Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйел бақытты болу үшін осы бір-ақ нәрсені білсе жетеді

Әйел бақытты болу үшін осы бір-ақ нәрсені білсе жетеді

Бақыты болғыңыз келе ме? Сізге психологтардың, мотиваторлардың семинарларына барудың, көп кітап оқудың да қажеті жоқ. Тек бір-ақ нәрсені білсеңіз жетеді.

Не нәрсе де еңбекпен келеді. Әйтсе де, көпшілігіміз тер төкпей-ақ бақытты өмір сүруді қалаймыз. Оңай жерде «нан» жоқ, келте ойламаңыз. Қимылдаған ғана қыр асады. Қолыңыздан түк келмей ме? Мейлі, тым болмаса ниетіңізді түзеңіз, ойыңызды тазартыңыз. Әрине, бұның да көмегі зор. Осы орайда, бақытының бағасын білмей жүрген көп әйелге ой салатын бір ғибратты мысалмен бөліспекпін. Бұл жазбаны zhainagul.psychology инстаграм парақшасынан алдым.

«Кезінде ештеңеге көңілі толмайтын қыңыр әйел болыпты. Ол өз-өзін, өмірін жек көріпті. Балаларының бұзықтығы, күйеуінің аз ақша табатыны, жұмысындағы бітпейтін қиындықтар әйелді қатты қажытып жіберіпті. Әйел «Менің өмірім сондай сұрықсыз, ал басқалар бақытқа бөленіп өмір сүріп жатыр. Неге? Неге мен ғана бақытсызбын?» деген оймен өз-өзін тұқырта беріпті. Бір күні әйел көңілі құлазып жұмыстан қайтып келе жатып, сиқырлы кітап сататын адамды жолықтырыпты. Ол кісі әйелге «сиқырлы кітабын» ұсынады. «Әйел бақытының құпиясы» деген жазуды көрген әйел бір сәт ойланып қалады. Кітаптан бөлек үш күнделік дәптерінің бірін алуды ұсынады сиқыршы. Олар: «Арыз-шағым кітабы», «Көз жасының кітабы», «Алғыс кітабы».
Құрметті оқырман, сіз қай күнделік-кітапты алар едіңіз?
Ал, әлгі әйел ойланбастан «Арыз-шағым кітабын» сатып алады. Түнімен өміріне шағымданған әйел кітапты соңғы бетіне дейін толтырып тастайды.
Таңертең ұйқыдан оянған әйел балаларының күндегіден де тентек болып, бір-бірімен төбелесіп, күйеуінің әйелін көзіне де ілмей, апыл-ғұпыл жиналып жұмысына кетіп бара жатқанын көреді. Оған қоса басы да көтертпей ауырып жатыр екен.
Көңілсіз әйел қабағы түюлі күйі жұмысына кетеді. Жұмыста бастығынан сөгіс алып, әріптестерімен сөзге келіп қалыпты. Көңілсіз әйел сатушыға тағы да келеді. Ол «Енді екі кітап қалды, қалағаныңды таңда» дейді. Әркім өзінің ойына, эмоциясына жақын нәрсені алады емес пе?! Өмірден түңіліп, өксігі өңешіне тығылып әрең жүрген ол «Көз жасы кітабын» таңдап, «бір шерімді тарқатып жылайыншы» деп үйіне келеді. Үйіне шаршап-шалдығып әрең жеткен әйел кітапты ашып, оқуға асығады.
Кітапты ашып қалғаны сол еді, әйел есінен танып қала жаздайды. Өйткені кітапта бірде-бір сөз жоқ, бірақ оқымаса да кино ленталарындай бейтаныс адамдардың өмірі көз алдынан өтіп жатты. Бұл кітаптың ерекшелігі – әлгі көрген бейтаныс адамдардың өмірін өзі басынан өткергендей сезімде болып қиналды.
