Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылға кеткім келіп тұрады

Ауылға кеткім келіп тұрады

Ғылыми-техникалық жетістіктер дамып, жаңалықтар күн санап ашылғанымен, ғылыми негіздемелер дені табиғи өнімдерді тұтынудың туралығын танытудан танбай келеді. Кеңес Одағының берік қамалы қалыптасқан өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында дүниеге келіп, тоқсаныншы жылдары өсіп-жетілген буын ауылдағы тұмса тазалықтың сарқыншағын аз болса да бойына ұялатып өсті. Қазіргідей қаладан айырмасыз тіршілікті емес, қазақилықтың қаймағы қалқыған көріністі көрді. Күнделікті кездескен кейбір жайттарды көкейге түйсем, осы ой сана саңлауынан көрініс береді.
Мұнан үш жыл бұрын облыс орталығындағы «Ана мен бала» орталығынан жаңа туылған нәрестеме ем қабылдауыма тура келді. Сонда бөлімдегі өзіммен бірге түскен аналардың шақалақтарының дені айы-күні жетпей туылғандар еді. Республикадан тікелей қаржыланатын мекемедегілер оларға ем-шараның барлық түрін жасаса да, әрбір күнгі дәрігерлік тексерісте тоқылған бұйымдар шала шақалақтардың жүйке жүйесін оятатынын ескертуді еске салатын. Тымаққа салып өсірген баланың қатарға қосылғанын көзіміз көрді. Бір кезде қазір көпке таныс артрит, артроз сынды созылмалы сырқаттармен арагідік үлкендер ауырмаса, жастарға олардың қатысы жоқтай көрінетін. Бастарынан шәлі-шарқаты түспейтін кейуаналардың қан қысымына шалдығатындары сирек еді. Күні кешеге дейін әжеміз тоқыған қыстық шұлықтар мен кеудешелер біздің денемізге қалай дегдар болғанын білдік пе?
Бала өсіріп отырғандықтан, бүлдіршінінің өз қатарластарымен бірге қалыптасқанын әрбір ата-ана қалайды. Оның үстіне қазіргідей ақпараттық ағын жан-жақтылықты талап ететін тұста, интеллектуалдық тұлға тәрбиелеу күн тәртібінде тұр. Екі-үш жасқа дейін сөйлей алмаған балалар үшін жүгінетін орын – дефектолог пен логопед қызметі. Бұрын арнаулы мекемелерде жұмыс істейтін оларға қазір әрбір тәрбие орындарында сұраныс артқан. Бір жолы бұндай жұмыстарды көріп, тәнті болғанмын.
Логопед тіл мүкістігі бар баласына келіп тұрған үлкендерге күніне бірнеше рет сағыз шайнап, шар үрлетуге кеңес берді. «Бір бойында қоспаның неше алуан түрі бар сағыздың да пайдасы бола ма?» – деген сауалыма маман оның сөйлеу қызметіне қатысатын ағза мүшелері қызметін жетілдіріп, жақсартатынын жеткізді. Кішкентайымызда аға-апаларымыз бақшалық не далалыққа барғанда әкеліп беретін құмсағыз бен техника жөндеу орталықтары мен электр бағаналары сыртындағы күнмен еріп тұрғанда қырып алатын қарамайлар құрамы әлдеқайда таза болатын.
Қызмет сағаты қомақты ақшаға лайықталған дефектолог ұсақ моториканы дамытатын негізгі жаттығуларының бірін көрсетуді сұрағанымда майда түймелерді шашып тастап, соларды кішкентайлар ажырату арқылы қол, ой еңбегін қалыптастыра алатынын айтты. Осы күні «Бес тас» ойынын ойнап, аналарға жүн түту, күріш тазартуда көмек көрсететін біздер кішкентай күнімізде маториканың маңыздысымен айналысып жатқанымызды бағамдай алмадық.
Инклюзивті орталықтарының құнды қызметтері қатарына иппотерепия мен құмға сурет салу өнері жатады. Шетелдік ғалымдар зерттеп, инновациялық үрдіс болып тәжірибеге енген әдістің негізі қазақтың ауылында жатыр. Балшық пен құмнан өзге ойыншығы жоқ буынға сол кез құнды денсаулық берген. Бала ес білгеннен ашамайға отырғызатын ұлттың ұл-қызында сал ауруына шалдыққандар санаулы болуы халықтық педагогика мен ұлттық ілімнің ұлылығында жатқанын қадірлей бермейміз.
Кейде айналадан тазалық табын іздесем, өзім өскен кездегі ауылға кеткім келіп тұрады. Алайда бүгінде онда барсаң, асық ойнап, тас қиыршықтарын жиып жүрген баланы кезіктірмейсің. Әрқайсысы бір-бір смартфон алып, бұрыш-бұрышта отырғаны. Сиыр сүті бола тұра, дайын өнімді алатын, көшеден тезек термей, наубайханада піскен тоқаштарды тұтынатын жеңгейлер амалынан кейін қаңсықты таңсық көріп, «барымызды бағамдай алмай жүрген жоқпыз ба?» деген ойда қаласың.
А.ОСПАНОВА
28 ақпан 2020 ж. 1 122 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 73

Жанға жайлы демалыс

18 сәуір 2024 ж. 78

Қалдықсыз болашақ

18 сәуір 2024 ж. 61

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930