Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әдеби кітап оқымайтын әдебиетші

Әдеби кітап оқымайтын әдебиетші

«Кеңес дәуіріндегі солақай саясаттың құрбаны болып, отарлануға жұтылып кетуіміз керек еді. Алайда қазақты бұл тығырықтан құтқарған рухани азығы», – дегенді айтып жүр сөз зергерлері. Бұл – пайымды пікір, орамды ой. Бір-біріне сырларын өлеңмен өрнектеп жеткізетін ХХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келген ұрпақ – біздер үшін кітаптың орны бөлек, маңызы ерек.
Әр айлық-жалақы алған сайын үйге дүкен сөресіне жаңадан түскен туындыларды жарыса сатып алатын әке-шешенің құрбы-құрдас, достары бас қоса қалса да әңгіме ететіндері көбіне сол кітаптың мазмұны жайлы болатын. Одан бөлек «Ақиқат», «Жұлдыз», «Ара» журналының жаңа санына не шыққаны туралы тақырып та тез өрби қоятын. Бір ауыл, өңір туралы айта қалса: «Еее, Фаризаның ауылы ғой», «Оралхан өскен жер», «Ол жерге Мұқағали барғанда, Қадыр сапарлағанда мынандай сөз қалдырып еді», – дегенді қарапайым тракторшы, қатардағы сауыншы, агроном айта беретін. Сөз бұйдасын ұстаған Жазушылар Одағының бір мүшесі алғысөз жазып, тырнақалды туындыларын аға басылымдарға жариялаған жас есімдердің көп өтпей мемлекеттік тапсырыспен жеке жинақтары, кітаптары шығып жататын. Шалғайдағы оқырмандар әрбірін жедел жаңалықтай қабылдап, өзіне керегін алатын. Ондайлардың қатарындағы қазақ ақын-жазушылары, журналистері ғана емес, орыс әдебиеті өкілдері, әлем жауһарларын жатқа білетіндерді талай көзіміз көрді.
«Терезенің жақтауына ойып жаздым атыңды» деген жолдардың мәнін жіті түсінбесек те жатқа соғатын сол буыннан өрбіген біздер мектеп табалдырығын аттағанда Ленин, Мұқағали, Фариза, Шыңғыс Айтматов сынды есімдерді біліп бардық. Одан кейін халық тұрмысы нарықтың алғашқы кезеңіндегі қиындыққа дөп келгенде де рухани серігінен ажырамады.
Өз басым нені оқып жатқанымыз, не оқу керектігін білмесем де, қолға түскен «қазынаны» толығымен ақтаруға тырысып жүргенде, қол шамның кесірінен бөлмені өртеп, жарақаттанғаным бар. Анамнан сөз естіп, тыйым салғанына қарамай, асқақ арманға тек сол арқылы жетемін деген ой жетегінде кітапқұмарлығымнан арылған жоқпын. Бұл маған ғана емес, сексенінші жылдардың соңы, тоқсаныншы жылдардың бас кезіне дөп келген буынның біразына тән естелік.
Максим Горькийдің дағдысы кейінгі өміріме де көп көмегін тигізді. Шығармашылыққа жаным құмар екенін біле тұра, ата-анам қыз балаға лайықты мамандық әрі журналистикаға да жақын деп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеруімді қалады. Ауылдан шығып көрмеген балаң қызда басқа таңдау қайдан болсын, үнсіз келісім беруіме тура келді.
Университет қабырғасына қабылданған күннен бастап «әдебиет» аталатын әлемге одан әрі бойлауды мақсат тұттым. Бұрын оқыған кітаптарды қайта шолып, кейбірін басқаша түсініп, жаңаша қабылдасақ, кейде бір-бірімен шатыстырып отыратынбыз. Сол кезде кітап оқу басқа да, оны түсіне білудің ара-жігі алшақ екенін ұғындым. Енді көркемдік ерекшелік пен құрылым, мазмұн мен форма сынды терминді меңгерген са­йын оларды талдау, таңдаудың тереңдей түсетінін біліп, әдебиетшілерге деген құрметім арта түсті. Алайда қуанышым көпке созылған жоқ. «Ардың ісіне» баланалатын өнердің бұйдасын ұстап, насихаттаушылардың қатарында шығарманы тек мазмұны арқылы ұғынатындар көптеп кездесетінін көзім көріп, көңілім иланды.
