Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әдемі қартаю да – өнер

Әдемі қартаю да – өнер

«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді халық нақылы. Кейде, шынында, тағылым дәнекері – үлкендер қазыналық міндетті дұрыс орындап жүр ме деген ой сана саңлауынан қылаң береді.

Жақында аудан орталығындағы банктің біріне бардым. Санаулы орынға сан алуан жұмыспен бас сұғатын тұрғындар қатары көп келетіндіктен, кейде оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік болмай қалады. Осыны жақсы білетіндер ол жерге жұмыс уақытынан ерте келеді. Мен де солай еттім. Күтушілер қарасы қалың. Тосқанда уақыт шіркін, өте қойсын ба? Қатарымызда тұрғандардың бір бөлігі күтіп шаршады ма, ашу-ызаларын шығарды. Бірі өзінің ерте келгені бейнекамерада жазылғанын айтса, екіншісі өзін күзетші көргенін дәлдеп әлек. Осындай сәтте арамызға Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлов келді.

Алдыңғы жақтан кезек ұсынып, күзетшіден ғимаратқа кіргізуге рұқсат сұрағанымызда, ғасырға жуық ғұмыр кешкен ардақты ақсақал өзіне көрсетілген ілтипаттан бас тартты. Тек ішкі жақтан бос орындықтың бірін шығаруып беруін өтінді. Себебін сұрағанымызда: «Неге маған артықшылық жасалуы керек. Мен де жеке жұмысыммен келіп тұрған адаммын. Сендердің әрбіріңнің істерің бар. Біріңді жұмыс, біріңді үй, біріңді бала күтіп тұр. «Көппен көрген ұлы той» деп, Алланың берген денсаулығының арқасында кезекке тұрып, реттілігіммен кіремін», – дегенді айтып, бәрімізді таң-тамаша қалдырды.

«Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» деген. Шыдамдылық пен төзімділікті осы кісіден үйрену керек», – дедім ардагермен таныстығымды білдіріп. Жаныма жақын тұрған келіншек те: «Бұл кісі біздің ауылдікі. Өз денсаулығына ерекше назар аударады. Салауатты өмір салтын үнемі ұстанады. Бақша егеді, жаяу жүреді, жылқы қайырады», – деді мені қостап. Өзін мұғаліммін деп таныстырған келіншек әңгімесін бітірер-бітірместен, егде жастағы бір мосқал әйел: «Бұл шалдың денсаулығы дұрыс болмай, кімдікі дұрыс болсын. Таза табиғи өнім, ет-сүтті ішіп отырса», – деп сөзге араласты.

Шыдамай: «Сіз де денсаулығы дұрыс адамсыз. Зейнеткер шығарсыз. Неге өзіңіз бау-бақша егіп, бие сауып, тірлік етпейсіз? Сонда сіз де дұрысталасыз», – дедім қызына. Әлгі апам: «Мен жас күнімде көп бейнет көрдім. Ден­саулығым жарамайды», – деп қысқа қайырды. Көкейімде «соғыстан күрделі бейнет кешпеген шығарсыз?» деген ой тұрса да, әрі қарай дауласуды жөн деп таппадым.

Қабақ ақсақал тек отырмай, қолын­дағы мерзімді басылымға жарияланған жаңалықтармен бөлісті. Сонан соң әдет-ғұрыпқа байланысты сұрақтар қойып, танымымызды толықтыра түсті. «Жақсымен өткен жарты күн, жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» деген осы шығар. Осылайша күткен уақыт та жетті. Ақсақал айтқанынан есік ашылған соң да таймады. Кезегімен кірді.

