Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кореяда қандастарды не күтіп тұр?

Кореяда қандастарды не күтіп тұр?

Қазіргі кезде халықаралық деңгейдегі экспорттық-импорттық операциялардың үш түрі белең алған. Біріншісі тауарлар саудасы болса, әлемдік нарықта сұранысы мол қызмет көрсету саласы екінші орынға ие. Үшіншісіне халықаралық жұмыс күштерінің қозғалысы жатады. Осыдан үш жыл бұрынғы статистикаға сәйкес, жұмыс іздеп, шетел асатын әлемде 260 миллионға жуық азамат бар. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш әлдеқайда өскенін білеміз. Бірақ күні кешеге дейін өзге ұлт өкілдерінің қазақ жерінен нан іздеп келгені болмаса, қандастардың нәпақа үшін туған жерден жырақтауы сирек кездесетін. Ел экономикасы Батыстың бетке ұстар елдерімен таласпаса да, қазақтардың бала-шағасын тастап, жатжұртқа жалданып жүрмегені көңілге қуаныш ұялататын. Алайда соңғы жылдары Оңтүстік Кореяға олжа іздеп кететіндердің, сондай-ақ дос-туыстарын шақыратындардың саны күрт өсіп кетті. Өзге елде ұлтан болуды ар санайтын жұрттың ол жаққа ағыла түсуінің себебі неде?

