Сыр өңірінде энергия үнемдейтін өндіріс орындары мен «Smart city» жобасын жүзеге асырылмақ
Қызылордада қытайлық инвесторлар күн және су электр стансаларының құрылысын бастап, «Smart city» жобасын жүзеге асыруға ниетті. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есепті жиын кезінде мәлімдеді.
«Қазір біз Қытайдың CNEEC мемлекеттік инженерлік құрылыс компаниясымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Компания әлемнің 70 мемлекетінде жылу, жел және су электр стансаларын, қоқыс өңдейтін зауыттар салған. Біздің өңір – күннің белсенділігі жоғары аймақ, әсіресе жаз мезгілінде, бұл қуаттылығы жоғары күн электр стансасын салуға негіз болады. Сырдария өзенінде «Ақлақ» су тоспасы бар, сол жаққа қуаттылығы 20-25 мегаваттық су электр стансасын орнатуға болады»,- деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақта қалдықтарды өртеу және электр энергиясының белгілі мөлшерін шығаруды көздейтін екі міндетке негізделген қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр.
«Сонымен қатар біз «Smart city" (ақылды қала) жобасын жүзеге асыру үшін әлемге танымал «Huawei» компаниясымен өзара әріптестік туралы меморандум жасастық. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізіндегі алғашқы жобаларды биыл іске асырамыз, оның ішінде дарияның сол жағалауындағы жобалар бар. Бұл жобалар біз үшін аса маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар Елбасының жаңа Жолдауында айқындалды, сондықтан бұл бастамалар оны жүзеге асырудағы нақты шаралар!», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Бүгін, 2018 жылдың 14 ақпан күні, Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың халық алдында есеп беру кездесуі болып өтті. Кездесуге ҚР Президент Әкімшілігінің өкілі Н.Тлешов,ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің өкілі-С.Қизат,ҚР Ішкі істер министрі-Қ.Қасымов,«Нұр Отан» партиясының хатшысы- Ғ.Әбдірахымов, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, 264 елді мекеннің өкілдері және саяси партиялар мен қозғалыстар, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық кеңес, сондай-ақ, еңбек ұжымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Есепті кездесудің тікелей трансляциясы «Facebook» және «Youtube» желілеріндегі «Қызылорда облысының әкімдігі» ресми парақшалары арқылы таратылды.