Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілсіз туындылар тарихы

Тілсіз туындылар тарихы

Адамзатты материалдық тұрғыдан алға жылжытқан өнертапқыштар болды. Басқа салалар сынды кино өнерінің жетістіктеріне де әр ғасырдағы жаңа көзқарастар себепкер. Соның ішінде дыбыссыз фильм – қазіргі кино тарихының бастауы. Себебі алғашқы туындылар үнсіз жасалған.
Кинематография тың тыныс алып, технологиялар мен әдіс-тәсілдер көбейген, түсірем деген адамның «бетін қақпай, белін буатын» кезеңде көптің талғамынан шыға алатын туындылар азая түскендей. Мұндайда «Дыбыссыз кино – өнердің ең таза түрі. Ол, әрине, кейіпкердің дауысын бізге жеткізе алмайды. Бірақ бұрын фильмдерге тек дыбыс жеткіліксіз болса, оны енгізу арқылы кинематографтың жетістіктерін жоғалттық» деген Альфред Хичкоктың сөзі еріксіз ойға оралады.

Кино қалай түсірілді?
Дыбыссыз кинематографтың пайда болуынан бұрын зоотроп, фенакистископ, зупраксископ, стробоскоп сияқты қозғалмалы сурет салудың әртүрлі технологиясы ойлап табылды.
XIX ғасырдың бірінші жартысында фотография болмаса, қолданыстағы заттардың қозғалмалы бейнесін жазу және ойнату мүмкін емес еді. Нәтижесінде бірнеше секунд ішінде экспозициялармен жедел сурет түсіруге мүмкіндік болды.
1895 жылы 13 ақпанда ағайынды Люмьерлер «синематограф» аппаратына патент алады. Бұрынғыдан басты айырмашылығы – жаңа құрылғы фильмдерді экранда үлкен аудиторияға көрсетуге мүмкіндік берді.
Синематографтың тұсаукесері 1895 жылы 22 наурызда Париждегі Ренн көшесіндегі 44-үйдің залында өтті. Сол жылдың 28 желтоқсанында Капучинок бульварында алғашқы коммерциялық киносеанс өтті. Онда әрқайсысы бір минутқа созылатын 10 фильм көрсетілген. Алғашқы қоғамдық киносеанстан түскен табыс 35 франкты ғана құраған. Бірақ келесі күні жаңалықтан құр қалғысы келмеген қауым жаппай кезекке тұрды.

Алғашқы фильм
Қажетті технологиялар ойлап табылғаннан бастап қазіргідей сан бояулы кино пайда болғанға дейін дыбыссыз туындылар фильмнің жалғыз түрі болды. Кинокартиналардың дыбыстық сүйемелдеуі ретінде оркестрдің орындауында жанды музыка қолданылды. Бүгінгі таңда сол дәуірде жасалған үнсіз фильмдердің 25 проценттен астамы сақталған.
Мылқау кино дәуірінің тұсаукесері 1896 жылы 6 қаңтарда ағайынды Люмьерлердің әйгілі «Пойыздың Ла Сьота станциясына келуі» туындысы еді. Айта кету керек, осыған дейін ағайындылар жиырмаға жуық фильм түсірген. Тек пойыздың келуі туралы туынды үлкен резонанс тудырды.
Тұңғыш фильмдерде баяндалатын оқиға таспаға түсіріліп, бір-бірімен астына жазылған мәтіндер арқылы ғана жалғасты. Кинода дыбыс болмағандықтан, актерлер сөйлейтін сөздің орнын театрлық шебер ойынымен, бейнелі ыммен толықтырды. Дыбыстың болмауы диалогтардың жоқтығын білдірмейді. Кейіпкерлер өз образына еніп, сөзсіз сөйлей алуы керек еді.
1920 жылдарға қарай дыбыс беретін құрылғылар жүзеге асқан тұста кино кейіпкерлеріне сөйлеу қажеттілігі туындады. Алайда дыбыстық фильм пайда болғаннан кейін бірнеше жыл ішінде режиссерлер мен актерлер «үнсіздік дәуіріндегідей» әсер тудыра алмады.