Бірде Алматы қаласында қоғамдық көлікте алпысты алқымдаған әйел адамға орын бергенімде, ол рахмет айтудың орына мені итере жайғасты. Отырған соң да алғыс білдіретін ишаратын байқатпады. Мұның бәрін көзімен көріп тұрған жанымдағы сұңғақ бойлы жігіт: «Қарындасым, орныңды бекер бердіңіз бе деп ойлап тұрмын», – деді мысқылдай. Әйел оған орысша-қазақшасы аралас, аузына келгенді көкіп, көптің назарын аударды. Жігіт сабырлығынан таймай, қарсыласының сөзін тыңдап болып: «Кешіріңіз, Германияда мұндай әдеп жоқ екен. Олар соғыста жеңіліс тапқаны үшін үлкендерге өкпелі көрінеді. Және орнын бергісі келе ме, бермей ме, әркімнің еркі өзінде. Ал, қазақта түсінік бөлек. Біз үлкенді құрметтейміз. Жолын кесіп өтпейміз, орын береміз. Оған айтатын «Бақытты бол! Өркенің өссін!» деген рахмет сөздер болады. Байқаймын, Сіз мұны білмейсіз, әлде менмендігіңіз жібермейді. Мен сізге орын бермес едім. Ол тәрбиесіздік емес. Сіздің жасаңыздағы анам мен әкемді көргенде өмірді, тазалықты көз алдыма елестетемін. Келте сары шашыңыз, тым тар шалбарыңыз, қып-қызыл тырнағыңыз сізді жасартып емес, керісінше сүйкімсіз етіп тұрғанын сезініңіз», – деді.

«Заманына қарай – амалы» деген. Киімінде тұрған не бар. Тек мен де алыста жүріп жасы келген жандардан мейірім іздейтінім бар», – деп едім. Әлгі әйел орыс тілінде боқтық сөзін жаудырып, орнынан тұрып, есік жаққа беттеді. Аялдамасы жақын қалған болар деп ойлап едім, олай болмай шықты. Апай есіктен кірген әрбір жасқа қабақ түйе қарап тұра берді.

Кішкене күнімізден ардагерлік жасқа жеткен жандарды ардақтап, оларға «Сәлем бердік!» деп амандасуды қағидаға айналдырған басым қызмет жасап, зейнетке шыққандарға «сәлеметсіз бе?» деудің жөн екенін көзқарасынан үйрендік. Ондайда олардың «балам», «қызым» деудің орнына «сіңлім», «қарындасым» деп сөйлесетінін алғаш жатырқасам, бүгінде үйрене бастадым. Сонда олардың үлкендікті мойындағысы келмегені ме деген ойда қаламын.

Жақында құрбымның бірі мектеп бітіруіне 50 жыл толған әйел адамның ерніне ботекос жасап жатқанына кезіккенін айтты. Себебін, ерні ісінсе, айналасындағы қыртыстар тартылатынымен байланыстырыпты. Ақын Әбілданың:
«Көп жылдардың өткізген соң арасын,
Туған жерге оралып бір барасың.
Алар күтіп әжелер де алдыңнан,
Арқалаған баласының баласын.
Көрейін деп бала күнгі сырласын,
Келеді әне кемпірден бір құрдасым.
Есіме алдым елестетіп жастағы,
Көк шыбықтай солқылдаған тұлғасын.
Бір кездегі балапан қыз – балдырған,
Ынтықтырған, талайды естен  тандырған.
Алдымда тұр әже атанып сол Еркеш,
Жастық көркін жырақтарға қал­дырған», – дегендей әдемі үйлесімде қартайып, әрлі әжіммен ажарды арттыра түсу де адамға бұйырған бақыт емес пе деймін кейде.

Әдемі қартаю дегеннен шығады, ауданда өз саласының маманы болып, құрметті демалысқа абыроймен шығып отырған Шарафадин Алтынбай, Есенгелді Мәли, Құдайберген Есекей, Байғабыл Пірманов сынды ағалар сақал-мұрт қойып, ақсақалдықтың жарқын үлгісін бітім-болмысымен ұғындырып жүр. Ағарту саласының майталман маманы Күләш Мергенбаеваның бурыл шашының табиғи түсі қандай жарасымды. Біздің мақсат – үлкенге – мін, өзгеге – сын айту емес, тек осындай үлкендіктің ұлықтығын ұқтырар жандар қатары көбейсе деген ой еді...

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
13 тамыз 2019 ж. 1 232 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 84

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930