Алдымен әйел жалғыздықтан жапа шеккен адамдарды көреді. Біреуі өмір бойы тұрмыс құра алмаған әйел болса, екіншісі күйеуінен ерте айырылып, жесір қалған жас келіншек... Бұл әйелдер күйеуімен бір күн бірге болу үшін қолындағы бар алтынын беруге дайын еді. Кітаптың үшінші бетін парақтады. Мұнда жазылмайтын дертке шалдыққан адамдардың тағдырымен таныс болды. Біреуі әр тыныстаған сайын жаны қиналса, екіншісі өмірінің соңғы сәтін жақындарымен өткізіп қалуға тырысуда, үшіншісі жақсылықтан күдер үзіп темір кереуетте сұлқ түсіп жатыр еді...
Қолы дірілдеп, көмейіне өксік тығылған әйел кітап беттерін ары қарай парақтады. Парақтаған сайын кедей, үй-күйсіз, аш-жалаңаш, өлім аузында жатқан, соғыстың қақ ортасында жүрген адамдарды көреді.
Кітапты соңына дейін парақтауға жүрегі шыдамады. Орта тұсынан кітапты жапты да, әйел өкіріп жылап жібереді. Жылаған сайын жүрегі тазарып, өз өміріндегі жақсы нәрселерді көре бастады. Бұрын тек кемшілікті көретін ол енді өзіндегі барды бағалай бастағандай. Санасы да тазарып, жақсы нәрсе ойлай бастайды. «Маған көп байлық беріліпті, қалайша қадірін білмегем?!» депті әйел өзіне-өзі.
Таң ата салысымен әйел әлгі сатушыға қайта келіпті. Сатушыдан кешірім сұрап, кетуге ыңғайланғанда, сатушы оған үшінші кітапты ұсыныпты. Бұл – «Алғыс кітабы» еді. Кітапты алған әйел бірінші бетін ашып, оған: «Ең данышпан, ең мейріміді сатушыға өмірімді өзгерткені үшін рахмет айтамын» деп жазыпты.
Осылайша жүрегі жылылыққа толып, көңілі алып-ұшқан әйел үйіне келіп, көз жасын сығымдап отырып, «Алғыс кітабын» оқып шығады. Ол кітапты оқи отырып, бақыт, сәтілік, табыс қарапайым нәрселерге алғыс айту арқылы көбейетінін, артатынын ұғады. Сол күні ол әрбір кішкентай қуанышқа да қуанып, ол үшін өмірге алғыс айту керек екенін түсінеді де, «Алғыс дәптерін» арнайды.
Таңертең ұйқысынан оянған әйел сықылықтап күлген балалары мен жанары нұрға толған күйеуін көреді. Ойлап қараса, өмірінің тәтті сәті мен алғыс білдіруге тұратын адамдар шексіз көп екен.
Күйеуі мен балалары әйелді құшақтап, бетінен сүйіп, жақсы тілектерін айта бастаған сәтте әйел де жылдар бойғы мұң-қайғысын, өкпе-ренішін артқа тастап, өмірін жаңа парақтан бастағандай күй кешіпті.
Міне, әйел бақыты дегеніміз осы. Өміріңізге риза болмай, өзіңізді, айналаңызды жек көрсеңіз, жүрегіңіз де тыныш болмайды. Ал жақсы сөз бен алғысты қаншалықты жиі айтсаңыз, өміріңіз тыныштыққа, бақытқа, сәттілікке толады».
Иә, бірінші өзіңізді, өзіңіздегі барды сүюді, Жаратушыға алғыс айтуды үйреніңіз. Әйел бақытының құпиясы осы ғана. Түк қиындығы жоқ! Бүгіннен бастап кішкентай сәттілікке де, тамшыдай жақсылыққа да алғыс айтуды бастаңызшы, өміріңіздегі оң өзгеріске ертеңнен бастап куә бола бастайсыз.
Ендеше, дәл қазір бастаңызшы, осы мақаланың соңына комментарий ретінде өз өміріңізге бір алғыс жазыңыз.
Табиғат ҚАЛЫБЕК,
alashainasy.kz

05 тамыз 2019 ж. 1 435 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930