«Ұлттық қор - балаларға»: БЖЗҚ ақша алатын балалардың тізімін әзірледі
Фото: aikyn.kz
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ «Ұлттық қор - балаларға» жобасы бойынша қаражат алатын балалардың тізімін жариялады. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
«БЖЗҚ жобасының операторы «Ұлттық қор - балаларға» жобасы бойынша алғашқы трансферттерді алатын қазақстандықтардың тізімін әзірледі, 2024 жылы 18 жасқа толатындарды қосқанда 7 миллионға жуық бала ақша алады. Тізім тексеріліп жатыр», делінген қор хабарламасында.
Қор «Ұлттық қор - балаларға» жобасы бойынша алғашқы төлемдер биыл ақпан айында жүзеге асырылатынын хабарлады.
Еске салайық, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор - балаларға» жобасы іске қосылды. Оған сәйкес, барлық балаларға жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы есептеледі.
Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алу құқығынсыз есептеледі. Бала 18 жасқа толғанда БЖЗҚ-да оған арналған нысаналы жинақтау шоттары ашылады. Бұл шоттан ақшаны тұрғын үйге және білім алуға пайдалануға болады.
БЖЗҚ 18 жасқа дейінгі балалар туралы деректерді (ТАӘ, ЖСН) «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік деректер қорынан алып отырады. Бір балаға арналған мақсатты талаптардың сомасы осы мәліметтер негізінде есептеледі.
Баласының бағдарламаға қатысушы болғаны туралы ақпаратты ата-аналар egov.kz порталындағы жеке кабинеттен ала алады.