Өзгеріске себеп
Аталған тарихи кезеңдерде кино жасау үшін қолданылатын технологиялар қазіргі кездегіден мүлдем өзгеше болғаны бәрімізге мәлім. Мәселен, ол кезде сыпырғышпен ұшатын баланы елестету мүмкін емес еді. Дегенмен «қос экспозиция» деп аталатын техниканың арқасында мұндай әсерге алғаш 1898 жылы Г.А.Смит қол жеткізді. Фильмді көруге бұрыш қосу үшін қозғалысты тоқтату сияқты басқа әдістер де қолданылды. Фильмнің үздіксіздігі, баяу қозғалыс, анимация – қазіргі заманғы кино өндірісінің негізіне айналған көптеген әдіс ­дыбыссыз кино дәуірінде ойлап табылған.
Дыбыссыз кезең адамзатқа «Бен-Гур», «Он өсиет», «Цирк» сияқты танымал фильмдер сыйлады. Одан да бөлек туындылар көпшіліктің көңілінен шығып, жетістікке жеткенде, пьеса мен драмалардың танымалдылығы біртіндеп төмендей бастаған. Өз кезегінде мылқау кино ондаған жылдар бойы адамдарға қуаныш сыйлап, салалық жаңа өзгерістерге түрткі болды. Сонымен бірге Чарли Чаплин, Гарольд Ллойд және Перл Уайт сияқты таланттарды әлем дыбыссыз туындылар арқылы таныды.

Ең бай қайыршы
1908 жылы Чарли Чаплин Карно театрының актеры атанып, аз уақыт ішінде ең беделді әртіске айналады.
1910 жылы труппамен АҚШ-тағы қойылым кезінде оған кинопродюсер Мак Сеннеттің көзі түседі. Чарлидың ойнағаны ұнап, 1912 жылы әртісті «Кистоун Фильм» студиясына шақырады. Студияға келе сала Чарли қолда бар киімнен қайыршының бейнесін жасап алады. Басында қалпақ, қолында визиткасы, екінші қолында аса таяғы, тұмсығы сүйір аяқ киіммен мэтрдың алдынан шыға келеді. Бұл бейне мэтрге қатты ұнапты-мыс. Бірақ актер тым жас болғандықтан, жасанды мұрт жабыстыруды жөн санайды. Кішкентай қайыршы көпшіліктің көңілінен шығады. Нәтижесінде қомақты қаржы алады.
Қайыршы Чарли аса «табысты» бейне ­болып, 1914 жылы ол аптасына 150 доллар жалақы алатын болған. Содан кейін 1500 алатын болды.
1917 жылы «Фёст Нэйшнл Пикчерс» студиясы Чаплинмен 1 миллион долларға келісімшартқа отырды. Сөйтіп, 28 жасында Чарли Чаплин Америкадағы мылқау киноның ең бай әртісіне айналады.
Чаплинге атақты, байлықты мылқау кино әкелді. Сондықтан дыбыстық кино дүниеге келгенде, ол не істерін білмеді. Өзінің сүйікті мылқау киносын музыкамен әрлеп түсіре берді.
1931 жылы «Үлкен қаланың оттары» атты авторлық киносы шықты. Қаңғыбас пен гүл сатушы қыздың махаббаты туралы әсерлі хикаяның дүбірі жер жарды.
1952 жылы Софи Лорен мен Марлон Брандо түскен «Гонконгтен келген графиня» атты фильмі түрлі-түсті болып жарық көреді. Бұл – оның соңғы туындысы. Сол жылдары Чарли Чаплин өзі ойнаудан бас тартып, кино әлеміне режиссерлік қырынан ене түскен еді.

Дина БӨКЕБАЙ
06 қараша 2021 ж. 703 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930