екі қолынан айырылған соң тамақ жасауға да жарамады. Үлкен әпкем ерте тұрмысқа шығып кетті. Үйдің тауқыметі маған қалды. «Басқа түссе, баспақшыл» деген нан жауып, ас әзірлеуді де анамның айтып тұруымен өзім істейтінмін, – деп Құдайберген аға терең тыныс алды.
Орта мектепті бітірген соң қатарластары жоғары білім алуға жан-жаққа кете бастады. Құдайбергеннің жолын тағы сол жоқшылық байлады. Десе де Қазалы қаласындағы №34 селолық кәсіптік-техникалық училищеден механизатор мамандығын алды. Оқудағы екі жылда кәсібін терең меңгеруге ден қойды. Бар ойы анасына жәрдемдесіп, отбасын асырау еді. Арманы орындалды да. Сол кездегі XXII партсъезд атындағы совхозға механизатор болып жұмысқа орналасты.
– Әлі көз алдымнан кетпейді. Ең алғаш сегіз сом жалақымды алғанда шешем байғұс көз жасына ерік берді. Мені қапсыра құшақтап еңкілдеп жылады. Міне осы сәттен бастап, өзіме артылған жауапкершілік жүгінің жеңіл емес екендігін жете түсіндім, – деген кейіпкеріміздің абыройы адал еңбек арқылы арта берді.
Оған совхозға келген су жаңа 5 комбайнның біреуі бұйырды. Алайда екі жылға жетер-жетпес еңбек өтілі бар механизаторға техниканы сеніп тапсыруды бірі құп көрсе, енді бірі ерте екендігін айтып жатты. Сол кездегі совхоз директоры Бүркіт Жөкелов пен инженер Қуантқан Әлімбетов еңбекқор, елгезек, тыным таппайтын қайраттылығына сеніп Құдайбергенді комбайнға отырғызды. Әсіресе үнемі жанашыр болып жүретін көрші Қуантқан ағасы: «Саған комбайнды үлкен күшпен алып бердім. Мені ұятқа қалдырма» деп нық тапсырды. Жас комбайнер сенім үдесінен шыға білді. Бір жылдың қорытындысымен 1974 жылы аудан бойынша бірінші орынға шықты. 10 мың центнер күріш бастырып, совхоз мерейін үстем етті. 19 жастағы бозбала бұдан кейін де шаруашылық жұмысына білек сыбана кірісті. Социалистік жарыстарда үнемі бірінші орын тұғырынан түспеді. Осыған орай үш мәрте «Урал» мотоциклін, одан өзге де бағалы сыйлықтарды иеленді. Тіпті Югославия еліне саяхатқа жолдама да алды. Қашанда сый-құрмет көрген озат комбайнерге Мәскеудің Ижевск қаласынан әкелген автокөлігі әлі де ерекше ыстық көрінеді.
1984 жылы 20 000 центнер астық бастырып, республика бойынша чемпион атанған Құдайберген Қалиұлы Одақ атынан берілген «Москвич» көлігін өзі барып алып келді. Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, жұмысшылар, колхозшылар, инженерлік-техникалық қызметкерлер мен мамандар арасындағы өндіріс саласындағы республикалық социалистік жарыстың жеңімпазы Құдайберген Қалиев тапсырмалар мен социалистік міндеттемені орындауда қол жеткен табыстары үшін осы Құрмет дипломымен награтталады» деген мәтіндегі бірнеше Құрмет грамоталары оның ерен еңбегінің айғағы.
Тағы бір ерекше тұсы – Құдайберген тізгіндеген комбайн кідіруді білмейтін. Оған себеп иесінің оны үнемі күтіп-баптап, баладай мәпелей білгенінде жатыр. Әр жұмыс күні біткенде техниканың жай-күйін қадағалап, тетіктерін тексеруді әдетке айналдырған. Содан болар күтімі келіскен комбайн әрқашан ұятқа қалдырмайтын. Техниканы шебер басқару, күріш дестелерінің қалың, жұқалығына қарай жүріс жылдамдығын өзгертіп отыру үнемі бақылауында болатын. Түздегі ердің үйдегі тірлікке алаң болмай шаруасын шашау шығармай атқарып жүргеніне жары Шарипаның да қосқан үлесі аз емес. Ерінің жұмыс киімін, ас-суын уақытында даярлап, үй жұмыстарын дөңгелетіп әкеткен жас келін бәрінің бабын таба білді. 17 жасында тұрмысқа шығып, бір әулеттің келіні атанған бойжеткеннің қолынан біраз іс келетін. Отбасындағы баланың тұңғышы болғандықтан болар Шарипаны анасы жастайынан еңбекке араластырды. Ананың бұл ісі қызының қайынжұртта мақтаулы келін болуына септігін тигізді.
– Анам екі қолдан айырылып, шаруаға икемсіз болып қалды. Бірақ тынбайтын. Менің ерте шаңырақ көтергенімді құп көрді. «Апа, сіздің көңіліңізге жаққан қызға үйленемін» деп таңдауды сол кісіге салдым. Бірде совхозға көмекке қыздар келді. Ол кезде солай жұмысшылар қатары толығатын. Ішінде ерекше әдемісі, қолаң шашы тілерсегіне түскен бойжеткен көзіме түсті. Бірде қыздардың біреуі менен: «Үйіңізге барып, киімдерімізді жуып алсақ бола ма?» деп сұрады. Іздегенге сұраған, мен келісе кеттім. Анама ұнатқан қызымды көрсетіп: «Мына қыз қалай, сізге жақса, келін қылып түсіруге әрекет жасаймын» дедім. Бірақ ол бойжеткенде ешқандай сөзім жоқ болатын. Анам: «Балам жаман емес, өмірлік серігің бола алатын жан» деді. Сөйтіп не керек оны үйге келін қылып түсірдім», – деп жылы жымиды.
Құдайберген аға мен Шарипа апа алты баланы өмірге әкеліп, құтты орнына қондырды. Сүйкімді немерелерінің сүйікті ата-әжесі.
Анасының мұңдасы да, сырласы да болған ол анасы туралы сыр шерткенде ерекше толқиды.
– Жастау кезімде, жолдастарыма еріп, темекі тартып көрдім. Мұнымды сезіп қалған анам: «Күйеуден ерте айырылып жесір қалып, талай тауқыметті тарттым. Сендер ержетті, жаныма жалау болады дегенде темекі тартып, арақ ішсеңдер мен кімге сенемін?» деп көзінің жасын сығып алды. Сол күні анама: «Мен ондай әдеттерден аулақ боламын» деп уәде бердім. Қазір қанша жыл өтсе де сондағы сөзімді аяқ асты етпедім. Үнемі батасын беріп, жолымды тосып отыратын жанға «тек қуанышымды көрсетсем» деп талпындым, – деген кейіпкерім ата-ананы барлығынан биік қою әр адамның парызы деп білетініне тоқталды.
Адал еңбек абыройды арттырып, құрметке бөлейді. Бұны Құдайберген Қалиевтің өмір жолына зер сала отырып аңғаруға болады. Мақтаныш үшін емес, мақтаулы маман болайын деп бар күш-жігерін сарп еткен жанның өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА


04 тамыз 2020 ж. 487 0

Табиғаттың тілі жоқ

05 мамыр 2024 ж. 82

Шаттық ұялаған шаңырақ

04 мамыр 2024 ж. 129

Сақтық – саулық кепілі

04 мамыр 2024 ж. 138

Маңызды мәжіліс

04 мамыр 2024 ж. 100

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031