Елімізде қанша азамат ипотека ала алмайды?
Қазақстан тұрғын үй несиесін алатындардың саны азайып келеді. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында вице-спикер Владимир Божко айтты.
"Тұрғын үй несиесіне жүгіне алатын азаматтардың саны азайып келеді. Қазіргі уақытта кепілсіз 6 миллион 752 мың тұтынушы несиесі берілген. Оның ішінде 885 мыңы кешіктірілген. Банктер мен несиелік серіктестіктер азаматтарымызды өздері осындай қаржы тәуелдігіне байлап қояды. Содан кейін банктер коллекторларға жүгінеді, ал қарыз алушылар мемлекетке барып, олардың мәселелерін шешуді талап етеді", - деді Божко.
Оның айтуынша, автонесие алушылардың саны 227 мыңға жеткен, оның 22 мыңының мерзімі өтіп кеткен. Ал 741 мың адам несие картасын алса, 56 мыңы уақытылы төлемеген. Сондай-ақ ипотекасы бар 270 мың адамның 12 мыңы несиесін төлеуді кешіктіріп жүр.
"Жалпы несие алғандардың 959 мыңы проблемалы кредитке жатады. Қазіргі уақытта 7 миллион 51 мың азамат ипотека ала алмайды", - деді депутат.
Сондай-ақ, ол халықтың төлем қабілетсіздігі проблемаларын ескере отырып, жалдамалы тұрғын үй құрылысын және "Бақытты отбасы" бағдарламасын қаржыландыруды күрт арттыру қажет екенін атап өтті.
"Азаматтардың тұрғын үй салымдарын әлеуметтік төлемдерге қатысты айыппұлдардан сақтауды қарастыру қажет. Соңғы 3 жыл ішінде ЖСҚБ төлем талаптары бойынша жинақтаушы қорлардан 3,8 млрд теңге төледі", - дейді вице-спикер.