Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқу бітіргендерді не күтіп тұр?

Оқу бітіргендерді не күтіп тұр?

Жүздеген жылдар бойы адамдар студенттік шақты өмірдің керемет кезеңіне балап келеді. Өйткені осы тұста мектеп түлегі белгілі бір кәсіпке ыңғайланып, өмірлік жолын айшықтайды деуге болады. Сонымен қатар бұл кез таланттылардың шыңдалуына, ауыл жастарының өркениетті тануына таптырмас мүмкіндік саналады. Бірақ бірнеше жылдық жоғары оқу орнын тәмамдаған студентті келешекте не күтеді? Өзі ойлағандай тұрақты жұмыс, қомақты жалақы дайын тұра ма? Өкінішке орай олай бола бермейді.
Әлеуметтік желідегі «Оқуды аяқтағаннан кейін жұмыс табылмады. Барлық қабылдауы мүмкін деген орынға түйіндемемді жібердім. Мамандық бойынша тұру мүмкін емес сияқты. Жұмыс табу үшін не істеу керек?» деген сарындағы пікірден көз сүрінеді. Әрине кез келген мекеме немесе компанияға «полуфабрикаттан» көрі тәжірибесі бар маман көбірек қажет. Бір қызығы оқуды жаңа бітірген студентке тәжірибе жинау керек емес пе? Осыдан кейін жақсы жұмыс тапқанша маман базарда немесе жеке шаруашылықтарда жалданып «күн көруіне» тура келеді.
Әрине базарда біреудің киімін немесе құрылыс заттарын сатуға жалданған жас мансап қуа алмайтыны түсінікті. Бірақ бұның да пайдалы жақтары бар. Мәселен, осы кезде белді меценатқа айналған ірі кәсіпкерлер, қаладағы сәнді ғимараттың иесі алғашқы еңбек жолын осылай біреудің затын сатып, болар-болмас жалақы үшін жұмыс істегенін білеміз. Есесіне құнды тәжірибе жинап, кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Тірлікте кездесуі мүмкін тәуекелдерді қалай еңсеруге болатынын ұқты. Дегенмен бұл амал барлық түлек үшін тиімді деп айту қиын. Әсіресе өзін жалғыз жалақымен өмір сүруге дайындап келген адам үшін бұл қисынсыз көрінуі мүмкін. Ондайлар мемлекет бекітіп қойған, жалақысы мардымсыз болса да, төленетін жастар тәжірибесінде жұмыс істейді. Бірақ мәселенің күрделісі осы тұста басталады.
Қазіргі таңда жастардың басым бөлігі мемлекет тағайындаған грант негізінде білім алып жүр. Бірақ оның қайтарымы бар екенін ЖОО-мен келісімшарт жасасқан студент ескере бермейді. Бұл құжат оны оқу бітіргеннен кейін университет жіберген ауылдық жерде жұмыс істеуге міндеттейді. Келісім орындалмаған жағдайда 4 жылғы оқу ақысы мен шәкіртақыны қоса мемлекетке қайтаруы тиіс. Бүгінде грант қаржысын қаржы министрлігіне қайтарып жатқан қазалылықтар да жетерлік.
– Бұл жүйе, әсіресе, педагогикалық мамандықты грант негізінде бітірген студенттерге қатысты. Негізгі мақсаты елдің оңтүстігінде тығыз орналасқан жұртшылықты халқы аз, жұмыс орындары бар өңірлерге жіберу үшін жасалса керек. Осы сәтте диплом бойынша емес, басқа салада жұмыс істеп, бітірген оқуының ақшасын төлеп отырған ­таныстарым бар. Егер жергілікті жерде мамандығы бойынша жұмыс табылмаса, бұған неге бітіруші түлек жауап беруі керек? Туған жерін тастап, танысы жоқ жерге кез келген адам бара алмайды. Отбасылық жағдайы болуы мүмкін. Білетіндер егер күйеуге шықса немесе магистратураға оқуға түссе, төлемнен босатылатынын айтып жүр. Жұмыссыздықты азайтуға бұл әдістің берері аз, – дейді А.Дулатқызы.
Бұдан кейін жас маман қайтадан ата-анасының ақшасымен магистратураға түседі. Олай болмаса елдің батысындағы ауылдардың біріне барып, жұмысқа орналасады. Бірақ келісімшартта міндеттелген 3 жылдан кейін оны ұстап қалу мүмкін емес. Олардың көбі туған елге қайтып, жұмыссыздардың қатарын көбейтіп жүр. Бірақ бұл тұста мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары жүйелі жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен жөн.
Қазіргі таңда Қазалыда жас кәсіпкерлер саны бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті. Олар жеңілдетілген несие, қайтарымсыз гранттар арқылы өз ісін бастап, ай сайын, тоқсан сайын салық төлеп отыр. Әрине кәсіпкерліктің кең етек жаюуы ел экономикасын еселеуге айралықтай үлес қосатынына дау жоқ. Дегенмен бұл елдегі идеология мен гуманитарияны әлсірететінін ұмытпаған жөн. Қазірдің өзінде адами құндылыққа, қасиетке үлкен көңіл аудару қажет-ақ. Бірақ әлемде орын алған ахуалға байланысты алда дағдарыс болуы мүмкін екенін ескерсек, күнкөріс мәселесіне одан әрі көбірек көңіл бөлінетінін байқаймыз.
Р.ҚАЙРАТҰЛЫ
25 сәуір 2020 ж. 526 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 83

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930