Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен жылдың ғылыми жаңалықтары

Өткен жылдың ғылыми жаңалықтары

Адам баласы пайда болғалы бері өзін-өзі дамытуға, қоршаған ортаны өмір сүруге лайықтау және күйбең тірлікті жеңілдету үшін барын салып келеді. ХХІ ғасырда адамзат ойлап тапқан барлық артықшылықтарды пайдаланып отырғанымыз ата-бабалар уақыты текке кетпегенін білдіреді. Десек те ғалымдар басқа сыйғысыз тың деректер легі әлі алда екенін айтып сендіруде. Өйткені адамзаттың пайда болу тарихы, табиғи құбылыстардың орын алу себептері әлі де толық зерттелген жоқ. Саналы ғұмырын ғылым-ілімге арнаған ғалымдардың жұмысына сәттілік тілей отырып, бірқатар жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Сәуір: Астрономдар қара үңгірдің ­шынайы суретін көрсетті
Суреттегі бұлыңғыр, қызғылт, сары дөңгелек бейне ешкімді таңғалдыра қоймасы анық. Өйткені ол көптеген қара үңгірлердің компьютерлік модельдеуімен бірдей және оның бұрыннан бар екендігі тұспалданған. Мәселе қара үңгірді зерттеумен бірлесе айналысып жүрген 200-ден астам ғалымның нысан бейнесін қолға түсіруінде.
Альберт Эйнштейннің салыстырмалы теориясына сәйкес бұл ғарыштық аймақта күшті гравитациялық тартылыс бар. Тіпті жарық жылдамдығымен қозғалатын нысан да бұл аймақты тастап шыға алмайды. Қара үңгір өзіне жақындаған кез келген нысанды жұтып жібереді. Алайда ол күннің салмағынан миллиондаған есе ауыр болғанына қарамастан көлемі айтарлықтай үлкен емес. Сондықтан оны бақылауға жалғыз телескоп жеткілікті.
Ғалымдар қара үңгірдің бейнесін алу үшін планетада орналасқан сегіз қуатты радиотелескопты бір ғаламдық желіге біріктіріп, 2017 жылдың сәуір айында Messier 87 галактикасының орталығына жөнелтті. Нәтижесінде жер планетасы жалғыз үлкен телескопиялық тәрелкеге айналды. Осылайша 5000 жарық жылдық mp3 файлға тең келетін бес петабайт дерек жинады. Германия мен АҚШ зертханалары осынау ақпаратты тексеріп, өңдеп, суретін дайындау үшін бір жарым жыл уақыт жұмсаған.
Маусым: Робототехниктер ақылмен басқаратын қол ойлап тапты
Бұл жаңалықты инвазивті емес ми негізінде Карнеги Меллон университетінің зерттеушілері ойлап тапты. Мамандардың түсіндіруінше, жасанды қол тек ми имплантант сигналдарын қолдану кезінде жақсы жұмыс істейді. Оны орнату күрделі және қымбатқа түседі және өмірге қауіпті хирургиялық операцияны қажет етеді.
Адам миының сигналдары кейде өзіне бағынбайтындықтан құрылғыны жасанды мимен жұмыс істеткен дұрыс. Өнертапқыштар бұл технологияны жетілдіріп, сал ауруына шалдыққан мүгедектердің өмірін жеңілдетуге мүмкіндік беретінін қуана хабарлады.
Шілде: Антарктида мен Гренландиядағы мұздардың еруіне байланысты дабыл қағылды
Климатологтар жер бетіндегі ең үлкен мұздықтардың монументалды және аса алаңдатарлық еруіне байланысты мәлімдеме жасады. Қазіргі мұздың еруі осыдан 20 жыл бұрынғыға қарағанда 6 есе жылдам жүруде. Сәуірдегі зерттеу нәтижесіне сәйкес Гренландиядан жылына 286 миллиард тонна мұз еріп, теңізге қосылады. Оның 20 жыл бұрынғы еріген бөлігі 50 миллиард тоннаны құрады. Ал Антарктида орта есеппен бір жылда 252 миллиард тонна мұз жоғалтады. Бұл көрсеткіш 1980 жылы 6 есеге аз болған.
