Нұрғисаның берекелі бастамасы
Біздің халықтың қолынан келетін икемді жұмыстардың бірі төрт түлік өсіріп, мал басын көбейту. Сондықтан да болар, мемлекет тарапынан бұл кәсіппен айналысамын деушілерге әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіледі. Өз кезегінде шаруаларда аз ғана пайызбен алынған қаржымен малдың санын арттырып, оларды асылдандыру жағын да қолға алуда.
Мемлекеттік бағдарламаның аясында өз кәсібін бастағандардың қатарында Нұрғиса Тағыбаев та бар. Аранды ауылының тұрғыны мемлекеттік қолдау мал басын көбейтуге жол ашты деп санайды. Ол “Іскер” бағдарламасы бойынша қол жеткізген 3 миллион теңгеге ірі қара малдарын сатып алған.
– Бұл қаржыға жоспарға сай 13 бас аналық сиыр сатып алуым керек болатын. Қазіргі таңда соның алтауын және бір бас асыл тұқымды бұқаны қораға әкеліп қойдым. Амандық болса, алдағы уақытта қалғанын да аламын, – дейді Нұрғиса Ерполатұлы.
Осылайша, ауыл тұрғыны мал басын молайтуға деген алғашқы қадамын жасады. Енді еңбекқор жанды алда қыруар шаруа күтіп тұр. Себебі, ірі қараның жағдайын жасамаса, мезгілінде жем-шөбін бермесе, күтімі дұрыс болмаса мал басы оңайлықпен құралмайды.
– Ауылдық жерде тұрған соң қолымызға азын-аулақ мал ұстаймыз. Бала кезімізден ата-анамызға қолғабыс жасап дағдыланғандықтан бұл кәсіп маған қиындық тудырмайды. Төрт мезгіл жем-шөбін салып, уақытылы суарамыз. Жайлап өріске шығарып, үйретіп те жатырмыз, – дейді мақсатты ісіне бекем бел буған Нұрғиса.
Бүгінгі таңда №97 мектепте технология пәнінің мұғалімі және әлеуметтік педагогтық қызметті қатар алып жүрген еңбекқор жан қиыншылығы көп мал шаруашылығын өрістетуге де үлгеріп жүр. Бұл көп адамның қолынан келе бермейтін тірлік. Себебі, кейбір “тепсе темір үзетін” жігіттердің қолын қалтасына салып, “жұмыс жоқ” деп жүргенін көзіміз көріп жүргені жасырын емес.
Жалпы білек сыбана еңбек етіп, кәсіппен айналысамын дейтін азаматтарға еркін жол ашық. Тек ынта қойып, ойға алған мақсатын бастап кеп жіберсе болғаны. Оған Нұрғисаның қажырлы қимылы үлгі бола алады.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