Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордадан Ақмола облысына да газ тартылуы мүмкін

Қызылордадан Ақмола облысына да газ тартылуы мүмкін

Астанаға газ келсе алдымен Ақмола облысының екі бірдей ауданы газдандырылады. Себебі Қызылорда облысынан тартылатын газ құбыры аймақтың Аршалы және Целиноград ауданы арқылы өтеді. Сондықтан аталған магистральға жақын жатқан елді мекендер көгілдір отынмен қамтылады. Бұл өңірді газдандырудың алғашқы кезеңі. Ал бағдарламаның екінші кезеңінде газ құбыры Астанадан Көкшетау жаққа қарай тартылмақ. Бұл көкшеліктердің көптен күткен арманы. Тәжірибелі экономист Талғат Демесіновтің айтуынша, Көкшетауға көгілдір отын келсе, ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді. Себебі қалада қазір электр энергиясы өте қымбат. Ал бұл жылу тарифінің де өсуіне сеп болады.
Талғат Демесінов, экономика ғылымдарының кандидаты:
- Жылуды биік 9 этажды үйлерге жеткізу үшін олардың қуаты жетпегендіктен инженерлік инфрақұрылымдарының көбінесе насоспен жеткізеді. Ал насос, оның өзі электр энергиясымен жұмыс істейді. Сондықтан бұл, тұрғындарға да, кәсіпорындарға да өте қымбатқа түсіп отыр. Ал енді газ келетін болса газдандырылып, барлығы газбен жылитын болса бұл тарифтер 3-4 есеге дейін арзандайды.
Газдың экологиялық жағынан да өте тиімді екені айтпаса да түсінікті. Ал ауаны ластайтын ірі зауыттары жоқ Көкшетау қаласына газ келсе шағын шаһарды еліміздегі ең таза қала деп тануға болады екен. Көгілдір отынның Бурабай курортты аймағына да тигізер пайдасы көп. Мұндағы туристік нысандардың барлығы газға көшсе, табиғатқа да оң әсер етері сөзсіз.
Қайрат Сұлтанов, облыстық мәслихаттың депутаты:
- Бүгінде демалыс үйлері пеш жағып отыр. Ал олар тұтынып отырған сұйық отынның бір литрі 120 теңге. Нысанның аумағы 11 мың шаршы метр деп алсақ, кәсіпкер айына 10 млн теңгеге шығындалады. Алты ай қысты есептесек, жылуға 60-70 млн теңге қаржы жұмсалады. Сол үшін де санаторийлер мен курорттардың жолдамасы қымбат болады. Одан бөлек экологияға қаншама зияны тиіп жатыр.
Ал аймаққа сол көптен күткен көгілдір отын қашан келеді? Жауапты мамандардың айтуынша, Ақмола облысында алғашқы газ құбырларын тарту жұмыстары 2019 жылы басталады. Ең алдымен Астанаға жақын орналасқан аудандар газбен қамтамасыз етілмек.
Виктор Радченко, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
- Біз Астанаға газ құбыры тартылғанша аймақта газ тарату желілерін салуымыз керек. Яғни газдың жүретін жолын дайындап қоюымыз қажет. Мұның өзі үлкен шаруа. Сол үшін біз қазір бәрін есептеп жатырмыз. Жобалық сметалық құжаттар жасалған соң барып, өңірді газдандыруға қанша қаражат кететіні және неше елдімекен көгілдір отынмен қамтылатыны нақты белгілі болады.
Айта кетейік, Қызылорда облысынан бастау алып Петропавлға дейін созылатын «Сарыарқа» магистральді газ құбырының 427 шақырымы Ақмола облысының аумағы арқылы өтеді. Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко
27 наурыз 2018 ж. 1 243 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930