Кішкентайымызда біздің ауылда орта білім алған қыз балалардың көбі мектепке қызметке орналасатын. Кейін сырттай оқып алады. Бірі ұландар ұйымының жетекшісі, бірі зертханашы, хатшы болып жұмыс істейтін осындай жас мамандар денсаулығы, не отбасылық жағдайына байланысты жұмыста болмаған бастауыш мектеп мұғалімдерін алмастыратын кадрге саналатын. Мектеп директоры «осының білімі бастауышқа жеткілікті» деп ойлай ма, ондайлардың біразынан мектептегілер дәріс алды. Балалық шақта болған оқиғалар көпке дейін ойыңнан өшпейді екен. Бірде 3 сыныптың апайын алмастырған ұландар ұйымының жетекшісі математикадан сабақ беріп тұрып төрт таңбалы санды қосып оқи алмай, екі саннан біріктіріп айтқаны әлі есімде. Кейін тағы бір апайдың математикалық есептің жауабын таба алмай: «Итоктан қараңдар, сонда дұрысы болады», – дегені жадымда.
Бір жолы төменгі сыныпта оқитын сіңліміздің біріне дәріс берген әлгіндей мектеп бітіргеніне жыл толмаған «мұғалім» «жуа» сөзінің орыс тіліндегі баламасы «пияз» екенін айтып, екілік қойғанын ауылдағылар әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Сол апай қазір жуаның орысшасы не екенін білетін шығар, әйтеуір тәжірибесі толысқан жоғары санатты мұғалімдердің бірі.
Төртінші курста жүргенде мамандық бо­йынша іс-тәжірибеден өтуге оқу орнына жақын орналасқан мектепке жіберді. Қыстық үзіліске ауылға қайтқан мен Түркістанға бір аптаға кешігіп жетсем, топтастарым 5-9 сыныптарды өзара бөліп алған. Маған қалғаны – жоғарғылары ғана. Амалсыз мойынсұнсам да, мен жетекшілік ететін 11 сыныптардың бірінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тереңдетіп оқытылатынын естіп, қатты қобалжыдым.
Пән мұғалімі тәжірибеден өтуші демей, жылы қабылдады. Жағдайымды айтып, түсіндіріп едім, пассивті тәжірибеден өтуіме рұқсат берді. Алғашқы бір-екі сабағына қатысып, әсерлене алмадым. Шығармашылыққа толы әдебиет гуманитарлық пәндердің біріндей қарабайыр әдіспен өткізілді. Іштей «арнайы оқылатын сынып оқушылары үшін артық баяндау, тақырыпты ашудың қажеті жоқ шығар» деп топшыладым.
Мектепте жүрген екінші күнде бізді бақылау үшін арнайы университеттің кафедра меңгерушісі, әлем әдебиеті курсын жүргізетін қатал да, талапшыл оқытушы Жанымкүл Камалқызы келді. Оның алдында өзіңді көрсету тұрмақ, білгеніңді айту оңайға соқпайтын. Бойым бір қызып, бір суып, қол-аяғым қалтырап қоя берді. Күмілжіп, әр нәрсенің басын шатып, әлі сабаққа араласпағанымды жеткізген болдым. Ол кісі басын шұлғыды да, жетекшілік етіп жатқан мұғалімнің сабағына қатысатынын айтты. Жетекшім «Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы» деп аталатын екі сабаққа берілген тақырыпты бастап кетті. Біз отырған жаққа бір көзін салып қойып, өзінің жазушы туралы білетін деректерін баяндады. Мұндайда уақыт та өтпей қоятыны бар емес пе?!
