Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Керек кәсіп

Керек кәсіп

Қандай да бір дайындық, жауапкершілік арқылы қол жеткізетін еңбек қызметінің басты бөлігі, өмір сүрудегі күнкөрістің негізгі өзегіне саналатын маман иесі болу – маңызды міндет. Қазір Қазақстанда өз саласына байланысты жұмыс таба ­алмай жүрген жандар жеткілікті. Оларға біріншіден, маркетингтік зерттеу жүргізу болмағандық кедергісін келтірсе, келесі қиындық – еңбек өтілінің талап етілуі болып отыр. Мұндай күрделі жайға байланысты ел бойынша қолға алынған кәсіби білім беру, қайта даярлау жүйесі жақсы нәтижесін беруде.
Біз сыр тарқатып, сөзге тартқан жандардың барлығы мамандығын мақтаныш ­санайтындар. Жұмыс түрі, еңбек өтілдері әралуан болса да, ортақтастыратын бір арна – сұранысқа сай маман иесі болуы мен тұрғындар талабынан көрінуі.

Асылбек Қапаров, тұрмыстық техника жөндеу шебері:
– Адамзат ғылым мен білімді дамытқан сайын, түрлі техникаларды ойлап табу, оларды өндіріске қосу қолжетімділігі арта түседі. Алғаш жұмыс бастаған Кеңес дәуірі тұсында біз жөндейтін бұйымдар көп болмайтын. Қазір халықтың тұрмысы жақсарған. Заманауи заттарды мейлінше тұтынады. Техника болған соң, кейде түрлі жағдайларға байланысты ақау орын алады. Осындайда оларды қалпына келтіріп, жаңа қосалқы бөлшектерін ауыстырып, қолданысқа қосатын жайымыз бар. Бірде-бір күн сұраныссыз қалған емеспін. Демалыссыз, тұтынушы талабын орындайтын кезіміз де болады. Кейде істен шығып қалған заттар кезек күтіп қалып жатады.
Алғаш «Гарант» аталатын мекемеде істеген болсам, бүгінде уақыт талабына сай жұмысымыз кәсіпкерлік салаға бағытталып отыр. Үйренуге келетін, ықыласты жастар қатары көп. Бірақ оларды дайындайтын арнаулы оқу орындары ел бойынша жоқтың-қасы. Бұл салада практика керек десек те, теориялық білімнің қажеттілігі зор. Отыз жылдық тәжірибем бола тұра, үнемі ізденісте жүремін. Ол уақыт талабы. Сондықтан мемлекет мамандар мен жұмысшыларға кәсіптік білім беру, оларды даярлау, қайта оқыту және біліктілігін көтеру мәселесін қаузап жатқан тұста, тұрмыстық техника жөндеушілерге де көңіл бөлінсе деген ойымыз бар.

Мейрамкүл Ахетова, тігінші:
– Нарықтық кезең – мүмкіндіктер алаңы. Кімнің қандай нәрсеге икемі бар, оны жүзеге асырып, дамытуына жан-жақты жағдай жасалған. Орта мектепті бітірген соң еңбекке араласып, сүйікті ісіммен айналысуды мақсат тұттым. Ұзақ уақыт қатардағы тігінші болып, шеберлікті шыңдасам, кейінгі жылдары оны кәсіп көзіне айналдырдым. Қазақстанның жаңа өзгерістерге бейімделіп жатқан тұсында қаншама адамның өз ісінен қол үзіп, табыс табудың түрлі жолын іздеп кеткені белгілі. Ал, біз сол кезде де өз жұмысымызды жалғастырдық.
Менің осы кезең аралығында ұғынғаным, ниет болған жерде ешнәрсеге тосқауыл болмайды. Оған себеп, бірнеше жыл бала күтіміне байланысты демалыста отырғанда да тапсырыс табылып тұрды.
Шәкірт болып келген жастардың дені бұл шаруаға шыдамдары жетпей, асығыстық жасап жатады. Өзім шабыт аламын. Нағашы әжем, анамнан дарыған қасиеттің қадірін бағалауға тырысамын. Талабы бар, ісмерлікті жаны қалаған жан ешқашан жұмыс іздеп сабылмайды. Сондықтан жастарға дұрыс таңдау жасаған жөн деген пікір айтқым келеді.

