Алты құрлықтың IT астанасы
Кремний аңғары Калифорния штатында Сан-Францисконың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Алқап өзінің тарихымен танымал. Оның аумағында өткен ғасырдан бастап Hewlett-Packard-тан Google-ға, Apple-ден WhatsApp-қа, eBay-дан Yahoo-ға дейінгі әлемдегі ең ірі компаниялар құрылды. Біздің қолданып үйренген бар керемет осы жерде жасалған. Есепсіз ақша, шығармашылық пен ынтымақтастықтың ерекше рухы жыл сайын мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жүз мыңдаған дарынды мамандардың келуіне ықпал етеді. Неліктен шуақты Пало-Альто маңындағы бұл жер барлық инженерлердің қасиетті мекеніне айналғаны жайлы жаздық.
Алқап атауы
Әлемнің барлық жаңалығы жарыққа шығатын жердің атауы неге бұлай аталады? Кремний – бұл микропроцессор мен жарықтандырғыш элемент жасау үшін қолданылатын негізгі құрал. Электр аспаптарындағы кремнийдің жұмыс температурасы – 60-тан +200 градусқа дейін көрінеді. Есептеу чиптерінің көпшілігі осы жұмыс істейді. Барлық компьютер, ұялы телефон, камералар миллиондаған кремнийлі жартылай өткізгіш транзисторлардан жасалған микрожүйелердің арқасында жұмыс істейді. Менің ойымша бұл осындай үлкен технопаркқа сәтті қойылған атау.
Технопарк тарихы
Әлемнің технологиялық астанасының тарихы Стэнфорд университетімен тығыз байланысты. 1890 жылдың аяғында американдық ірі теміржол магнаты Лиланд Стэнфорд және оның әйелі марқұм ұлы кіші Лиланд Стэнфорд атындағы университеттің негізін қалады.
Стэнфорд әлемдегі ең беделді білім ордасына айналып, түлектері Hewlett-Packard, Google, Cisco және басқа ірі корпорацияларды құрды.
Стэнфорд профессоры Фредерик Терман Кремний алқабы идеологиясының авторы ретінде танымал. 1925 жылдан бастап университетте радиотехника пәнінен сабақ берген ғалым қызметкерлер мен студенттерге ғылыми зерттеулерін коммерцияландырып, өз фирмаларын құруға үнемі кеңес берумен болды. Бұл бүгінгі стартаптың бастапқы түрі еді.
Профессордың әдісі қабылданып, 1951 жылы Стэнфордта технопарк ашылады. Бұл ғылыми техникалық революцияға негіз болған алғашқы қадам. Мұнда жас ғалымдар мен инженерлер кеңсе, зертханалық және өндірістік үй-жайларды жеңілдікпен жалға алып өз идеяларын өмірге әкелді. Біріншісі – Varian Associates, General Electric, Hewlett Packard және Lockheed Martin.
Жас мамандарды компаниялардың көзқарасы қызықтырды. АҚШ ақылдылары стандартқа сыймайтын идеяларды іске асыру үшін барлығына дайын еді. Истман Кодак, HP, General Electric – бұл Кремний алқабында кеңселерін ашқан алғашқы кәсіпкерлер. Фредерик Терман сол сәттен бастап «Кремний алқабының әкесі» атанды.
1970-1980 жылдар аралығында Кремний алқабының алтын дәуірі өтіп жатты. Осы кезеңде Apple, Electronic Arts, Cisco Systems сияқты ірі кәсіпорындар құрылып, компьютерлік технологияның, дизайнның және ойындардың дамуына серпіліс берді.
Келесі он жылдықта Valley компанияларына Жапониядағы бәсекелестері шабуыл жасай бастаған. Жапон кәсіпкерлеріАҚШ-қа журналистердің атын жамылған нағыз тыңшыларды жіберген еді. Алайда Кремний алқабындағы барлық компаниялар дағдарыстың осы кезеңін еңсеріп кетті. Бүгінде олардың әрқайсысы нарықтағы көшбасшылық позициясын сенімді түрде сақтап отырғаны бәріне белгілі. Бірақ сәтті жұмыстанған жапондықтар алқапқа қатты ұқсас аралды ғаламашардың шығыс жарты шарына тұрғызды.
Алпауыттар апаны
Кремний алқабының шекарасы кеңеюде. Қазір мыңға жуық компания бағдарламалар жасақтап, сағат сайын Google Play, App Store платформасында жаңа программалар ұсынады. Мұндағы ең табысты компаниялардың бірінші офисі болған аңыз гараждарда бар.
Кремний алқабындағы алғашқы компания Hewlett-Packard деп саналады. Оны 1939 жылы Стэнфордтың екі студенті Уильям Хьюлетт пен Дэвид Пакард құрған. Оларда кеңсе үшін ақша болмағасын өз компанияларын Стэнфордқа жақын орналасқан Пало-Альто қаласындағы үйінің гаражында ашты. Жаңа үйленген Дэвид пен Люсилл Пакард гаражы бар үйдің бірінші қабатын жалға алып, ал Уильям Хьюлетт гараж артындағы кішкентай үйде тұрды.