Әлемдегі экономикалық көшбасшы елдердің бірі саналатын Оңтүстік Кореяның отандастарды еліктіретін себебі – табыс айырмашылығы. Білетіндердің айтуынша, онда жалақы төлеу заңдылығы мүлдем өзгеше. Сонымен бірге денсаулыққа зиян, физикалық ауыр жұмыстар үшін қосымша ақы қарастырылған. Мәселен, құрылысқа икемі бар жұмысшы үшін компаниялар күніне 150 доллар айналасында төлеуге дайын. Бұл теңгеге шаққанда 60 мыңнан асып жығылады. Осыдан кейін айлығы «шайлығына» жетпей жүргендердің жақсы табыс тапқысы келгені, отбасын барлық қажеттілікпен қамтамасыз еткісі келгені үшін кінә тағу орынсыз сияқты. Сол себепті технология мен еңбекті жақсы бағалайтын елде болғандардың тәжірибесін назарға ұсынамыз.
Шетелде кім көмектеседі?
Кореяда шетелдіктерге жолсерік болып, ақша табатын гидтер өте көп. Олар уақытша баспана табуға, құжаттар рәсімдеуге және жұмыс табуға көмектеседі. Бірақ бұндай жақсылығы үшін 80 мың теңге беруіңіз керек. Мұндай адамды бұрын сонда елде болған таныстардың ұсынысымен таңдаған жөн. Әйтпесе әлеуметтік желілердегі гидтер көбіне алаяқтыққа барады. Ондайлардың клиенті жұмысқа орналасып, жоспарланған нәрсені пысықтап, тіл білмегенін пайдаланып, жалақысын алып, жоғалып кеткен жағдай көптеп кездеседі.
Жоғарыда айтып өткендей құрылысқа тұрғандар жақсы табыс табады. Бірақ бұл жалақысы ең жоғарғы қызмет емес. Құрылыста “қысқа күн” режимі бойынша уақыт қойылғанымен жұмыс іздеушілер бұған алдана қоймайды. Өйткені Қазақстаннан арматура айырып, бетон құю үшін келмеген еді. Оның үстіне «қысқа күннің» өзі кореялықтар үшін таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жалғасады. Осыдан-ақ жергілікті жұртшылықтың қандай еңбекқор екенін байқауға болады.
Десек те бірнеше мемлекеттің шекарасынан өтіп, елге қомақты табыспен оралуды көздегендер бұдан аса тартынбайды. Тіпті бетон құюдан да қиын жұмыстар іздейді. Неге десеңіз, бейнеті көп іспен айланысқандар көп ақша табады. Мысалы, кеме тұрғызу – қауіпті кәсіптің бірі. Қауіпсіздік белбеуімен ондаған метр биіктікке шығып, жел өтінде жұмыс істеуің керек. Бірақ маңдай терінің өтеуі ретінде кешкілік берілетін 80-100 мың теңге бұның бәрін ұмыттырып жіберетіні анық.
Өкініштісі Оңтүстік Кореяда қазақстандық диплом іске аспайды. Офистер мен салмақты жұмысқа АҚШ, Қытай және Еуропа елдеріндегі білім алған азаматтар таңдалады.
Зауыттағы жұмыс жағдайлары
Автомобиль орындықтары мен керек-жарақтарын шығаратын “DDD” зауыты биржа қызметтерін жақсы пайдаланады. Компанияның жүз адамнан тұратын тұрақты құрамы бар. Жүктеме артқан кезде жаңа қызметкерлер алып, шығынданғысы келмейді. Өйткені оларды себепсіз қысқартқаны үшін зауыт штатпен алған жұмысшыға үш ай бойы бұрынғы алған жалақысының 50-70% төлеуге міндеттеледі. Сондықтан зауыттар ешқандай міндеттемесі жоқ, еңбегіне ғана ақша алатын уақытша «арбайттарға» жүгінеді. Бірақ мұндай кәсіпорындарда тәртіп мығым. Қоңырау соғылды, демек жұмыс басталды. Бұл сәтте басқа нәрсеге көңіл бөлуге, шылым шегуге, тіпті бірдеңе жеуге де болмайды. Аппараттардан алыстамас үшін әр қызметкердің жанына су толы бөтелке қойылады.
Мұнда бұлжымайтын жұмыс кестесі бар. Бірінші тайм 1 сағат 50 минутқа созылады. Осыдан кейін 10 минут үзіліс беріледі. Екінші таймда алдындағыдан ұзағырақ, 2 сағат 30 минутқа шыдауға тура келеді. Дегенмен ол біткесін түскі ас үшін бір сағат бекітілген. Қызметкерлер ауқаттанғаннан кейін тағы екі сағатқа жуық еңбек етеді. 120 минуттан кейін жарты сағат “бестің шайы” беріледі. Бірақ бұдан соң екі сағаттық жұмыс тағы күтіп тұрады. Бұл үшін жұмысшылар сағатына есептеседі. Демалыс күндері тәп-тәуір ақша табады. Мәселен, жұмыс күндері оларға сағатына 10$, ал сенбі, жексенбі күндері 15$ төлейді. Егер сіз түнгі ауысымға шықсаңыз, сыйақы мұнымен бітпегенін түсінесіз. Күндізгі ауысым 90 долларды, ал түнгі ауысым 110 долларды құрайды. Демалыс күніндегі түнгі ауысым тіптен берекелі. Түнгі демалыс-мереке болған кезде жалақыға қосылатын үстеме 100 процентке жетеді. Барлық ұпайлар ескеріліп, әділ төленеді. Тапсырмалар нақты, әрі ауыр емес. Зауыттарда шағымдар мен ұсыныстар кітабы бар. Мұнда жұмыс процесін жеңілдету туралы ұтымды ұсыныс білдірсеңіз, оған 300 доллар сыйлық қарастырылған.
