Жергілікті өнім қолжетімді болса
Сауда қатарларының бірінде сөреде тұрған сүт өнімдері арасынан ауданнан шығатын пастерленген бұйымды көріп, ұзақ уақыт бөгелген екі келіншектің әңгімесін кездейсоқ естіп қалдым.
– Маған «РЗА-ның» сүті ұнайды. Қиыны сол, алған кезде кейбірі ұйып қалып жатады. Ажырату өте қиын.
– Таңдауыңыз орынды. Мен де соны тұтынамын. Ыдыста тұрған сүттің қысқа мерзімде бұзылып кетуі, қалыпты жағдайын өзгертуі табиғилығынан хабар береді. Осы сүтті балаларыма қорықпай бере аламын. Дәмі де жағымды, табиғи таза өнім екенін білгендіктен, көже пісіріп, шайға құйып, ішуге де пайдаланамыз, – деді екіншісі.
Қарапайым адамға оның тығыздығы не басқа жағдайын ажырату мүмкін емес. Мұндайға кездескен мен де біраз уақыттан бері мазалап жүрген жай өзгелерді де қызықтыратынын ұғындым.
Қазалыда дайындалатын «РЗА» акционерлік қоғамының тауарлары аудан ғана емес, облыс, республика тіпті алыс-жақын шет елдерге де таныс. Іскер азамат, кәсіпорын басшысының басты мақсаты жергілікті жұртты сапалы азық-түлікпен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, экспорт көлемін ұлғайту болғаны белгілі. Бұл мақсат үдесінен көрініп отырған орын жұмысын бастағанынан көп болмаса да, оның дайындаған ет-сүт өнімдерінен көп адам дәм татып үлгерген.
Осыдан он жыл бұрын Жаңақорған шипажайына ем алуға барғанымда, базарлыққа және өзім күнделікті ішуді әдетке айналдырған дағдыммен «РЗА-ның» бірнеше қалташаға құйылған айранын апарғанмын. Сол кезде онда тұратын туыстарым мен жанымда тынығып жатқан демалушы қонақтар дәм татып, таң-тамаша болғаны бар. Тіпті ақтөбелік Айғаным есімді орта жастағы әйел қайтар жолда біздегі айранды сыр сарқыты ретінде ауылына алып барғысы келетінін айтты. Ол кісіден кейін келген мен Қазалыға хабарласып, жанымдағы танысымның өтінішін орындау үшін пойызға сұратқан айрандарын алып шығуға туыстарыма өтініш білдірдім. Екі жылға дейін Ақтөбеге «РЗА-лық» сауқатты үздіксіз жолдап тұрғаным бар. Қазір айран атауын ауыстырып, сыртқы қорапшасын өзгерткенімен, дәмі өзгеріссіз. Ол тұста «РЗА» өнімдерін базардағы бірнеше орыннан, арнаулы дүкеннен алуға мүмкіндік бар-тын. Қазір сүт тасушы көлікпен келіп, ұзын-сонар кезекте тұратын тұтынушысын қуантатын сүтті де, айранды да табу оңай емес.
Оған себеп жеткілікті. Алғашқысы, экспортқа шығарылатын өнімге сұраныс артқандығы болса, екінші жағдай кәсіпкерлер кесірінен болып отыр. Дүкендердегі қатардан «РЗА» сүті, айраны, майын көп ұшырастыра алмайсыз. Себебі тез бұзылатын зат сатушыға шығын әкеледі. Ал тәжірибе жасап көргендей, ашылғанына 14 күн толса да, түрін, дәмін өзгертпейтін «Милоково», мұнан өзге «Лактель», «Милково» сынды сүттерді сату тиімді. Ал санаулы сауда орындарындағы «дау-шағым айтып келушілерді кейбір иелері қанағаттандырса, кейбірі жауапсыз қалдырады. Нәтижесінде қазалылықтар өздері тұратын жерден шығатын танымал бренд өнімдерін тұтына алмауда. Сүт – барлық жастағы адамдар үшін жұғымдылығы жоғары, оңай сіңірілетін өнім.
Ғалымдардың айтуынша, 100 грамм сүтте 3 грамға жуық ақуыз, 3,2 грамм оңай сіңірілетін май, кальций, фосфор, белгілі мөлшерде А1, В2, Д витаминдері бар екен. Бір қызығы, көктем, жазғы уақытта олардың мөлшері қыстағыға қарағанда көбірек болатыны дәлелденген. 100 грамм сүт ағзаға 60-қа жуық килокалория беретінін ескерсек, көкейдегі ой пастерленбеген сүтке қолжетімділік артса, құрамында қоспаның сан түрі кездесетін өзге зиянды, залалды бұйымнан жерлігікті жұрт бас тартар еді дейді. Халықтың аузы аққа жаритын күнді көруге көпшілік ықыласты. Қазіргі әлемді әбігерге салған коронавирус қаупі мен онсыз да экологиялық апат аймағында орналасқан мекендегі тұрғындар үшін Байқоңырдан бөлінетін реактивті залал, Аралдың апатынан төнген қатерді өршітпей, денсаулығын дұрыстауға құнарлы тамақтану қажеттілігін танытуда.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА