Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Райымбек БӨЛЕБАЕВ, мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер: Жақсылық жасырын болуы керек

Райымбек БӨЛЕБАЕВ, мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер: Жақсылық жасырын болуы керек

Қайырымдылық – асыл қасиет. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біреу бар бола тұра қимайды, ал енді бірінің жағдайы «Жомарттың қолын жоқ байлайдыға» саяды. Қазалы ауданында мұқтаж жанға жәрдемдесіп, рухани демеу көрсетуді азаматтық парыз санайтындар да жоқ емес. Солардың бірі – Райымбек Бөлебаев. Ол аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер.
Кәсіпкерлікке 17 жасында келген Райымбек Болатбекұлы 2011 жылы «Сарым-Құрылыс» ЖШС мен «Сарым» ­шаруа қожалығын құрып, құрылыс және мал шаруашылығы саласында елеулі еңбек етуде. Кенттегі бірнеше көпқабатты тұрғын үйлерге жөндеп жұмыстарын жүргізіп, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, ардагерлерге көп көмегін тигізді. Жастарға деген жанашырлығы өз алдына бір төбе. «Жақсылық жасырын түрде болуы керек» деген ұстанымдағы кәсіпкермен кездесіп, сұхбаттасқан едік.
– Райымбек Болатбекұлы, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?
– Менің ата-анам Болатбек пен Мәриямкүл ауданда алғашқылардың бірі болып салы түйіп, күріш ақтаған жандар. Әкем өз қолымен шағын аппарат жасап, күн-түн демей еңбек етті. Әке-шешемізге барлығымыз қолғабыс ететінбіз. Бала кезімнен кәсіпкерліктің қыр-сырын көріп, біліп өстім. Іске епті, шаруға бейім болуымыз ата-анадан дарыған қасиет. Ағаларым Өмірбек пен Нұрбек те бүгінде белді кәсіпкерлер. Үлкен ағам Жұбандық та кәсіптен алыс болмады. Ол совхоздарды аралап, салы алып келетін. Алайда өмірден ерте озды. «Орнында бар оңалар» деген артында қалған жары Гүлшат пен балалары жеке кәсіпті жандандырып, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Өмірбек байырғы күріш ақтау кәсібін кеңейтсе, Нұрбек монша бизнесін жолға қойған. Ал мен өзіңіз білетіндей Райымбек «Сарым-құрылыс» ЖШС директорымын.
– Ең алғашқы табысыңыздың көлемі қанша еді?
– Бала кезден кәсіптің түр-түрімен айналыстым. Анамның қасында жүріп, базарда сауда-саттық жасадым. Ең алғашқы табысым да қолыма сол кезде тиген еді. Екі мың теңге тапқаныма мәз болып, үйге көңілді қайтушы едім. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деген сөздің астарын сол сәттен бастап ұғындым.
– Біраз қайырымдылық шараларының басы-қасында атыңыз аталады. Әсіресе спортшыларға бүйрегіңіз бұрып тұрады. Өзіңіз спортпен айналысасыз ба?
– Спорт жаныма өте жақын. Кезінде күреспен айналыстым. Қазірде үнемі болмағанымен дене шынықтыруға арнайы уақыт бөліп тұрамын. Екі ұлым да күреске қатысады. Нәтижелері де жаман емес. Жарыстардан жеңіспен оралып жүр.
– Адамның бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?
– Менің жанымдағы достарым, жақындарым жақсы біледі. Өтірікке жаным қас. Сөзі мен ісі бір-біріне сай адамды ұнатамын. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап, жұртқа өтірікші болатындар бар. «Арық сөйлеп, семіз шық» дейді ғой қазақ. «Өйтем-бүйтем» деп уәдені үйіп-төгіп, жеме-жемге келгенде «болмай қалды» дейтіндер ұнамайды.
– Қатты қиналған сәтіңіз болды ма? Құлазыған көңіліңізді не көтереді?
– Өмір болған соң қуаныш пен қиындық қатар жүреді. Кейде кәсібім жүрмей, шығынға соқтыратын жағдайлар болады. Ондайда «Шығын шықпай, кіріс кірмейді. Барға қанағат, бұйырғаны болады» деп ішкі қиналысымды жеңемін. Мен басыма іс түсті деп жан-жағының мазасын алатындардың қатарынан емеспін. Өзіме жүк салмауға тырысамын.
– Ана тіліңізден өзге тілді білмесеңіз ұяласыз ба?
– Мүлдем ұялмаймын. Бастысы – өз ана тілімді білемін, еркін сөйлеймін, ойымды да толық жеткізе аламын. Орыс тілін керемет білемін деп айта алмаймын. Нан сұрап жейтін орысшам бар. Бұған ешқашан қысылған емеспін. Керісінше өзге тілде сайрап, қазақ тілінде екі сөздің басын құрай алмай тұрған қазақтарды көргенде көңілім құлазиды.
– Жас кәсіпкерлер табысты болу үшін нені білу керек деп ойлайсыз?
– Әкем үнемі: «Бір істі бастадың ба, тастама. Түбінде жемісін береді» деп отырады. Қазір көп жастарда тұрақтылық жетіспейді. Бір істі бастайды да табысқа кенеле қоймадым деп, екіншісіне ауысып жатады. Оны да біршама уақыт әурелеп, маған қол болмады деп жарты жолда қалдырады. Одан ешқашан өрлеу, алға жылжу болмайды. Ең бастысы – тұрақтылық керек. Қиындықтарға төзіп, алған беттен таймайтын қайсарлық қажет.
– Сайлауалды бағдарламаңызда «Депутат болсам, жергілікті жас мамандарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етемін» деген едіңіз. Бұл уәдеңізді орындай алдыңыз ба?
– Жұмыссыздық жалғыз біздің ауданға емес, жалпы елімізге тән мәселе. Алайда онымен күресу басты міндеттеріміздің бірі. Бұл орайда түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Өзімнің жеке кәсіпкерлігіме екі жасты жұмысқа алдым. Осы мәселе төңірегінде тағы да шаруалар атқарып жатырмыз. Қолдан келгенше жастарды тұрақты жұмысқа орналастыруға атсалысамын.
– Бұдан бөлек, қоғам үшін пайдалы қандай істі қолға алу жоспарыңызда бар?
– Елдің ертеңі – жастар. Олар білімді әрі дені сау болса, мемлекетіміз гүлденері сөзсіз. Сондықтан мен жеткіншектердің сапалы білім алуы мен спортқа бейім болып өскендігін қалаймын. Осы орайда қаржылай қолдаудан бөлек олармен емен-жарқын тілдесу маңызды. Ойларын біліп, пікірлерімен санасып отырғанды құп көремін. Қолдан келгенше мұқтаж жанға қол ұшын созу азаматтық парызым деп білемін және оны атын атап, түсін түстеп жатуды әбестік санаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет, ісіңіз берекелі болсын.
Сұхбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 шілде 2022 ж. 1 154 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031