Қиын жұмыс
Оңтүстік Кореяда пияз алаңында жұмыс істеу қиын. Шіріген көкөністер, сасық иіс пен шыбын-шіркей адамды мезі етіп жібереді. Оның үстіне 25 кг болатын қорапты толтырып, роликке апару керек. Және оны жылдам тасығаның құпталады. Алқапқа пияз еккеніңіз үшін сізге күніне 30 мың теңге көлемінде төлейді. Бірақ бұл қиын әрі айлығы аз жұмыс саналады.
Цемент зауыттарында да шетелдік жұмысшылар көп кездеседі. Олар қатқан цемент қабын төрт мәрте жерге алып ұруы керек. Кейде қапшық жыртылып, әбігерге түсіреді. Бірақ бір қапқа екі адамнан бекітілген. Жұмыс берушілер әр тоннасы үшін төлейді. Бірақ ауылдың жігіттері болмаса, мұндай жұмыспен күн сайын айналысу мүмкін емес. Ауыр жұмыс саналғанымен тәулігіне 80 доллар төленеді.
Жергілікті жұрт өздерін “хангук” деп атайды. Кәрістердің тілін, мәдениетін үйретуге бәрі құлшынып тұрады. Бірақ біреудің жұмысына көмектесуді жағымсыз қылық санайды. “Ол оның жұмысы, тек өзі өтінген сәтте ғана көмектес”, – деген әңгіме саналарына сіңіп қалған.
Мұнда Дунпо деген қала бар. ТМД аумағындағы азаматтар бірге жүруге тырысады. Әрбір үшінші адам орысша сөйлейді. Бірақ олардың айналысында өсек, интрига, жала жабушылар мен маскүнемдер көп кездеседі. Сондайлар тіл үйренуге біраз кедергі келтіретіні түсінікті.
Бірақ Кореяның оңтүстігіндегі жағдай жақсы. Жұмыс орындары жағымды, қызметкерлерге қарасады. Сондай-ақ көбірек жалақы төлейді. Үй мен жұмыс арасына қызметтік көлік береді. Дегенмен мұнда көлік қозғалысы біздікіне қарағанда күрделі.
Еңбекке деген көзқарас
Кореяда нарық ритімі қарқынды. Зауыт жұмысшысы қарапайым дүкен қызметкерінен көбірек ақша табады. Соған сай кез келген қаладан жұмыс табу қиындық тудырмайды. Өйткені біздегідей игерілмей жатқан жер жоқ. Көлікпен немесе пойызбен жүрсеңіз барлық жерде ауылшаруашылық дақылдары отырғызылғанын көресіз.
Хангуктар елінің жағымды тұсы көп. Жемқорлық аз деуге болады. Сонымен бірге қылмыс жасаушылар саны да саусақпен санарлық. Көбіне басқа елден келгендер ғана тәртіп бұзып жатқаны айтылады.
Кәріс медицинасы
Мұнда медицина айтарлықтай дамыған. Оны Кореяда болған Сергей Кан есімді қазақстандықтың естелігіне қарап анық байқауға болады.
– Бірде жұмыста жүріп арқа тұсыма шаншу қадалды. Қозғалуымның өзі мұңға айналды. Бастығым дереу ауруханаға апарды. Дәрігерлер рентгенге түсіріп, екі түрлі екпе жазып берді. Айта кетерлігі, кәрістер екпені байқатпай салады. Ал біздің елде бір апта бойы қиналғаным есімде.
Бұдан кейін денеме жапсырмалар салып, токпен емдеді. Үш сағаттан кейін жаңа туған сәбидей болдым. Дәрі-дәрмектер ақысын шеф төледі.
Ауылда орналасқан бұл ауруханада әлеуметтік жағдайы төмен науқастарға бүкіл жағдай жасап қойған. Заманауи технологияларды қолдана отырып денедегі барлық ауруды анықтап, емдейді. Ауылдағы медицина осындай болса, Сеулдегі дәрігерлердің қалай емдейтінін елестетіп көріңізші...
ДайындағанРинат ӘБДІҚАЛЫҚ
17 маусым 2020 ж. 624 0

Соғыстың соңғы сарбазы

07 мамыр 2024 ж. 73

Сенімі нық сарбаздар

07 мамыр 2024 ж. 75

Ел үмітін ер ақтар

07 мамыр 2024 ж. 68

Әскердегі әсерлі сәт

07 мамыр 2024 ж. 68

Алматтың айтқандары

06 мамыр 2024 ж. 97

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031