Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » 78 жасымда суретші мамандығын алдым

78 жасымда суретші мамандығын алдым

Өткен аптада аудан орталығы Әйтеке би кентінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған дүбірлі той өтті. Маңызды шарада жазушы, композитор, өнер зерттеушісі, драматург, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ілия Жақановпен сұхбаттасудың орайы туды. Біз өнер майталманы, Алашқа ортақ азаматтың бүгінгі ұрпақ тәрбиесі туралы пікірлерін көкейге түйіп, оқырмандарымызға жеткізуді мақсат тұттық.

– Ілия аға, киелі Қазалы жеріне қош келіпсіз. Сіздің тарихи тұлғаларды тірілтіп, өлкетану ісіне де өзіндік үлесіңізді қосып жүргеніңізді жақсы білеміз. Бүгін қазақ жұртына қастерлі тұлға болған Бегім ана ескерткішінің басында кездесіп тұрмыз. Әңгіме әлқиссасын осыдан тарқатсақ…

– Елбасымыз: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»,-дейді.
Досжан ақынның:
– Сөйлейін, сөйле десең ұлы дудай,
Кем ақыл бұрынғы айтқан
сөзді қумай.
Сен сұрап ұранымнан мін таппайсың,
Ұраным жауға шапқан
«Қарабура-ай»,
– деген жолдары бар. Тірісінің өзінде аңызға айналған абыз тұлға Қарабура – исі қазақ үшін қастерлі. Еліміздің қай қиырына барсақ, алдымыздан ол туралы аңыз шығады. Тіпті, орыс зерттеушісі Алексей Левшин, поляк ұлтының мақтаны Бронислав Залесский секілді белгілі ғалымдар жазба қалдырған.
Сол Қарабура бабаның ұрпағы Бегім ана туралы аңыз желісін Сыр жағасындағы ағайын жақсы біледі. Аңыздың қандай нұсқасы болсын, ол Санжар сұлтанның жары Бегімнің жазықсыз құрбан болғандығына негіздейді. Ең құдіреттісі, Бегім – әйел затындағы ең сұлу, таза, ары мен жарының алдында адал жан.
Кеңес дәуірі кезінде де ғылым академиясының мұрағатында аңыздың жазба нұсқасы сақталған. Арада қанша уақыт өтсе де, ешкім оны өшіре, өзгерте алмаған. Бегім ана – Орта Азия халқының сұлулық символы ғана емес, түркі әлемі ғалымдарының қызығушылығын туғызып отырған тақырып.
Ана ескерткішінің Қазалыда орнатылуы – тарихи құбылыс, халық тілеуі. Сонымен қатар, Жалаңтөс баһадүр мен Асандар көтерілісі құрбандарының да рухына тағзым етіп жатыр. Халық арманын жүзеге асырып, жұртшылық бастамасын қолдаған азаматтардың жұмыстарын көріп, ризашылық пейілде отырмыз.
Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде өткенге бетбұрыс жасалып, орталықтар ескерткіштер галлереясына айналған. Сыр бойының арғы-бергі тарихы жойқын күрестерден тұрады. Бүгінгі қолға алынып отырған шаруа да сол жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, ел мен жерді сүюге ұмтылдыратын іс дер едім.

– Патриоттық сезім туралы айтып қалдыңыз. Жалпы, елжанды­лық, отансүйгіштік сезім­ді қалып­тастырудың тағы қандай жолы бар?

– Патриоттық тәрбие беру Кеңес­тік кезеңде жүйелі жолға қойыл­ған еді. Мұны жасырудың қажеті жоқ. Әкем соғыстан сегіз жерден жараланып оралды. Мұның алдында бірнеше жыл «байдың ұрпағы» деген желеумен қудаланса да сол кездегі мемлекеттік саясатқа қарсы келмейтін. Менің айтпағым, өткенді көксеу емес, бізді тәрбиелеген ән екендігі. Ән – болашақ ұрпақтың киелі бір тірегі іспетті. Ел болудың, тұтастығымызды сақтаудың, ұлт болып өмір сүрудің жарқын үлгісі. Халқымыз жүріп өткен жолда оның діті мен ділі, бүкіл қайғы-қасірет, шемен шері, қуанышы мен қызығы, бүтін болмысын бізге бұзбай жеткізетін құндылықтың бірі осы ән. Ән халық арасына тез таралады, әуезді иіріміне баулып, санаға оңай сақталады.

– Сіздің есіміңіз айтылғанда «Феномен» ұғымы қатар жүреді. Жазушы, композитор, өнер зерт­теушісі, драматург, фольклоршы секілді бір бойыңызға бірнеше өнер тоғысуының сыры неде? Қанмен келген қасиет пе әлде өмірлік тәжірибе жетістігі ме?

– Жасымыздан халық музыкасына қанығып өстік. Бес-алтылар шамасында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Алпамыс» сияқты жырларды жатқа айтатынбыз. Қазақы қайнар тәрбие бізді жан-жақты болуға, ізденістен талмауға, алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылдыратын қабілет дарытты. Өнердің қай түрі болса да жүрегі жұмсақ адамға жат емес. Мұның бір қыры текте жатса керек.

– Суретші Ілия Жақанов тура­лы айтып өтсеңіз. Бұл сіз меңгерген маман­дықтың бірі ме, әлде хоббиіңіз бе?

– «Бесіктен бейітке дейін білім ізде» деген. Суретшілік алғаш хоббиім болса, қазір келесі маман­дығыма айналды. Бұрын да бойымнан осы өнерге деген жақындықты байқайтынмын. Алайда, қай істе де сол саланы жетік меңгеру, игеру керектігін ұқтым. Осылайша Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне құжат тапсырып, 78 жасымда суретшілік мамандықты меңгеріп шықтым. Менің дипломдық жұмысым «Жерұйық» атты топтамам болды. Онда Алтай мен Атыраудың арасын жайлаған қазақ даласы майлы бояуда бедерленген. Мұнан өзге бұл жанрда сезім толқынысынан туған түрлі тақырыптағы туындыларым бар.

– Күрделі музыкалық шығарма­ларыңыздан өзге тұтас бір қоғамды әуезділігімен баураған «Еділ мен Жайық», «Жайлаукөл кеш­тері», «Әсе­лім» секілді әндерді қазақ тыңдар­мандары сағынды деп ойламайсыз ба?

– Музыка жазуды тоқтатқаным жоқ. Қазіргі уақытта да саз өнерінен алыстамай, ертеңгі буын білуге тиіс жайларды жеткізуді мақсатыма айналдырып, білген-түйген, зерттеп-зерделеген тақы­рыптарыммен айналысу­демын. Соң­ғы жаз­ған кітабым «Бір кезде Ақан едім аспандағы...» деп аталады. Ол кітапта Құлагерді Батыраш емес Барақбай өлтіргендігі, ал Балқадишаның сексен бестегі шалға емес, өз сүйгеніне қосыл­ғандығы айтылады. Бұл менің шығарғаным емес, Мағжан жазған. Мен соны жаңарттым.

– Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА.

03 маусым 2019 ж. 1 243 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930