Мадияр Бақытжанов, шаштараз:
– Дүниежүзілік қауымдастықпен нарықтық экономикалық ел деп танылып отырған Қазақстан тәуелсіздіктің қысқа жылдары аралығында өсу қарқынымен ерекшеленді. Бұл бағытта кәсіпкерлік саласының үлес-салмағы басым. Мемлекет ұстанған бағыт шағын кәсіпкерлікті дамытушыларға дем беріп, мол мүмкіндік тудырып отыр. Бұл халықты жұмыспен қамтуды ынталандырып, жұмыссыздықты қысқартуда маңызды рөл атқаруда. Ал еңбек рыногына жастардың тартылып, олардың қатарының көбеюіне Жастар жылының да септігі мол болғанын атап өту керек.
Сондай жастың бірі өзім. Жасым – 24-те. Бұл күндері бала арманымды жүзеге асырып, өз қызметімді көпке көрсетудемін. Қазір білім алудан бұрын жұмысқа орналасу қиындық тудырады. Талай құрбы-құрдастарымның дипломын алып, жұмыс таба алмай қиналып жүргенін көзіміз көрді. Үлкен өмірге қадам басарда қолымнан келетін шаштараздық кәсіпті игеруді мақсат тұттым. Арнайы курстан, дайындықтан өттім. Бір жарым жылдан бері өзімнің жеке салонымды ашып, 5 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Әрбір жас өзінде бар қарым-қабілетті дамытса, алмайтын асуы болмайды. Есік тоздырып, ата-анаға салмақ салып, уақыт оздырудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Қазір Аллаға шүкір, тұрақты тұтынушыларымыз, күн сайын жаңадан келіп, қызметімізді пайдалануға ықылас білдірген келушілер, жұмысымызға лайық табысымыз бар. Жақында ісімізді ілгерілетуге арналған шағын несие алмақпыз. Келешекте осылайша бастамамызды дамытып, аудан тұрғындары мен келушілерге қолжетімді, сапалы қызмет ұсынуды жоспарлап отырмыз.
Барлық замандастарыма бойдағы қабілеттерді дамытып, оны елге қызмет етуге арнаңдар деймін.

Аманғали Көбеков, дәнекерлеуші:
– Қазақта «Талап қыл артық білуге» деген ұғым бар. Бұл қандай да бір өнерді үйреніп, оны халыққа ұсынуға бағытталса керек. Жастайынан жан-жақты еңбекпен шыңдалып өскен ауыл баласы үшін болашақ кәсібін шаруашылыққа қатысты саламен байланыстыру қалыпты жағдай. Десе де мамандықтың қандайына да икемділік, жауапкершілік қажет.
Ата-анамнан бойыма дарыған темір ұстасы болғанымда ешкім де таң қалған жоқ. Есесіне ата-баба аманатындай болған бұл өнерді жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе деп өзіме қояр талабымды үдетумен келемін. Дәнекерлеу ісі қарапайым ойға оңай көрінгенімен, оған дәлдік, шыдам мен шеберлік қажет. Сенім білдіріп келген адамның талғамынан табылу да, оны жоғалту да істелген істен көрініс табады. Сондықтан салғырттық танытпауға барынша тырысып бағамын. Бүгінде өзім кәсіп етіп отырған орындағы қосымша көмекшілермен қызметімізге жүгінушілер үдесінен шығуды мақсат тұтып, тынбай жұмыс істеп келеміз. Олардың қатарында қарапайым сынықты жалғаудан бастап, күрделі бұйымдарды дайындау да кездеседі. Халықтан алған алғысымыз алға жетелеп келеді.
«Жұмыс жоқ, табыс табу қиын» деген сыңаржақ пікірге менің айтарым «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген халық нақылы бар.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА



07 желтоқсан 2019 ж. 1 554 0

Мәдени мұра

18 сәуір 2024 ж. 92

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930