Осы айда аэроғарыштық NASA агенттігі Антарктиканың батысындағы Туэйтс мұздығын «алып балқу бомбасы» деп атаған. Өйткені оның ішкі бөлігінде үлкен қуыс бар. Қабырғасы «қайысса» Антарктидадағы мұздықтың тұрақтылығын бұзуы мүмкін. Бұның салдары мұхит деңгейінің күрт көтерілуіне, Венеция мен Нью-Йорк қалаларының су астында қалуына әкелуі мүмкін.
Тамыз: Дәрігерлер эболаның тиімді тәсілін тапты
Соңғы бес жыл ішінде «эбола» сөзі бүкіл әлемді үрейлендіріп қойды. Соңы өлімге әкелетін бұл індет Батыс Африкада мыңдаған адамға жұғып, басқа елдерге тарап кету қаупі болған.
Өткен жылдың тамызында желіде жақсы жаңалық пайда болды. Конго демократиялық Республикасында эболамен күресуші дәрігерлер REGN-EB3 және mAb-114 препараттары сынақтан сәтті өткенін хабарлады. Конго астанасы – Киншаса қаласындағы жұқпалы ауруларды зерттеуші Сабуэ Мулангтың айтуынша, аталған вакцинаның көмегімен аурудың ерте сатысындағы науқастардың 90 процентін емдеуге болады. Бірақ Конголық тұрғындар індетті ойдан шығарылған деп санап, ірі көтерілістер ұйымдастырған.
Қыркүйек: NASA экзопланетада су табылғанын хабарлады
Ғалымдар тіршілік көзін Марстан іздеп жүргенде бізден 110 жарық жылындай қашықтықта орналасқан «супер-жер» атауымен таныс К2-18b атмосферасында су табылды.
Екі топтан құралған ғалымдар Hubble ғарыштық телескопының көмегімен К2-18b атмосферасындағы су буы жердегімен 99 процентке сәйкес келеді деген тұжырымға тоқталды. Ондағы температура жасыл планетаға қарағанда 20 градусқа жоғары болғандықтан өмір сүруге қолайлы саналады.
2021 жылы ғарышқа ұшатын «Джеймс Уебб» телескопы «супер-жерде» биологиялық ағзалардың бар-жоғын анықтап береді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, ғалымдар алыс ғаламшарда азот, оттегі мен метанның іздерін анықтап, тіршілік бар екендігі расталатынына үміттенеді.
­Қыркүйек: Геологтар динозаврлардың жойылу себебін анықтады
Өткен жылы динозаврлардың ­даулы ақырзаманы ғалымдардың жаппай қызығушылығын тудырды. Өйткені әлемдік БАҚ Солтүстік Дакотада 65 миллион жыл бұрын ірі цунамиден динозаврмен бірге жойылып кеткен балық пен сүтқоректілердің «қабірі» табылғаны туралы ақпарат таратқан еді. Ал қыркүйек айының соңында үш жүзден астам ғалымның еңбектері біріктіріліп, «Койнозой дәуірінің алғашқы күні» деген маңызды зерттеу жарияланды. Олардың болжамы бойынша динозаврлар диаметрі 80 километрге дейін жететін алып астероидтың жерге құлауы себебінен өлген. Қазіргі Мексиканың Юкатан түбегінде 180 километрге созылып жатқан астероидтың құлаған орны қалған.
Кратер мен оның айналасын зерттегеннен кейін ғалымдар жануарлардың цунамиден емес, қараңғылық пен салқын ауа райына төзе алмады деген қорытындыға келді. Астероид құлаған жер балқып, атмосфераға 100 млрд тоннадан астам күкірт көтерілді. Нәтижесінде жер бетіндегі температура 20 градусқа төмендеп, суық кезең шамамен 30 жылға созылды. Триллиондаған тонна күл асмосфераны жауып тастағандықтан планетаны ұзақ уақыт бойы тұмшалап тұрған. Бұл шынында да аянышты оқиға.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
18 сәуір 2020 ж. 658 0

Әлеуеті артқан ауыл

26 қараша 2024 ж. 57

Ереулі атқа ер салмай...

26 қараша 2024 ж. 50

Агросалада қарқын бар

26 қараша 2024 ж. 51

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930