Осында шығарылған алғашқы HP өнімі дыбыс генераторы еді. Walt Disney студиясы осы генераторды сатып алған алғашқы тұтынудың бірі болды. Шамамен 30 жылдан кейін олар алғашқы мини-компьютерлік және бағдарламаланатын ғылыми калькуляторды шығарады.
ХХІ ғасырдың басында компания дербес компьютерлердің ең ірі өндірушісіне айналды. 2007 жылдан 2013 жылға дейін жетекші позицияны ұстап, кейіннен Lenovo-ға жол берген еді. 2014 жылға қарай HP-де 300 000-нан астам қызметкер болды. Сол жылы компания екіге бөлініп кетті. Кірістері 57 және 53 миллиард долларды құрайтын HP Inc және Hewlett Packard Enterprise компаниялары жұмыс істеп тұр.
Бүгінгі күні HP өмірін бастаған гаражда ескерткіш тақта ілулі және ол АҚШ-тың тарихи жерлердің ұлттық тізіміне тіркелген. Гараж бен үй көпшілік үшін жабық.
Apple компаниясы Стив Джобстың ата-анасының Лос-Алтос үйіндегі гараждан басталды. Компанияның негізін қалаушылар Стив Джобс пен Стив Возняк достарымен және туыстарымен бірге алғашқы 50 компьютерді сол жерде жинаған.
Бірнеше жыл бұрын Возняк бұл аңызды жоққа шығаруға тырысып, жұмыстың көп бөлігі оның жұмыс орнында Хьюлетт-Пакардта болғанын, ал гараж тек бәрі жайлы сезінетін орынға ұқсас нәрсе екенін алға тартты. Алайда аңызды жою оңай емес. Гаражы бар үй қазір тарихи орындардың тізіміне енген. Бірақ ескерткіш тақта болмаса да, бұл Apple фанаттарының қасиетті орыны.
1998 жылы 7 қыркүйекте Менло Парктегі гаражға үш жұмысшы келіп орналасты. Олар Google негізін қалаушылары Сергей Брин мен Ларри Пейдж және олардың Стэнфордтағы сыныптасы Крейг Сильверстейн. Крейг Google-дің алғашқы қызметкері болып, ал гараж ІТ-алыптың алғашқы кеңсесіне айналды.
Брейн мен Пейдж гаражды досы Сьюзан Войицкиден жалдады. Сюзан Youtube-тің жетекшісі, бірақ сол кезде оған несиені төлеу үшін ақша керек болған.
Гараж негізгі кеңсе ретінде алты айдан аз уақыт қызмет етті. Кеңейтуден кейін стартап-компания біз жоғарыда жазған университет бульварына көшті. Сегіз жылдан кейін, 2006 жылы, Google гаражды үймен және ішкі ауласымен бірге сатып алды. Қазір бұл компанияның мұрасы. Бүкіл атмосфера осы жерде Сергей Брин мен Ларри Пейдж өз жұмысын бастаған күйдің әсерін беріп тұрады.
4 миллионға жуық тұрғыны бар өлкеде орташа айлық табыс 120 000 мың долларды құрайды. Халықтың 5 проценті 20 миллион долларға татитын байлығы бар миллионерлер. Сан-Франциско қаласының бір бөлігі саналатын технопарктың жалпы ішкі өнімі 721 миллиардты құрайды. Егер Кремний аңғары тәуелсіз мемлекет ретінде тіркелгенде бұл көрсеткіш бойынша тізімде 18 орынға ие болады екен. Статистикаға сенсек, Apple компаниясының әр қызметкері оған жылына 2 миллион, Facebook қызметкері 1,5 миллион, Google компаниясы 1,2 миллион кіріс кіргізеді. Бүгінгі күні технопарк аумағында 140 компанияның 23 мың қызметкері жұмыс жасайтын 162 ғимарат бар.
Қазақ технократтары
Ақылдылар алаңында қазақтың қаракөздері де жұмыс жасап жатыр. Google компаниясының алғашқы 10 қызметкерінің бір болған ағайынды Ральф пен Джордж Хариктің imo.im компаниясында Өскемен қаласының тумасы Ессенжар ҚанапинAndroid-қа программа дайындаса, Павлодарлық Арман Есенаманов iOS платформасында, Талдықорғаннан Бахытжан Байжікенов видеочатпен жұмыс істейді.
Атақты твиттер желісінің офисінде Шәміл Арсунукаев еңбектенеді.
Twitter, Google, Comity Designs және Groupon сынды біреуі алпауыт, біреуі құрылғанына 1 жылдан аспаған стартаптарда жүрген көп қазақ жастары негізі Қазақстанда ҚБТУ да білім алған студенттер екен.
Кремний алқабы - бұл сіз еш жерде таба алмайтын ерекше жер. Олар мұнда таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін жұмыс істемейді. Мұнда адамдар күніне жиырма төрт сағат сүйікті нәрселерімен өмір сүреді. Кремний алқабындағы компаниялардың арқасында кеңселерінде әлемдегі басқа да ірі фирмалар өз жұмысшылары үшін спорт залдарынан, дәмді тегін кафелерден тұратын толық жергілікті инфрақұрылым құруға тырысуда. Аңғар – кез келген адам миллионер бола алатын және әлемді өзгерте алатын орын.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