Мұғалім түсіндіргені бойынша 3-4 сұрақты ортаға салды. Сыныптағы үздік, екпінді оқитын қыздар лезде сауалдарға жауап беріп, «4», «5» деген бағамен бағаланды. Тағаты таусылғаны қайта-қайта сағатына қарап тұрған кейпінен байқалады. Бір уақытта артқы жақтан: «Апай, менің бір сұрағым бар еді. Қойсам бола ма?» – деген дауысты естіген ол қуанып кеткендей болды. Аты әлі есімде, Бағлан аталатын оқушы бала: «Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» деген шығармасы бар. Туынды неге олай аталған?» – деп қысқа қайырды.
 – Дұрыс айтасың, «Қараш-қараш оқиғасы» – жазушының шоқтығы биік шығармалары қатарына жатады. Әлемнің бірнеше тіліне аударылып, өз оқырманын тауып, көркемдік ерекшелігімен дараланғандығымен де есте қалады. Ал шығарманың мазмұны, өздерің білетіндей, «қарашы, қарашы» деп бай мен кедей тап арасындағы жікті бейнелейтінімен құнды, – демесі бар ма? Бұл сөзді естісімен профессор екеуіміз аң-таң күйде бір-бірімізге қараппыз. Әсершіл оқытушымның жүзі алқызыл түске енді. Осы кезде 45 минут аяқталып, қоңырау да соғылды. Сөмкесінен қол айнасын алып, түр-әлпетін ретке келтіріп алған кафедра меңгерушісі маған бұрыла қарап: «Сен не дейсің?» – деді қатқыл үнмен. «Бұл жайлы естіген жоқпын. Тұрар Рысқұловтың әкесі туралы жазылған шығарманың тақырыбы оқиға орын алған жер туралы жазылған еді ғой», – дедім сөзімнің аяғын есілер-естілмес үнмен. «Соны айт. Жеткіз. Мыналар білсін», – деді де жетекшімді оңаша шақырып: «Студентімді сендей мұғалімге бермеймін», – деп кері бұрылды. Абырой болғанда, сол жерде тәжірибеден өтіп шықтым.
Айтқандай, сол кезде пән мұғалімдері бас қосқанда, отыз жылдан астам қызмет еткен бірі әдеби кітаптар жайлы сұрақ қойғанымда: «Менің қазір уақытым жоқ. Отбасылық жағдайым кітапқа мойын бұрғызбайды. Сондықтан кітапты қолы бос күйеуіме оқытып, содан сұрап аламын», – деп күлмесі бар ма, әріптесімнің «құпиясына» қанық болсам да, іштей ызаланып кеттім.
Осыдан бірер жыл бұрын аудандағы іргелі оқу орындарының бірінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін құрбым жарысқа қатысатынын айтып, көмек сұрады. Менің салама қатысты эссе, шығармалар байқауы сынды өтініш шығар деп, редакцияға соғуға келісім бердім.
Ұзамай жеткен әлгі қыз қатысатын жарысы – ғылыми жобалар байқауы, тақырыбы – «Абай шығармаларындағы эстетикалық көркемдікті оқыту әдістері» екендігін айтып, таң қалдырған. Өзімнің ұстаздықтан қол үзгеніме он жыл өткенін, сол аралықта оқу бағдарламасының да түбегейлі өзгергенін түсіндіріп, бас тартқанымда, ол қатты ренжіді.
Осы тақырып сөз болғанда орта оқу орнында жұмыс істейтін дос қызым: «Қазір мұғалім болу оңай. Бұрынғыдай том-том кітапты оқып, оны талдамайсың. Тапсырмаларды беріп, балалардың өздерін ізденіске бағыттасаң жеткені», – деді. Осы сәт ойыма «қарашы, қарашы» деп сөз саптаған жетекшім мен күйеуіне кітап оқытатын мұғалімнің қателігін білдірмейтін аталмыш жүйе де дұрыс шығар деген ой келді. Ал бұл тұрғыда болашақ жайлы байлам, болжам жасау тіпті қиын...
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
25 қаңтар 2020 ж. 980 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930